Ел жаңалықтары: "Қазақ хандығы" сериалына кастинг жарияланды
Ел жаңалықтары: "Қазақ хандығы" сериалына кастинг жарияланды
2 жыл бұрын 1301
Бөлке нанның ішінен шүберек шықты

Жанар Іргебаева есімді Қарағанды қаласының тұрғыны дүкеннен сатып алған бөлке нанның арасынан мұрын сүртетін кір орамалдың шыққанын айтты. Мұны көрген балалардың тамаққа тәбеті жоғалған. Ол бұл нанды тұтынушылар құқығын қорғайтын басқармаға апарып көрсетпек. «Қай наубайханада пісірілгенін білмеймін. Сол себепті, дүкен үстінен шағымданамын. Мен санитарлық-тазалық талаптарын сақтамай өнім шығарғанды жауапкершілікке тартуға бел будым»,- деді ол.

 

"Қазақ хандығы" сериалына кастинг жарияланды

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығына байланысты тарихи-драмалық телесериал көрерменге ұсынылады. Басында 20 сериал болады деп жоспарланса, кейіннен 10 сериал болып бекітілді. Ал, 10 сериалы жұмыс режиссер Рүстем Әбдірашевке сеніп тапсырылды.
«Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Рүстем Әбдірашевтың жұмыс атауы «Қазақ хандығы» атты тарихи-драмалық телевизиялық сериалдың түсіріліміне қатысуға кастинг жариялайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі хабарлайды.
Кастингке сыртқы келбеті азиялық типке жататын, спорттық дене бітімі бар, бойы 170 см кем емес, 17 және 45 жас аралығындағы ер адамдар қатыса алады.
Сонымен қатар сериал түсіріліміне 17 мен 60 жас аралығындағы ер және әйел адамдар қажет.
Үміткерлердің актерлік жұмыс тәжірибесі болғаны абзал, сондай-ақ, кастингтің міндетті шарты - қазақ тілін меңгеріп, атпен салт жүре білулері қажет.
Іріктеуге қатысам деушілер өз фотосуреттері мен сауалнамаларын kaz.hanstvo@mail.ru электрондық поштасына жібере алады.
Фотосуреттерге қойылатын шарттар: бет-әлпетінің анфас және профильде түсірілген орта және ірі пландағы суреті, бойының суреті.
Сауалнамада аты-жөні, тегі, туылған жылы, бойының көлемі, салмағы, байланыс телефондары көрсетілуі тиіс.
Құжаттарды келесі мекен-жай бойынша жіберуге де болады: Алматық., Әл-Фараби көш., 176, «Қазақфильм» киностудиясы, 272-ші каб.
«Сталинге сыйлық», «Құрақ көрпе», «Елбасы жолы» (киноэпопея) фильмдерінің режиссері Рүстем Әбдірашев Қазақ хандығы туралы он сериялы көркем фильмді түсіреді.
Бұған дейін Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы фильм алғашқы жоспарлағаннан екі есеге, яғни 10 серияға дейін қысқарғанын, фильм Жәнібек пен Керей билігі заманынан бастап Кенесары ханға дейінгі кезеңді қамтитынын айтқан. Бұдан өзге, кино түсіруге АҚШ пен Қытай кинокомпаниялары кеңесші ретінде шақырылатыны хабарланған. Фильмді 2015 жылдың соңына дейін экранға шығару жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, көп сериялы тарихи туындының сценариін жазуға белгілі жазушы Смағұл Елубаев пен Тимур Жақсылықовтың шақырылғанын жақсы білесіздер. Консультант ретінде «Шыңғыс хан» фильмінің сценариін жазған маман да шақырылады.
Жалпы, Қазақстанда ең бірінші рет осындай ауқымды тарихи сериал қолға алынып отыр. Үлкен жауапкершілік пен ел тарихын қамтитын картина көпшіліктің көңілінен шығу үшін сапалы түсірілім жұмыстарын талап етеді.

 

Қызылшаға қарсы иммундау мамыр айына дейін тоқтатылды

Қызылшаға қарсы қосымша иммундауды тоқтата тұру мерзімі 4 мамырға дейін ұзартылды, деп хабарлады Аlmaty.tv тілшісі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
«Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшиннің қаулысымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы вакцина сапасының сараптама нәтижелерін алып, иммундаудан кейінгі қолайсыздықтың туындау себептері зерделегенше және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының қорытындысын алғанға дейін, яғни 4 мамырға дейін иммундау науқаны тоқтатылды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Естеріңізге салайық, 2015 жылдың 19 ақпанында елімізде 15-19 жастағы тұрғындарды қызылшаға қарсы қосымша иммундаудан кейін қолайсыз белгілердің (ИКҚБ) тіркелуіне байланысты иммундау уақытша тоқтатылған болатын.

