Ел жаңалықтары: ШҚО тұрғыны туған ұлын шынжырлап ұстаған
Ел жаңалықтары: ШҚО тұрғыны туған ұлын шынжырлап ұстаған
9 жыл бұрын 3496

Шығыс Қазақстан обласының тұрғыны 12 жасар ұлын жертөледе шынжырлап ұстаған. Ер кісі ұлы тіл алмайтын болғасын осындай әрекетке баруына мәжбүр болғанын айтып ақталған. Бұл туралы NUR.KZ ақпарат көзі "Время" мерзімдік басылымына сіілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Азаматты әке болу құқығынан айырған сот оның бұл әрекетін заңға қайшы деп санамайды. Полиция қызметкерлеріне баланың жағдайы туралы оның тәтесі хабарлаған. Түндердің бірінде 12 жасар Сергей олардың есігін қаққан. Тәтесі есікті ашқанда өз көзіне сенбеген – баланың қансыраған мойнына үлкен шынжыр байланған екен. Сергей әкесінің өзін жиі шынжырлайтынын айтқан. Полиция қызметкерлері баланың әкесі Данил Кулешовтың үстінен бас бостандығынан заңсыз айыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Кәмелетке толмағандардың ісі бойынша комиссия аталмыш оқиғадан соң Кулешовті әке құқығынан айыруды талап еткен. Айыпталушы өз кінәсін мойындап отыр. Ол баласымен байланысты жамандықтың алдын алу мақсатында осындай қатал әрекетке баруға тура келгендігін айтқан.
Сергей үйден жиі қашатын және соңғы рет қашуға тырысқанда әкесі сыртта қатып қалады деген үреймен баласын шынжырлап койған-ды.
Ер кісі баланың тәрбиесімен бұрында анасы айналысатынын айтқан. Алайда бір жыл бұрын анасы қайтыс болып, Кулешов "вахталық тәсілмен жұмыста жүргендіктен балама бас-көз бола алмадым" деп отыр. Сергей, әкесінің айтуынша, өгей анасының сөзіне де құлақ аспаған екен. Дәрігерлер Сергейдің қиын бала болғанын растап отыр. Жеткіншек ұрлық пен қаңғыбастық үшін кәмелетке толмағандардың ісі бойынша айналысатын инспектордың тіркеуіне алынған. Кулешов балаға жасаған қатыгездігі үшін әке құқығынан айырылып, алимент төлеуге міндеттелді.
Баланы қатыгездікпен шынжырлағаны үшін айыпталушыға ешқандай жаза қолданылмады. Қылмыстық іс қылмыс құрамы табылмағаны үшін жабылды. Полиция қызметкерлері әкесінің мұндай іске мәжбүрліктен барғанына сеніп отыр. Алайда, бұлай қамауда ұстаудың заңға қайшы келмейтініне құқық қорғаушыларының күмәні бар.

 

Алматылықтар жөтелу этикасын үйренуде

Алматылықтар жөтелу этикасын үйреніп жатыр. Себебі, көпшілік жөтелгенде мәдениетсіздік танытып қана қоймай, қасындағыларға қауіп төндіреді.
Ал туберкулез сияқты қауіпті ауруларды жұқтырған кейбіреулер өзінің сырқат екенінен хабарсыз болуы да мүмкін. Мейірбикелер көшеге шығып, қала тұрғындарына дұрыс жөтелу мен туберкулезден сақтануды үйретті.
Егер жөтел қысса, шыт немесе сүлгімен ауызды жауып тұрған жөн. Ал егер олар болмаса, алақанға емес, қолды бүгіп, шынтақтың тұсына жөтелген дұрыс.
Дәрігерлер бірнеше сағат ішінде 200-ден астам азаматқа осы әдістерді үйретті. Бұдан бөлек, флюорографияға түсіп, тегін тексерілуге де мүмкіндік болды.
Жалпы, дәрігерлердің айтуынша, Алматыда құрт ауруына шалдыққандар саны жыл сайын азайып келеді екен.

 

Елімізде қылмыс деңгейі 75%-ға артқан

Қылмыстық іс санаттарына, сонымен қатар, компьютер мен медицина салаларындағы қылмыстар да кіріп отыр. Бұл жайында «31 телеарнасы» хабар таратты. Өткен екі айдың нәтижесіне қарағанда құқық бұзу оқиғалары өткен жылдың осы аралықтағы көрсеткішімен салыстырғанда 75%-ға артқан екен. Бұл мәлімет Бас прокуратураның жанындағы құқықтық статистка комитетінде айтылды. Алайда, ондағылардың айтуынша, қылмыстың күрт артуына қылмыстық ахуалдың нашарлауы емес, жаңа қылмыстық кодекстің қолданысқа енгізілуі себеп болған. Бір ғана Қарағанды облысында 6,5 мыңнан аса құқық бұзу оқиғасы орын алған. Ауыр емес қылмыстық оқиғалар көбейген. Алматы, содан кейін Павлодар және Қостанай қалаларында қылмыс өршіп тұр. 

 

Алаяқтарға алданып қалмаңыз
Ел жаңалықтары: Алаяқтарға алданып қалмаңыз
 

Алматы қаласындағы хайуанаттар бағының әкімшілігі ғаламтор пайдаланушыларына алаяқтардан алданып қалмауды ескертті. Тарқатып айтқанда, алаяқтар әлеуметтік желілерде жануарларға азық жетіспейтінін мәлімдеп, хайуанаттар бағының шотына қаражат аударуды сұраған. Олардың айтуынша, хайуанаттар бағы қиын шақты бастан өткеруде, оларға азық алып беретін қаражат жетіспегендіктен жануарлардың үштен бір бөлігін сатуға мәжбүр болып отырғандарын хабарлаған. Сондай-ақ, олар қаражат аударғысы келетіндер үшін виртуалды әмиянның нөмірін де қосы жариялаған.

 

Десантшылар 60 шақырымдық жолды жаяу жүріп өтті

Алматы облысында қапшағайлық десантшылар 10 сағатта 60 шақырымды жаяу жүріп өткен. Таң сәріде 32363 әскери бөлімі десанттық-шабуылдау батальонының ұлан капитаны Ерік Айдаровтың басшылығымен бригада алға жылжыды. Ал кешке 60 километрді жаяу бағындырған әскери қызметшілер тұрақты орнына қайтып оралды. 

Қашықтықты бағындыруда сарбаздар қосымша жүктермен, яғни бронекеудешелер, зат қапшықтар, дулығалар, автоматтармен толық жабдықталды. Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес Аэроұтқыр әскерлерінің десанттық-шабуылдау бөлімшесі көп километрлі шеруді ай сайын жасауы тиіс.

- Осындай шерулер төзімділікті шыңдау, мінезді ширату және тұлғаның сымбатын арттыру мақсатында өткізіледі. Аталмыш жағдайда сарбаздың ұжымдық, әскери бауырластық сезімдері, өз кәсібіне және Аэроұтқыр әскерлеріне деген мақтанышы арта түседі. Десантшылар өз міндеттерін үздік атқарды, ешкім қашықтықтан қалыс қалмай, бірыңғай сапта келді, – деп атап өтті десанттық-шабуыл бригадасы командирінің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары майор Талғат Өзехан. 

0 пікір
Мұрағат