Ел жаңалықтары: Аралда ауланған балық Еуропада сатылуда
Ел жаңалықтары: Аралда ауланған балық Еуропада сатылуда
9 жыл бұрын 3637
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Қытайдан керуен келе жатыр

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 2014 жылдың қыркүйегінде Қытай Халық Республикасынан 130-дан астам түйе, 10 ат арба, 100-ден астам адамы бар керуен Жамбыл облысына қарай бет алған. Керуен осы жылдың 18 қыркүйегінде Таразға жетеді деп жоспарлануда. Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мәлім етті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

 «Жалпы, Қазақ хандығының 550 жылдығын Жамбыл облысында атап өту туралы тапсырмаларға сәйкес, 17-18 қыркүйек күндері басты іс-шараларды өткізу жоспарлануда. 17 қыркүйек күні мерейтойлық іс-шаралар «Қазақ хандығының құрылуы және тарихы» атты арнайы шығармашалық кітаптарының тұсаукесерімен басталады. Мәңгілік ел идеясының аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы, облыстардың мерекелік концерттік бағдарламалары да осы күні өтеді. Сонымен қатар, жазушы Қалихан Ысқақтың «Қазақтар» атты тарихи драмалық қойылымы өтеді»,-деген әкім орынбасары 18 қыркүйектің іс-шаралары көне археологиялық саябақтың ашылуымен басталатынын жеткізді.

«18 қыркүйек күні көне Тараз археологиялық паркі мен ежелгі Тараз музейі, Қазақ хандығы мемориалды монументінің салтанатты ашылу рәсімдері өтеді. Этноқалашықта театрландырылған шеру ұйымдастырылады. Театрландырылған шеруге Қытай Халық Республикасынан 2014 жылдың қыркүйегінде шыққан Ұлы Жібек жолындағы мәдениет керуені келеді. Осылайша 136 түйе, 10 ат арба, 25 автокөлік және жүзден аса керуеншіні тосып аламыз»,-деді әкім орынбасары.

 

БҚО-да құлпытас зерттеушілері бас қосты

Құлпытас – қазақтың төлқұжаты іспеттес. Қайтыс болған адамның аты-жөні, қай жылы туғаны, неше жаста қайтыс болғандығы, қай ру, белгі қойған кімдер екендігі көрсетіледі. Тіпті, кейбірінде қайдан білім алғандығы, ұстазы кім болғандығы туралы да мәлімет болатынын ескерсек, бұл тарихты зерттеуге таптырмас мағлұмат болары анық. Шетел мұрағаттарындағы құжаттарды әкелуге қыруар қаржы қажет деп жүргенде, көз алдымыздағы тасқа жазылған тарихымызды қағазға түсірмесек, ұрпағымыздың алдында не деп жауап береміз? Араб әліпбиімен жазылған құлпытастардың дені XVIII-ХХ ғасыр аралығын құрайды. Батыс Қазақстан облысы аумағындағы сондай құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша ғалымдардың, билік өкілдерінің, дін қызметкерлерінің, өлкетанушылардың тұңғыш рет басқосуы өтті.

Құлпытастарды қорғау, зерттеу мәселесін «Нұр Отан» партиясы БҚО филиалының «Мирас» қоғамдық кеңесі көтеріп, бастаманы «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратынан қолдау тауып, жобаны жүзеге асыру үшін тиісті орындарға тапсырма берілген болатын.

Бүгінде Батыс Қазақстан облысының барлық ауданында көне қорымдар мен құлпытастарды зерттеу бойынша жұмыс тобын құрылып, оның құрамына әр ауылдық округтен ескілікті әңгімелерді білетін шежіре қариялар, орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері, жастар белсенділері, араб жазуын оқи алатын мешіт имамдары, басқа да ықыласты тұлғалар қосылды. Негізгі мақсат – облыс аумағындағы араб жазулы құлпытастардың саны мен сапасын түгел анықтап, қаттап, мәтінін аударып, ғылыми айналымға енгізу, жинақтарға жариялау. Аудандардан келген осы топ мүшелері және облыс орталығындағы мамандар, тарихшылар мен ғалымдардың қатысуымен өткен бұл басқосуда болашақ жұмыс жоспары жасалып, топ мүшелеріне нақты нұсқаулық, бағдарлама берілді. Кезең-кезең жұмыстардың мерзімі де белгіленді.

