Ел жаңалықтары: Халқымыздың саны 17,43 ммлн адамға дейін өсті
Ел жаңалықтары: Халқымыздың саны 17,43 ммлн адамға дейін өсті
2 жыл бұрын 766

 

Қазақстан Республикасы халқының саны 2015 жылдың ақпан айының 1-дегі есеп бойынша 17 млн 439,3 адамды құраған. Яғни, жыл басынан бері 0,1 пайызға артқан екен. Бұл жайында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика жөніндегі комитеті хабарлады. Статистикалық мәлімет бойынша еліміздегі қалалық жерлерде тұратын халықтың саны 0,2%-ға, яғни, 9 млн 646,3 мың адамға артқан. Ал ауылдық жердегілер – 0,1%, 7 млн 793 мың адамдыы құраған. Оңтүстік Қазақстан облысында 2015 жылдың бас кезінен бері 0,2%-ға, 2,794 млн адамға, Алматы облысында – 0,1%-ға, 2,018 млн адамға, Маңғыстау облыысында – 0,3%-ға, 608,7 мың адамға, Жамбыл обл.– 0,1%, 1,1 ммлн адамға, Ақтөбе обл.– 0,1%-ға, 823,7 мың адамға, Қызылорда обл.– 0,1%-ға, 754,3 мың адамға, Атырау обл.– 0,2%-ға, 582,6 мың адамға, Қарағанды обл.– 0,05%-ға, 1,379 млн адамға артқан екен. Ал Алматы қаласының тұрғындары 0,3%-ға, нақты санмен өрнектесек, 1,552 млн адамға, ал Астанада – 0,3%-ға, 855,3 мың адамға артқан. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысында үстіміздегі жылдың бас кезінен бері халық саны 0,02%-ға, яғни, 571,5 мың адамға кеміген. Айта кетейік, бұл аймақ еліміздегі халық саны шапшаң кеміп бара жатқан әрі халық саны аз өңір болып табылады.

 

Алматыда балаларын мектепке жібермейтін ата-аналар көбейді

Алматыда баласын түнекке қамағысы келетіндер көбейді. Олар тіпті әлеуметтік желіде арнайы топ құрып, өзге ата-аналарды балаларын үйде оқытуға шақыруда. Бұл жайында nur.kz ақпарат көзі хабар таратты.
Қоғамда тың көзқарас қалыптастырғысы келетіндер саны осы күні 300-ге жеткен. Балаларының ел қатарлы мектепте білім алуларына үзілді-кесілді қарсы ата-ананың бірі – Арман Барақаев. Қырық жастағы азамат өзінің 13 пен 11-ге келген перзенттеріне мектепте тек 1-ші сыныпты ғана оқытыпты. Қазір жеткіншектер үйден шықпай, қашықтықтан оқыту арқылы Ресейдің Санкт-Петербор қаласының бір мектебінен білім алуда. Емтиханды ғаламтор арқылы тапсырып, тиісті бағаларын алады екен. Үйдің отағасы бұл әрекетін былай түсіндіреді. "Мен әрбір ата-ананың өз баласын қалай тәрбиелеуге және қалай оқытуға таңдау құқығы болуы керек деп есептеймін. Жалпы қоғамда ештеңеге шектеу болмау керек, біз таңдау жасауға құқылымыз. Мен балаларымның мектепте өздеріне қызық емес, әрі аса қажеттілігі жоқ пәндермен уақыт жоғалтып, бас қатырғанын қаламаймын. Оның есесіне, олар уақытын тиімді жұмсап, өзіне пайдалы пәндерді терең үңіліп оқыса деймін", - деді Арман Барақаев.
Арман сынды ата-аналардың мұндай әрекетін психологтар да құптап отыр. Мамандар баланы үйден оқытуда, оның мінезіне қарай жақсы тіл табыса алатын мұғалім таңдауға мүмкіндік болатынын айтады. Әрі, баланың психикалық қабілетіне қарай жасалған жеке кестемен оқу тиімді екенін айтады.
"Қазіргі миының тек оң жақ бөлігі жақсы дамыған балалар көп туылуда. Яғни, олар ән, би, сурет сынды шығармашылық сабақтарды жақсы қабылдайды. Ал, есеп-қисапты жете түсініңкіремейді. Сондықтан, осы тұрғыда балаларға үйден оқытқанның да пайдасы бар", - деді психолог Наталья Давыдовская.
Десе де, заңгерлер баласын мектепке жібермеген ата-ананың қылығын құптамайды. Айтуларынша, бұл баланың құқығын таптау болып есептеледі. Бұдан бөлек, үйде оқитын балалардың білім алуына еш кедергі болмауы әрі санитарлық жағынан бар жағдайы жасалған болуы керек.
"Қашықтықтан оқыту мектеп оқушыларына арналмаған. Яғни, кез келген ата-ана баласының үлгерімі жайлы табельді көрсетіп, құжат жинап "міне, мен баламды қашықтықтан оқытамын" деп арыз тастай алмайды. Бұл заңға қайшы. Үйден, білім алуға тек мүмкіндігі шектеулі балалар ғана құқылы", - деді заңгер Жангелді Сүлейменов.
Айта кетсек, Алматыда 77 306 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Ол балалардың жартысы арнайы интернаттан білім алса, 295 мың юала үйден оқиды екен.
"Қазіргі уақытта Алматыда 77 306 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың шамамен 33 мыңы мүгедек бала. Бұл балалар жалпы білім беретін мектептен, сондай-ақ, арнайы интернаттан да оқытылады", - деді Алматы қаласы Білім басқармасының бас маманы Сәуле Мұқахожаева.
Кез келген бала замандастары сынды мектептен білім алғысы келеді. Әсіресе, үйде жатып білім алуға мәжбүрлі мүмкіндігі шектеулі балалар, мектеп қабырғасында көп балалармен қатар оқуды арман етеді. Ал бүлдіршіндерін мектептен үзген ата-аналарға құзырлы орган қандай шара қолданары әлі белгісіз.

