Ел жаңалықтары: «Алматы 2015: Ислам мәдениетінің астанасы» атты жиын өтеді
Ел жаңалықтары: «Алматы 2015: Ислам мәдениетінің астанасы» атты жиын өтеді
2 жыл бұрын 1168

Үстіміздегі жылдың ақпан айының 24-25 күндері аралығында оңтүстік астанамызда «Алматы – 2015 жылы ислам мәдениетінің астанас» тақырыбында айтулы жиын өтеді. Маңызы зор аталмыш шараның өтуіне Алматы қаласының әкімдігі, Қазақ мәдениетін ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі ұйытқы болады. Бұл жиын Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдермен арадағы ынтымақтастықты тереңдету, мұсылман әлемінің тарихин және мәдениетін зерделеу, тәжірибе алмасу мақсатында өтеді.

 

Еліміздің 10 университеті әлемнің үздік оқу орындарының қатарында

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша Қазақстанның алдыңғы қатарлы 10 жоғарғы оқу орны әлемнің үздік университеттерінің қатарына енген. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Білім және ғылым саласындағы жобаларды іске асыру туралы» тақырыбында өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.  

– 2014 жылы Қазақстан Республикасының 10 жоғарғы оқу орны QS әлемнің үздік университеттері рейтингісіне енді. Атап айтсақ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқы ТОП 400-дің қатарында. Алматы қаласындағы Қ. Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ тиісінше 601-650-ші орындар аралығында. Ал 651-700-ге М. Әуезов атындағы ОҚМУ, ҚБТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ еніп отыр. Сондай-ақ 701-ден ары қарай тізімде Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Абылай хан атындағы КазХҚжӘТУ бар, – дейді А. Сәрінжіпов.

Айта кетейік, 2015 жылы бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландыру аясында ғылыми-техникалық бағдарламалардың жаңа циклі басталады. Оған 42,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 22,8 миллиард теңгесі бағдарламалық-мақсаттық жобаларға гранттық қаржыландыруға – 19,7 миллиард теңге бөлінген. Жастар саясаты бойынша патриоттық тәрбие берумен қамту көлемі жоспарланған көрсеткіштен 12%-ға асып түсті. 2014 жылы жалпы құны 445 млн.теңге болатын 47 әлеуметтік жоба іске асырылды. 75 жастар ресурстық орталығы құрылды.

 

Еліміздегі 31 тарихи ескерткіш жаңғыртылды

2014 жылы «Тарихи-мәдени мұра» ұлттық стратегиялық жоба аясында 31 ескерткіште жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 10 ескерткіштің жұмысы толық аяқталды. Бұл туралы Астанада өткен ҚР МСМ-нің алқа отырысында Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді.

 «Министрлік 7 ірі тарихи нысандарда археологиялық зерттеулер, 4 ғылыми қолданбалы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Жылдың айтулы оқиғасы – Қазақстан аймағындағы Ұлы Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі сегіз ескерткіші, яғни - Талғар, Қаялық, Қарамерген, Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Құстөбе және Ақыртас кешендері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік трансшекара мұралар номинациясына еніп, ЮНЕСКО тізбесіндегі Қазақстан ескерткіштерінің қатарын толтырды», - деді А.Райымқұлова. 
Комитет төрайымы рухани мәдениет саласындағы жетістіктерімізге де тоқталып өтті.
«Бірден бір жетістігіміз - «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері» және Қырғызстанмен бірлесіп дайындаған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялар Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді. Бұл ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне еніп отырған алғашқы мұраларымыз. Ендігі кезекте «Айтыс», «Наурыз», «Қымыз», «Бүркітпен аң аулау», және т.б. ұлттық өнерлерімізді енгізу жоспарланып отыр», - деді ол.

 

Ұлттық музей Қазақстандағы музей ісінің флагманына айналуы тиіс

ҚР Ұлттық музейі Қазақстанның музей ісі саласындағы үлгілі флагманы болуы тиіс. Бұл пікірді Астанада өткен ҚР МСМ-нің алқа отырысында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