 

2020 жылы Қазақстанда энергия көлемі 25%-ға үнемделеді

2020 жылға қарай Қазақстанда тұтынылатын энергия көлемі 25 пайызға үнемделеді. Бұл жайында nur.kz ақпаарат көзі Астана телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Елімізде "Энергия тиімді Қазақстан" акциясы бастау алды. Энергияны жаппай үнемдеуге көшу үшін алдағы 5 жылда 3270 жоспар іске аспақ. Оның ішінде, энергияның 30 пайызын тұтынатын ірі кәсіпорындарда аудит жүргізіледі. Жауапты мекеме тау-кен химия өнеркәсібіндегі 100 кәсіпорынмен осы бағытта жұмысты бастап кетті.
Жыл соңына дейін бұл нысандарда энергоаудит аяқталады. Сондай-ақ, Қазақстанда 160 мыңнан астам көп пәтерлі үй және 22 мың әлеуметтік нысан бар. Бүгінде олардың тек үштен бірі ғана жылу үнемдегіш аспаптармен қамтылған.
Егер автоматты жылу бекеттері орнатылса, 30 пайызға дейін энергия үнемдеуге болады.
"Қазір наурыз айының басынан бастап далада күн жыли бастайды, ал бірақ, беріліп отырған жылудың температурасы -20 градусқа арналған осы кезде біз үйдің, жұмыстың, мектептің іші ыстық болғандықтан терезе ашамыз. Келіп отырған жылуға ақша төлейміз, ақша далаға кетеді, осы бекетті орнатқанда бізге 30%-ға энергия үнемдеуге мүмкіндік бар", - дейді ТКШ Құрылыс ұлттық палатасы басқармасының төрағасы Төлеутай Рахымбеков.

 

Нөмірді өзгертпей, басқа ұялы байланыс операторына ауысу тегін болмақ

Наурыз айынан бастап Инвестиция және даму министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірігіп нөмірлерді ауыстыру қызметін тестілеуді бастайды. Бұл туралы Инвестиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
"Қазір операторлар нөмірді ауыстыру бойынша қызметті енгізу үшін өз желілері мен қондырғыларын дайындау жұмыстарын аяқтағалы жатыр. Біздің тараптан техникалық жұмыстар аяқталғандықтан, осыдан кейін бірден тестілеу шараларын бастаймыз. Мәжіліс қарауында жатқан "Байланыс туралы" Заңға енгізілген түзетулер күшіне енген соң абоненттер қызметті пайдалана алады", - деді Жұмағалиев.
Абоненттің бір оператордан екіншісіне өтуін қамтамасыз ететін механизмді түсіндірген вице-министр аталған қызмет тегін болатынын айтты. Ол үшін қызметін пайдаланғысы келетін операторға тиісті өтініш жазуы керек.
Сондай-ақ, ол абонент операторын ауыстырғанда бұрынғы нөмірін, соның ішінде 701, 705, 708 және т.б префикстерін де сақтап қалатынын мәлім етті.
Осылайша, бұл технологияны енгізген соң, телефон нөмірі бойынша оның операторын біле алмайтын боламыз. Асқар Жұмағалиев қызметтің қосылуы операторлар арасындағы бәсекелестікті арттыратынына сенімді.
"Бұл жобаны бастағанда басты мақсатымыз осы болған еді. Оператор оның абоненті кез келген уақытта өзге операторға ауысып кететінін білгендіктен, ол бірінші кезекте өз қызметінің сапасы, жаңа әрі пайдалы тарифті жоспарлар жайлы ойланатын болады", - деді вице-министр.
"Қызмет қосылған өзге елдерді үлгіге алып, операторлар тарифтік жоспарларға көп көңіл бөлетін болады. Олар абоненттеріне пайдалы бағамен белгіленген пакетті сатып алуға, сонымен бірге қызметті пайдалану бойынша көпмерзімдік шарт жасасу талабымен мобильді гаджеттерді үлкен жеңілдікпен сатып алуын ұсынуы мүмкін", - деп есептейді Жұмағалиев.
Министрдің пайымынша, интерконнект мөлшерлемесінің (ставкасының) биыл 8 теңгеге дейін, келесі жылы 5 теңгеге дейін төмендеуі жаңа, әлдеқайда тиімді тарифті жоспарларының пайда болуына септігін тигізеді.
Еске сала кетейік, елбасының мобильді байланыс қызметінің сапасын арттырып, құнын төмендету бойынша тапсырмасы аясында 2013 жылдан MNP қызметін енгізу басталды. Көптеген елдерде, солардың ішінде Ресейде аталған қызмет ақылы. Ал Қазақстанда ол тегін болмақ. 

1 пікір