 

Алматы тұрғыны тоғызқұмалақ пен домбыраның электронды нұсқасын жасады

Тоғызқұмалақты енді телефон ұстаған әр адам ойнай алады. Алматылық өнертапқыш бұл ойынның жаңаша электрондық нұсқасын құрастырып шығарды. Енді тоғызқұмалақ ойнау үшін ағаш тақта іздеп жатудың қажеті жоқ. Нұржан Төлегенов ойынның мобильді нұсқасын жасауға 2 ай уақытын жұмсаған.

Құмар ойындардан гөрі осындай ұлттық ойындарға ден қойғысы келген ол алдымен осы тоғызқұмалаққа тоқтапты. Жалпы тоғызқұмалақтың компьютерге арналған нұсқасы бұрыннан бар. Ал бұл жолы ойын ұялы телефонға шақтап жасалған. Оны жекелей де, екі адам болып та, тіпті, ғаламтор арқылы басқа біреумен де ойнауға болады.
Нұржанның тағы бір электрондық туындысы - домбыра. Ұлттық аспапты үйренем дегендер енді телефон арқылы да талаптанып көрсе болады.
"Негізінен оқушыларға арналған үйрену құралы. Себебі, мектеп жасындағылар көбіне әртүрлі компьютерлік ойындарға құмар. Оның орнына өзіміздің ұлттық ойындарға көңіл бөлсе деймін", - дейді құрастырушы Нұржан Төлегенов.
Өнертапқыш алдағы уақытта басқа да ұлттық ойындардың электрондық нұсқаларын құрастыру ойында бар екенін жеткізді.
Ал Сырдың жас программисі тоғызқұмалақтың электронды нұсқасын ойлап тапты. Енді кез-келген компьютер пайдаланушы ұлттық ойынды 3D форматында еркін ойнай алады.
Бағлан Төлеубай дарынды балаларға арналған №4 мектептің 11 сынып оқушысы. "Жастар компьютер мен телефонға үңілген заманда тоғызқұмалақтың электронды нұсқасын шығару қажет" деп таптым дейді ол. Ал ғаламтор арқылы танысқан шетелдік құрдастары қазақтың төл ойынын ойнағысы келетінін айтыпты. Осыған орай қазір Бағлан тоғызқұмалақты басқа да тілдерде сөйлетуді жоспарлап отыр.
"Әр түрлі ұлттың адамдары маған осындай жасап берші деп ұсыныс айтқан болатын. Өйткені, осы тоғызқұмалақ ойынына үлкен қызығушылық танытты. Алдағы уақытта бұл жоспарда бар. Және де ол жасалады", - дейді оқушы.
Тоғызқұмалақ - тұнып тұрған математика. Жұп сандар мен тақ сандардың тартысы. Ұлттық ойын есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруге, жылдам ойлауға ықпал етеді. Инновациялық идеяны жас дарынның жанындағы достары да ерекше қабылдап отыр.

Электронды ойынның авторы алдағы уақытта анимациялық студия ашып, қазақ ертегілері мен аңыздарын да әлемге паш етуді мақсат етіп отыр. Бағланның тағы бір бастамасы өзі оқитын білім ошағының виртуалды көшірмесін жасау.

0 пікір