Отарлау саясатының кесірінен тарихта елеулі орны бар тұлғалардың есімдері жадымыздан өшіріліп, жерленген жерін білмейтін халге душар болдық. Олқылықтың орны енді толуда. Елдің қамын жеген хан, би, батыр, әулие, ғұламалардың жатқан жерін қарайтып, болашақта туризм нысанына айналса да ұтылмас едік. Сондай-ақ құлпытастар тарихтағы біраз дауларға нүкте қоятын сол заманнан тікелей жеткен айғақ дерек. Аталмыш облыста құлпытастарды зерттеудің нәтижесінде біршама тарихи жаңалық ашылып, бұрын жазылған тарихқа біраз түзету енгізілуде. 
- Құлпытас мұрағат деректерін толықтыра түседі. Мәселен, Бөкейдің ұлы Жәңгір ханды әр жерде әртүрлі: бірде 1801 жылы, бірде 1804 жылы дүниеге келген деп жазылып жүр. Жаңақала ауданының бас имамы Мұратбек қажы Жахатов Жәңгір ханның құлпытасынан «1845 жылы 42 жасында опат болды» деп жазылғанын оқыды. Ол Жәңгірдің 1803 жылы туылғанын хижра жыл санауын талдай отырып дәлелдеді. Бұған дейін тарихшылар Қарабай төренің қызы, Бөкей ханның әйелі Атан ханымның Жәңгірді 14 жаста деп көрсеткен бір хатынан есептеп, соны негізге алып келген болатын. И.Казанцев «Описание киргиз-кайсак»(1867) жазбасында: «1845 жылы 11 тамызда, кешкі сағат алты жарымда, Торғын өзенінің бойында Жәңгір хан 42 жасында қайтыс болды» деп жазады. Бұл Мұратбектің анықтаған деректі айқындайтын құжат. Мұндай мысалдар құлпытастың нақтылығын, түпнұсқалығын көрсетеді,-деді белгілі өлкетанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин. 
Бұл басқосу барысында көне құлпытастарды қорғау, кешенді зерттеу мәселесі бойынша «Нұр Отан» партиясы БҚОФ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANA.kaz» тарихи-танымдық журналы бірлесе жұмыстану жөнінде меморандумға қол қойды. Енді бұл іске аса қызығушылықпен бірлесе жұмылғандар осы басқосудан кейін тарихқа нақты дәлелдермен үлестерін әлі де қоса түсері анық. 

Нұрлыбек РАХМАНОВ

 

Аралда ауланған балық Еуропа нарығында сатылып жатыр

Аралда ауланған балық Еуропа нарығында сатылып жатыр. Соңғы бір жылдың ішінде экспорт көлемі 14 пайызға артқан. Бұл туралы кеше Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдында берген есебі барысында мәлім етті.

 «Былтыр 6,7 мың тонна балық ауланды. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда үш есеге артық. Балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс істейді. Олар жылына 11 мың тонна балық өңдей алады. Барлығы да соңғы технологиялармен жабдықталып, халықаралық талаптарға жауап береді. Өнімдері жақын және алыс шет елдерге экспортталады» дейді әкім.

Балық өнімінің көлемін арттырудың бірден-бір жолы тауарлы балық шаруашылылықтарын ұйымдастыру. Тауарлы балық шаруашылықтарын дамыту облыста өткен жылдан бастап қолға алына бастады. Соңғы 2 жылда 9 шаруашылыққа тауарлы балық шаруашылығы статусы берілді. Алдағы 2-3 жылда олардың санын 20-ға жеткізу шаралары жүргізілетін болады.

Осыған байланысты, Арал өңірінің балықшылық кәсібін одан әрі жетілдіру мақсатында, облыс әкімдігімен Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2015-2017 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.
Кәсіпорын балық өнімдері негізінен республикада Алматы, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Ресей, Грузия мемлекеттеріне жіберілуде. Сонымен қатар, Австрия, Германия, Польша мемлекеттерімен келісімдер жасалуда.

 

ОҚО-дағы туберкулез диспансерінен олқылықтар табылды

Оңтүстік Қазақстан облыстық туберкулезге қарсы дипансердің орналасуы санитарлық талапқа сай емес. Медициналық мекеменің жұмысын тексеріп шыққан тұтынушылар құқығын қорғау департаменті мамандары осылай деп отыр. 

Диспансерден шыққан қалдық су кәріз жүйесі арқылы орталық су жүйесіне жіберілетіні өз алдына, мұнда тіпті, жұқпалы дертпен ауыратын науқастар серуендейтін арнайы алаң да қарастырылмаған. Қоршаулар да талапқа сай емес. Қауіпсіздік үшін қоршаулардың биіктігі 2,5 метр болуы керек екен.

Естеріңізге салайық, жуырда ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты облыстық туберкулезге қарсы диспансердің қызметін тоқтату туралы шешім шығарған болатын. Құзырлы құжатқа сәйкес, мамандандырылған нысандардың ерекшелігі ескеріліп, барлық диспансерлер қала маңындағы елдімекендерге көшірілуі тиіс. 

0 пікір
Мұрағат