Елімізде екпе алмаған балаларды балабақшаға кіргізуге тыйым салынбақ
Елімізде екпе алмаған балаларды балабақшаға кіргізуге тыйым салынбақ
1 ай бұрын 284

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстырды.

Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарға егілмеген балаларды кіргізуге тыйым салынбақ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ernur.kz порталы «Хабар 24» ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.

«Кодекс жобасы халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған нормаларды көздейді. Атап айтқанда: психикалық денсаулықты қорғау, психикаға белсенді әсер ететін заттармен, сондай-ақ, құмар ойындарға байланысты туындаған суицидтік мінез-құлықтың және қауіптің профилактикасы бойынша нормалар; білім беру және түсіндіру іс-шараларын өткізетін тәрбиеленушілер мен оқушылардың денсаулығын сақтауға ата-аналар мен педагогтарды тарту бойынша нормалар; жасөспірімдер мен жастарға құпия кешенді көмек беру жөніндегі нормалар регламенттелді», – деді ол Мәжілісте «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында.

Сондай-ақ, министрдің атап өтуінше, аурудың профилактикасына бағытталған жаңа ережелері көзделеді. Атап айтқанда, азаматтардың өз денсаулығына міндетті түрде қамқорлық жасауы, оның ішінде скринингтен міндетті өтуі және профилактикалық егулерді алуы, қоршаған ортаның халық денсаулығына әсерін, оның ішінде шу мен атмосфералық ауаның әсерін реттеу, мектепке дейінгі ұйымдарға егілмеген балаларды жіберуді шектеу қарастырылады.

«Азаматтардың, жұмыс берушілер мен мемлекеттің қоғамдық денсаулықты сақтауға, инфекциялық және инфекциялық емес жұқпалы аурулардың профилактикасына ортақ жауапкершілігі күшейтілді. Атап айтқанда: ведомствоаралық өзара іс-қимыл рөлі, үкіметтік емес ұйымдар рөлі нақтыланды; скринингтерден өту үшін міндетті әлеуметтік демалыстар беру белгіленді; жүргізуші құқығын алу кезінде алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту міндеті регламенттелген», – деді Е.Біртанов.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған түзетулерді қабылдау нәтижесінде суицидтік әрекеттер мен темекі өнімдерін, алкогольдік ішімдіктерді тұтыну санының төмендеуі күтіледі. Қоғамдық денсаулықты сақтау нығая түседі. Ұлт денсаулығы, оның ішінде жастардың репродуктивті денсаулығының профилактикасы арқылы нығайтылады. Азаматтардың өз денсаулығы үшін ортақ жауапкершілігі күшейе түседі. Қоршаған ортаның халық денсаулығына теріс әсерін тежеу қамтамасыз етіледі. Қызметкердің ерте кезеңінде ауруларының диагностикасы қамтамасыз етіледі. Жол-көлік апаты кезіндегі өлім төмендейді.

0 пікір
Мұрағат