«2014 жылдағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Астана қаласында Қазақстанның Ұлттық музейінің ашылуы болды. Әлемдік деңгейдегі мәдениет объектісі музей ісі саласындағы ең озық технологиялардың іске асырылуы болып табылады және сала дамуының үлгілі флагманы болуы тиіс», - деді министр. 
Ол сондай-ақ, Қазақстанның халықаралық кеңістіктегі мәдениет саласындағы жетікстіктеріне де тоқталып өтті. 
«Жібек жолының Жетісу бөлігінің 8 қазақстандық объектісі ЮНЕСКО-ның Тізіміне енуі елдің тарихи-мәдени мұрасының дамуына жаңа импульс береді. Қазіргі таңда Жібек жолының Сырдария бөлігінің ескерткіштеріне құжаттама әзірленуде. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра репрезентативті тізіміне Қазақстанның «Дәстүрлі домбыра күйін орындау өнері» ұлттық номинациясы және «Қазақ және қырғыз киіз үйлерін жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» Қырғыстанмен бірлескен номинациясы енді. Болашақта «Айтыс», «Наурыз», «Бүркітпен аң аулау» және тағы да басқа номинациялар жоспарлануда», - деді А.Мұхамедиұлы. Сондай-ақ, ол «Біз таяуда ҚР Ұлттық музейінің ресми құқықтық мәртебесін мемлекеттік мекемеден қазынашылық құқығындағы кәсіпорынға ауыстырдық. Мекеменің мәртбесін ауыстыру арқылы оның дамуына жол ашатын боламыз. Қазынашылық құқығындағы кәсіпорындар өздерінің дамуы үшін қажетті қызмет түрлерімен айналысуға толықтай құқығы бар. Мүмкіндігінше еліміздегі барлық музейлердің ресми мәртебесін қазынашылық кәсіпорынға ауыстыруды көздеп отырмыз», - деді. 
Министр сонымен қатар, музей саласына қажетті мамандар даярлау ісіне де тоқталып өтті. 
«Музей қызметкерлері шығармашылық саласының адамдары болып табылады. Бұл салаға мамандар даярулау ісі алдағы уақытта Мәдениет және спорт министрлігінің құзырына беріліп отыр», - деді ол. 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

 

Маңызды даталарға жоспарланған шаралардың барлығы өтеді

Биыыл жоспарланған шаралардың барлығы өтеді. Бірақ, олардың мазмұнына үлкен мəн берілетін болады. Бұл жайында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Сенат депутаты, Сенаттың əлеуметтік-мəдени даму жəне ғылым комитетінің мүшесі Əли Бектаев мәлімдеді. 

- Биылғы жыл біздің мемлекет үшін өте маңызды жыл. Биыл Конституциямыздың 20 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл жəне Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жылдығы аталып өтілмек. Бұлардың барлығы да саяси, мəдени-əлеуметтік маңызды, тарихи даталар. Президент бюджетті нақтылап, оңтайландыру кезінде осындай шараларды өткізерде бюджетке дұрыс көңіл бөле отырып жұмсау туралы айтқан болатын. Бұл дегеніміз, биылғы жылдың маңызды даталары бойынша жоспарлар өзгереді деген сөз емес, олардың мазмұнына үлкен мəн берілуі керек деген сөз. Өткізілетін шаралардың барлығының мазмұны халықтың жүрегіне жақын жəне ыңғайлы болып өтуі тиіс. Той тойладық деп бірнеше мыңдаған үй тігіп, ат шаптырып елдің, халықтың бюджетінің есебіне той өткізудің қажеті жоқ. Осы даталарға байланысты шаралардың барлығы өтеді. Оның ішінде əсіресе Ұлы Отан соғысы мен мүгедектеріне қатысты əлеуметтік шаралар да қысқармайды, - деді Ə.Əбдікəрімұлы. 

 

Қазақстанда 42 дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады

2017 жылға дейін 42 дене шынықтыру-сауықтыру кешені (ДСК) салынады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Министрліктің Кеңейтілген алқа мәжілісінде мәлімдеді.  

– Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы Қазақстанда салауатты ұлтты қалыптастыру мен дамыту негіздері – бұқаралық спортты дамыту болып табылады.Бүгінгі таңда 4,3 миллион адам дене шынықтырумен жүйелі шұғылданады. Бұл халықтың 25,1%-ын құрайды. Халықтың спорттық құрылыстарға қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік 2017 жылға дейін 42 дене шынықтыру-сауықтыру кешені(ДСК) құру жобасын іске асыруда. Олар республикалық және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру арқылы, тиісінше 70% және 30%, сонымен қоса мемлекеттік-жеке меншік серіктестіктің негізінде салынуда, – дейді А. Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, 2014 жылы сегіз аймақта (Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары) 18 ДСК құрылысы басталды. Соның ішінде бесеуі 2014 жылдың соңында пайдалануға берілді.

Бұдан бөлек, жеке инвестициялар есебінен еліміз бойынша 7 спорт ғимараты іске қосылды.
Олар: 
Астана қаласындағы Спорт кешені («ҚазАтомПром» ҰК)

Шығыс Қазақстан облысында: 
– олимпиадалық жүзу бассейні («Лхон» ЖШС және «Парыз» қоры)
– спорт залы (Дәулет Тұрлыханов)
– «Шыңгыстау» спорт кешені («Парыз» қоры)
Қарағанды облысында Спорттық-сауықтыру кешені («Геральдика - 2005» ЖШС) 
Қостанай облысында – «Арлан-2050» Спорттық-сауықтыру кешені (Renato bor ЖШС)
Маңғыстау облысында Спорт залы (жеке кәсіпкер).

 

Шекараны рәсімдеу процесі аяқталып қалды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік шекараны рәсімдеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келе жатқанын мәлімдеді парламент мәжілісінде еліміздің сыртқы саясатына жауапты құзырлы мекеменің басшысы Ерлан Ыдырысов. Оның айтуынша, Қазақстан шекарасы 14 мыңнан шақырымды құрайды. 

0 пікір
Мұрағат