ЭКСПО -2017 КӨРМЕСІНЕ КІМДЕР ТЕГІН КІРЕ АЛАДЫ?
ЭКСПО -2017 КӨРМЕСІНЕ КІМДЕР ТЕГІН КІРЕ АЛАДЫ?
7 жыл бұрын 3873 aikyn.kz Еркін Қалдан

Наурыз айынан бастап еліміздің өңірлері мен Ресей Федерациясының ірі қалаларында билет кассаларында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне билеттер сатыла бастады. 2016 жылдың желтоқсан айында «Керуен», «Хан Шатыр», «MEGA Park», «MEGA Центр Алматы» ойын-сауық орталықтарында және одан ертерек 15 Меломан сауда желісінде, сондай-ақ, «Қазпоштаның» 981 бөлімшесінде ресми түрде билет сатылуы басталды. Ал ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның барлық облыс орталықтарында ресми түрдебилет сататын 17 касса ашылды. Айта кетерлігі, көрменің ашылуына тура бір жыл қалғанда – 2016 жылдың 10 маусымынан бастап билеттердің онлайн-сатылымы басталғаны белгілі.

Енді көрмеге келуге ниет танытқандардың барлығы билеттерді тек онлайн тапсырыспен ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде кассалар арқылы сатып ала алады. Естеріңізге сала кетейік, жұмыс күндеріне белгілі дата қойылған билеттер құны -4000 теңге, демалыс күндеріне 6000 теңге. Ал, белгілі датасы қойылмаған билеттер құны 2000 теңгеге қымбат. Студенттер, мектеп оқушылары, зейнеткерлер, көпбалалы аналар ЭКСПО-2017 көрмесіне билеттерді 50 пайыздық жеңілдікпен алса, соғыс ардагерлері, алты жасқа дейінгі балалар, жетім балалар мен кез-келген топтағы мүгедектігі бар жеңілдік қарастырылған топтағы Қазақстан азаматтары көрмеге тегін кіре алады. Айта кетерлігі, мұндай жеңілдік қарастырылған билеттерді тек көрме барысында, көрмеге келетін күні, көрменің кіреберісінде орналасқан кассалардан жеке куәлік пен жеңілдік қарастырылғанын растайтын құжатты көрсету арқылы алуға болады.

Біз Ресейдің бірқатар өңірлерінде ЭКСПО-2017 ресми кассаларын аштық. Мәскеудегі билет сатылатын орындар Лубянкада, Орталық балалар дүкенінде орналасқан болса, Петербугте Гороховой көшесі 6 мекен-жайы бойынша "Кассир Ру" ғимаратында орналасқан. Сондай-ақ, Қазан, Төменгі Новгород, Екатеринбург, Новосібір, Сочи қалаларының ірі сауда орталықтарында да кассалар ашылды. Одан өзге, Ресейдің ірі қалалырында ЭКСПО-2017 көрмесіне арналған билет сататын 38 нүкте ашылды, – деп атап өтті брифинг барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Коммерциялау департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астана қаласында 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрмеге 5 миллионға жуық келеді деген болжам бар.

0 пікір
Мұрағат