Дін саласындағы мәселелер мен атқарылған шаралар талқыланды
Дін саласындағы мәселелер мен атқарылған шаралар талқыланды
3 жыл бұрын 1048 e-islam.kz

Өткен жұма күні Дiн iстерi агенттiгi мен «Ұлағат» мәдениет және даму қорының ұйымдастыруымен Ақмола облысының Бурабай баурайында «Халықтың дiни сауаттылығын арттыру бойынша ақпараттық-түсiндiру жұмысының тиiмдiлiгi» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференциясы өтті. Алқалы жиынға еліміздің барлық аймағындағы дiн iстерi басқармаларының басшылары, дiн мәселесiн зерттеу орталықтарының өкiлдерi, ақпараттық-насихат топтарының мүшелерi, дiн мәселелерiмен айналысатын БАҚ пен үкiметтiк емес ұйым қызметкерлері қатысты.

Ақпараттық-насихат топтарының және халықтың дiни сауаттылығын арттыру саласындағы мемлекеттiк саясатты түсiндiру жұмыстарының тиiмдiлiгiн талдау мақсатындағы басқосуда өзекті мәселелер ортаға салынды.

Сонымен қатар, халық арасында ақпараттық-түсiндiру жұмыстарын жетілдіруге мүдделi барлық құрылымдар арасында өзара қарым-қатынасты арттыру қажеттігі жөнінде ұсыныстар жасалды.

Жиынды Дiн iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин ашып, сөз сөйледі. Конференцияның маңыздылығын алға тартқан Ғ.Нұрмағамбетұлы ел ішінде дәстүрлі діннің қанат жаюына зиялы қауым өкілдері де атсалысу қажеттігін айтты. «Дiни экстремиз – қоғамның проблемасы. Сондықтан ұлтқа қауіп төндіретін бұл кеселмен қоғам болып күресу керек. Осы бағытта үкiметтiк емес ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, БАҚ өкiлдерi бiрлесiп жұмыс iстегенде ғана ісіміздің нәтижесі ертерек көрінеді. «Саусақ бiрiкпей, ине iлiкпейдi». Осы тұрғыдан алғанда, әсiресе, зиялы қауымның рөлi ерекше. 

Тарихтан белгiлi, тiлдiң, мәдениеттiң, дiл мен дiннiң, дамудың, құндылықтардың жақтаушысы болған зиялы қауымның қоғамдағы рөлi қай кезде де төмендеген емес. Өкiнішке орай, бiздегі қалам ұстаған ғалымдар мен елге белгілі шығармашылық адамдары дiни ахуалдың өркендеуіне аз үлес қосып жүр. Бiз зиялы қауым ресурстарын әлi де толықтай қолдана алмай келеміз» дедi агенттік төрағасының орынбасары. 

Ғалым Шойкин соңғы күндері Атырау өңіріндегі театрларда «Хақ жолы» атты спектакль қойылып жатқандығын әңгімеледі. Оның айтуынша, дiни экстремизммен күресудi дiттейтiн қойылымды алдағы уақытта республиканың өзге де қалаларында көрсету қажет. «Дiни экстремизиммен күресуде, бұқараның дiни сауатын көтеруде бiздiң интеллигенция өз үлесiн қоса білгені жөн. Жазушылар прозалық шығармалар мен пьесалар жазса, музыканттар әндерiн шығарса, халықтың да санасына діттегенімізді тез сіңірген болар едік. Бүкiл зиялы қауым бiрлесiп әрекет етсе, алмайтын қамал кемде-кем. Олар өз шығармаларында қоғамның осы проблемасын көтерсе, игі бастама болар еді» деді ол. 

Дiн iстерi агенттiгi төрағасының орынбасары Ғалым Шойкин терiс дiни ағымдағы бiрлестiктер жөніндегі ойын былай деді: «Олар бiздiң ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетiмiздi жоққа шығаруда. Төл дiнiмiз он екi ғасырдан бері бүгінгі күнімізге дейін шыңдалып жетті. Мұны көптеген ғылыми зерттеулер дәлелдейдi. Орталық Азия – Ислам әлемiнiң жүрегi. Таяу Шығыс емес, Орталық Азия, осыны ескеру қажет. Мұнда ислам мәдениетiн дамытқан қалалар бой көтерiп, ғалымдар туды. Ислам әлемiнiң интеллектуалды элитасы Орталық Азияда қалыптасты. Осы орайда, жыл сайын бiз Астана қаласында Исламдағы Орталық Азияның рөлiне арналған халықаралық деңгейде конференциялар ұйымдастырамыз. Бұл – терiс дiни ағымдарға тарихимызды ескере отырып, интеллектуалды тұрғыда төтеп беруге септеседі».

Жиын барысында Ақмола облысы Дiн iстерi басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраева сөз сөйледі. Оның айтуынша Ақмола облысында ағымдағы жылдың бiрiншi тоқсанында халық арасында дiни сауаттылықты арттыру мақсатында 175 iс-шара ұйымдастырылып, оған 8660 адам тартылған. Оның iшiнде ақпараттық-насихат топтары 146 шара өткiзiп, 8310 адамға дәріс оқыды. «Ақпараттық-насихат жұмысы – Дiн iстерi басқармасы мен халық қарым-қатынасының бiр түрi. Ол облысымызда конфессияаралық татулықты қалыптастыруға, үйлестiруге және нығайтуға, дiни экстремизмнің алдын алу шаралары мен халықтың дiни және құқықтық сауаттылығын артыруға бағытталған. 

Ақпараттық насихат тобының қызметi дiн аясында мемлекеттiк саясатқа деген халық сенiмінiң негiзiн қалауға, қоғамда тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті бекiтуге мүмкiндiк бередi. Үкiметтiк емес ұйым өкiлдерiнен, дiнтанушылардан, дәстүрлi дiни бiрлестiктер мен мемлекеттiк құрылымдардың өкiлдерiнен дiн мәселесi бойынша толық және сенiмдi ақпарат алуда облысымызда 166 адам мен 20 ақпараттық-насихат тобы қызмет атқарады» дедi С.Ыбыраева. Басқарма басшысы ақпараттық-насихат топтары арқылы дөңгелек үстелдер, конференциялар, кездесулер, әңгiмелер өткiзiліп, сұхбат алаңдарын құрғандығын да әңгімеледі. Бұл шараларды жастарға баса назар аударылуда. Әсiресе, орта мектептерде, арнаулы және жоғары оқу орындарында, әскери бөлiмдерде басқосулар белсенді ұйымдастырылады. Сәуле Ыбыраева аймақта теологтар мен дiнтанушылардың аздығын да жасырмады. 

Конференция жұмысында агенттікке қарасты басқарма басшыларының және өңірлердегі құзырлы орган өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Жиынға қатысушылар көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Асхат Райқұл

0 пікір