Еңбек министрлігі сұранысқа ие 550 мамандықтың тізімін жасайды
Еңбек министрлігі сұранысқа ие 550 мамандықтың тізімін жасайды
6 жыл бұрын 3011 Дәурен Ерболат

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілермен бірігіп, экономика саласындағы сұранысқа ие 550 мамандықтың тізімін жасамақ. Бұл туралы аталған ведомствоның басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министр қазақстандықтарды жаңа мамандықтарды меңгеруге дайын болу қажеттігін жеткізді.

Оның айтуынша, еңбек нарығындағы бұл процестер азаматтарға ауыр соқпас үшін қазірден бастап, кәсіптік білім беру жүйесін аталған процеске қарай ыңғайлай беру қажет.

Осы мақсатта енді еңбек нарығына қажетті 90 мыңнан астам жас азамат техникалық және кәсіби мамандықтар бойынша білім алады.

«Қазіргі таңда жұмыс берушілермен бірігіп, экономика саласында сұранысқа қажетті 550 мамандықтың тізімін жасап жатырмыз», - деді Мәдина Әбілқасымова алқа мәжілісінде.

Аталған мамандықтар тізімі бойынша 2020 жылға дейін кәсіби стандарттары жасалады. Онда мамандардың нақты қандай дағдыдарларды меңгеретіні және олардың құзыреттілігі көрсетіледі.

Қысқартылған қызметкерге жаңа жұмыс орындары ұсынылады

Өткен жылы қысқартуға ұшыраған қызметкерлерді қайта даярлау және жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында еліміздегі ірі кәсіпорындармен жол карталары әзірленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Жұмыста қысқарып қалған қызметкерлерді қайта даярлау және жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында 2017 жылы еліміздегі ірі кәсіпорындармен жол карталары әзірленді. 2018 жылдың алғашқы тоқсанында 600 жол картасын бекіту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 168 жол картасы бекітілді. Осыған байланысты әкімдікпен бірлесіп, бірінші тоқсан соңына дейін жол картасын бекіту керек және жұмыс күші босап қалуы мүмкін кәсіпорындарды анықтау бойынша тұрақты мониторинг ұйымдастыру қажет», - деді министр ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Осы орайда Мәдина Әбілқасымова еңбек күші ағынын басқару бойынша өңірлік штабтардың жұмысын жандандыру қажеттігін атап өтті.

0 пікір
Мұрағат