Елімізде ішкі ағзалардың донорлығы дамымай тұр
Елімізде ішкі ағзалардың донорлығы дамымай тұр
10 жыл бұрын 4322

Елімізде ішкі ағзалардың донорлығы дамымай тұр деп дәрігерлер дабыл қағуда. Ағза алмастыруға тізімге тіркеліп, ұзақ жыл күтетіндердің қарасы жыл сайын ұлғайып келеді. Тіпті, көпшілігі ауыр науқастан айықпаған күйі көз жұмады.

Бұл жайында да nur.kz ақпарат көзі 31 телеарнаға сілтеме жасай отырып,  хабар таратты.

Ағза алмастыру отасын жасайтын орталықтар мен білікті дәрігерлер қоғам тарапынан қолдау күтетіндерін жеткізді. Ағза алмастыру десе, үрке қарайтын қоғам үшін донорлық мәселесі дұрыс түсіндіру жұмыстары мен сауатты насихатты қажет етеді.

Көз жұмған адамның ішкі ағзалары бірнеше науқасқа өмір сыйлайтынын мамандар үнемі айтады. Алайда, марқұмның туыстары мұндай қадамға бара бермейді.

Ал, сау ағзаға мұқтаж жандар донор көмегін бірнеше жыл күтуіне тура келеді.

"Біздегі орташа статистика бойынша, 5-6 жыл күтуі мүмкін. Өйткені,  мүрдеден донорлық жасауға  біздің менталитетке байланысты, бәрі келісімін бере бермейді. Мысалы, бүйрегін алуға", - дейді Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың дәрігері Әкімжан Зайналов.

Ағза алмастыру мен басқа да күрделі оталарды жүзеге асырып жүрген Сызғанов орталығының дәрігерлері қазіргі уақытта Қазақстан халқының 70 пайызы өз ағзасын өзгеге беруге дайын дегенді айтты. Тек қазақ ұлтының өкілдері көп жағдайда донорлыққа қарсылық танытады екен.

"Негізінде, әрбір адам өзінің ағзасын басқа адамға беру арқылы соның денсаулығын, өмірін сақтап қалуға үлес қосқан өте үлкен сауапты іс болады. Демек, ислам діні адам ағзасын өзге адамға көмек ретінде беруді қолдайды.Тек, тиісті шарттарға сай келуі керек", - дейді  Алматы қаласы Медеу ауданының имамы Тілепберген Жәкиев. 

Ең бастысы, ағза сатылмайды. Донордың келісімі немесе көз жұмған жанның туыстарының рұқсаты болуы шарт. Бүгінде елімізде әр түрлі себептер мен факторларға байланысты көптеген адамдар трансплантацияны қажет етеді. Бірақ, өзгеге ағза беру мәселесі қоғам тарапынан дұрыс қолдау таппай отыр.

"Ағза алмастырудың ешқандай зияны жоқ. Керісінше, өмірі қыл үстінде тұрған, тек үмітпен жүрген жандарға қуаныш, бақыт сыйлайды", - дейді хирург-трансплантолог Ербол Шайхиев.

Жыл өткен сайын қоғамның трансплантацияға деген көзқарасы дұрысталып келеді. Түсіндіру жұмыстарын одан әрі жақсарту керек. Дәрігерлер, кенеттен көз жұмған жанның ағзалары кемінде 5-6 адамның өмірін сақтап қалады дейді.

Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстанда 1718 адам бүйрек, 66 адам жүрек, 565 жан бауыр алмастыруды күтіп отыр. Алайда, оларға қажетті ағзаның қашан табылатыны белгісіз. Өйткені, еліміздегі донор банкінде аса қажетті бұл ағзалар тапшы.

0 пікір
Мұрағат