Ел жаңалықтары: Оралда ұшқышсыз ұшатын аппарат жасалмақ (фото)
Ел жаңалықтары: Оралда ұшқышсыз ұшатын аппарат жасалмақ (фото)
9 жыл бұрын 4305

Қазақстандық дәрігерлер онкологиялық аурулардың көбеюінің себебін түсіндірді

Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққандардың саны 150 мыңнан асып кетті. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Бұл туралы президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуаныш Нұрғазиев мәлім етті.

"2012 жылдың қаңтар айында елбасы өз жолдауында онкология саласын дамытуға зор көңіл бөлді. Өйткені, халықтың өлім-жітімі себептерінің арасында онкологиялық аурулар екінші орында тұр. Одан кейін Үкімет қаулы қабылдап, мемлекеттік бағдарлама әзірледі. 2012 жылдың 29 наурызында қабылданған бағдарлама бес жылға арналған. Онда 69 шараны жүзеге асыруға 211 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта сол бағдарламаның үшінші жылы аяқталуда", - деді ол.

Еліміздің бас онкологының сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққандардың саны 150 мыңнан асып отыр.

"Жыл сайын елімізде онкологиялық ауруларға шалдыққандардың қатары артып келеді. Себебі, халықтың орта жасы өсу үстінде. Адамның орта жасы өссе, онкологиялық аурулар көбейе береді. Дегенмен, қазіргі уақытта онкологиялық аурулардан шетінеу көрсеткіші төмендеп келеді", - деді Нұрғазиев.

Оның атап өтуінше, мәселен, 100 мың адамға шаққанда онкологиялық аурулардан қаза болғандар саны 99,4 болса, қазір 94-ке төмендетілген.

 

Оралда ұшқышсыз ұшатын аппарат жасалмақ (фото)

Baq.kz порталының ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда Оралда ұшқышсыз ұшатын аппарат таныстырылды. Оны «Омега» прибор жасау зауыты базасында өнеркәсіптік негізде биыл бастап шығару көзделуде. 

Кешен Мәскеу облысы Егорьевск қаласындағы «Қолданбалы электродинамика ғылыми орталығы» ААҚ-да жасалған. Аталмыш аппаратты қорғаныстық мақсаттан басқа қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, аэросуретке түсіру, құбырларды, егістерді, ормандарды қарау, ІІМ қажеттеріне пайдалануға болады. Кешен Қазақстанда да, мәселен, Протон-М ракета тасымалдағышыны құлаған ауданында қолданылған.

 

Бас конструктор, техника ғылымдарының кандидаты Артем Силкиннің сөзіне қарағанда, мұнда адамның қызметі пульттің көмегімен басқарып, бақылау ғана. Қашықтықтан басқарылатын аппараттың бортында оның қайда кетіп бара жатқан бағыты мен ұшу жағдайын бақылайтын есептегіш бар. Пульттен бортқа бағыт пен ұшу тапсырмалары беріледі. Ол ұшу қондырғысынан көтерілген кезде 50-100 метрдей, қонғанда 100-150 метрдей бос кеңістік болуы керек. Асфальтқа да қона алады. Салмағы 20-25 кг аппараттың ұшу қашықтығы 1 мың шақырымға дейін жетеді. Ұзақтығы қойылған міндетке байланысты 5-10 сағатқа созылады. 5 мың метр биіктікке дейін көтеріле алатын аппараттың ұшу жылдамдығы - сағатына 100 км, кейде 160-қа дейін жетеді. АИ-95 бензинімен жұмыс жасайтын оған салмағы 5 келіден аспайтын бейне, фотокамералар, газоанализаторлар, ауа жинайтын аспираторларды орнатуға болады. Секундына 20 метрге дейін жел тұрған кезде, қар мен жаңбыр жауғанда да ұша алады. Алайда мұндай жағдайда суретке түсіре алмайды. Бұл - сериялық өнім. Алғаш 2001 жылдың тамызында ұшырылған. Содан бері бұл аппараттар аз ұшқан жоқ.

Мамандардың пікірінше, аумақты бақылаған кезде аппарат экономикалық жағынан да тиімді. Мәселен, тікұшақпен бір сағат ұшуға ресейлік есеппен 320 мың рубль жұмсалса, бұл қаржыға аталмыш қондырғы 10 сағатқа дейін қалықтай алады.

«Мир Масел» ЖШС директоры Абай Рысқалиевтің айтуынша, Қазақстан ұшқышсыз авиацияны дамыту жөнінде 2006 жылдан ниет білдірген. Өткен жылы Қазақстан мен Ресей елдері басшыларының қатысуымен Атырауда өткен форум барысында кешен мүмкіндіктері таныстырылды. Бұған еліміздің мұнай өндіруші компаниялары қызығушылық білдірді. Сөйтіп аппаратты елімізде шығаруға жол ашылып отыр. Өткен жылдың желтоқсанында «Мир Масел» ЖШС мен «Омега» прибор жасау зауыты арасында кәсіпорын базасында аппаратты құрастыру бағытында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылып, сервистік орталық ұйымдастырылды. Композициялық материалдар мен электроника Ресейден әкелінсе, қазақстандықтар оны құрастырып, жинайды. Жоба бойынша бастапқыда жергілікті үлес 20-30 пайыз төңірегінде болмақ, уақыт өте бұл көрсеткіш еселенеді. Мамандар даярлауға да Егорьевск азаматтық авиация колледжімен келісім жасалды. Аппараттың, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласы, шекара қызметінде және төтенше жағдайлардың алдын алуда тиімділігі жоғары. Тіпті адам аяғы жете алмайтын жерлерге де әуеде қалықтап бара алады.

Айта кетейік, ұшқышсыз аппараттарды сериялы түрде өндіру ісі Ресей, АҚШ және Израильде жолға қойылған. Бәрі ойдағыдай болса, Қазақстан мұндай аппарат шығаратын төртінші ел атанбақ.  

 

Қостанайлық өнертапқыш желден қуат өндірмек

Baq.kz ақпарат көзінің 24.kz телеарнасына сілтеме жасай отырып, таратқан хабарына қарағанда желден қуат өндіріп, бір отбасының электр энергиясына деген тәуелділігінен арылуға болады.

Қостанай облысы Сарыкөл ауданында тұратын кәсіпкер мұны іс жүзінде дәлелдемек. Виктор Силкин бұл қадамға әуелде мәжбүрліктен барғанын жасырмайды. Қазір ол ауласына орнатқан құрылғы арқылы күніне 3 киловаттқа дейін электр энергиясын алады. Бұл бір үйдің қажетін толық өтейді. Өнертапқыш осы бастамасы үшін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз 2 млн теңгенің грантын ұтып алды. Кәсіпкер енді желден қуат өндіретін құрылғы жасау ісін жолға қоймақ. Алдағы айларда цех ашуды жоспарлап отыр. Құрылғының бағасы 100-200 мың теңге аралығында болмақ.

Виктор Силкин, кәсіпкер: 

- Бір жонатын станок сатып алдым, бизнес жоспар бойынша екіншісін өзім құрап шықтым. Ендігі кезекте шикізат алдыртып, желден қуат өндіретін құрылғыларды жинай бастаймын. Ары қарай іс алға жүре бермек. Қазір адамдар қызығушылық білдіруде. Сатып алуға дайын.

0 пікір
Мұрағат