Биыл тегін пәтер аласыз
Биыл тегін пәтер аласыз
4 жыл бұрын 3403

Мемлекеттен тегін пәтер алудың бірнеше құпия жолы бар. Жалпы, ақша жинамай-ақ баспаналы болу үшін не істеу керек? Nege.kz жұрт біле бермейтін әдістерді бір жерге жинақтап, сізге ұсынуды жөн көрді. Мақаланы аяғына дейін оқысаңыз, үйлі болып қалуыңыз мүмкін.  

Бір нәрсені айқындап алған жөн. Тегін пәтерді үздіксіз беріп отыру елімізде тек 2015 жылға дейін жүргізіліп келді. Одан кейін мүлдем тоқтады десе де болады. 2017 жылы ол кезде мемлекет басқарып тұрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Енді тегін пәтер бермейміз" деп, отандастардың үмітін үзгендей болған.

"Үйде отырып алып, баспананы біреу тәрелкеге салып әкеліп береді деп күтудің қажеті жоқ. Мұндайды күтпеңіздер. Қазір нарық шарттарының негізінде мемлекет ешкімге тегін үй бере алмайды және беруге міндетті емес. Мемлекеттік қызметкерлер де осы жүйеде болуы керек. Міне, осындай адамдарға мемлекет көмектесіп, пайызды төмендетіп отырады. Әсіресе, әкімдіктерге берілетін ақшаның пайызы өте төмен. Міне, осыны мемлекет тарапынан көрсетілген көмек деп түсінуіміз керек. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашар, көпбалалы отбасылар осы төрт бағдарламаның ішінен өзіне ыңғайлысын таңдап, қатысулары керек. Біз қолымызға қарындаш алып отырып есептеген болатынбыз. Мемлекеттің басты міндеті – адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету. Адам жұмыс істеп, ақша табуы тиіс. Ешнәрсе өздігінен келмейді". 

Бұл қалай болғаны? Сонда мүлде тегін пәтер жоқ па?

Бір нәрсені анықтап алайық - мемлекет тарапынан тегін пәтер жоқ. Ал жалпы, демеушілер, қоғамдық ұйымдар, тіпті әкімдіктің тұрғын үй қорынан бірнеше жолмен пәтер алуға болады.

Біріншісі - Қазақстанның, тіпті болмағанда туған өңірдің атын шығаратын үлкен жетістіктерге жету. Спортта топ жарып, олимпиада, әлем чемпионаттарының жеңімпазы болу. Мәдениет, өнер, әдебиет саласында оқ бойы озып, жерлестердің құрметіне ие болу. Ол кезде демеушілер мен қоғамдық ұйымдар тарапынан не пәтер, не құны пәтерге татитын қымбат автокөліктер сыйланатынын көріп жүрміз.

Екіншісі - әскери болу. Қазіргі заң бойынша, әскери қызметкер тұрғын үйге мұқтаж деп танылса, Қорғаныс министрлігі банкте ашылған арнайы есеп-шотқа тұрғын үй сатып алу үшін қаржы аударады. Оны әскери қызметкер үй сатып алу немесе салу үшін пайдалана алады. Жаңа ереже бойынша, мемлекет әскери қызметкер зейнетке шыққан уақытқа дейін оны міндетті түрде баспанамен қамтамасыз етуі тиіс. Заң солай. Демек, үйсіз қалатын әскери жоқ. Бұл өте маңызды жаңалық, бұрынғы заңда мұндай норма болмаған еді. Егер балаңыз үйлі болсын десеңіз, әскери оқуға беріңіз.  

Үшіншісі - жетімдік. Жетім деп танылған және жетімдер үйінде тәрбиеленген балалар мемлекет қамқорлығында және оларға кезекпен үй беріледі. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шот аштырылып, оған демеушілер мен қоғамдық қорлардың қаржысы тартылады. Әкімдіктер қорында қанша пәтер болса, соның кем дегенде 20 пайызы жетімдерге берілуі тиіс. Бұл таза тегін пәтер деп айтуға келмесе де, жетім балаларға өте жақсы қолдау. Олар қалған соманы өздері жұмыс істеп, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне төлеп бітіреді. Қазір Қазақстанда 60 мыңнан астам жетім бала осындай үй кезегінде тұр.

Төртіншісі - тегін емес, бірақ арзан бағамен мемлекеттен жалға берілетін пәтерлер. Ол үшін Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана", "Ана даңқы" ордендері бар көпбалалы ана, мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйым қызметкері, ғарышкерлікке үміткерлер мен мемлекеттік сайлау лауазымындағы адам болу керек. Сондай-ақ, тұратын үйі әкімдік құжатымен жарамсыз деп танылған азаматтар да пәтерді жалға ала алады. Мұның бір шарты бар. Бұл жеңілдікке қол жеткізу үшін әкімдікке кезекке тұру керек. Ал ол үшін отбасының атында үй болмауы керек және отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы 131 750 (ең төмен күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшері) теңгеден төмен болуы тиіс.

Әкімдікке қалай кезекке тұруға болады?

egov.kz жазуынша, кезекке тұрудың екі жолы бар. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына құжаттардың толық пакетін ұсыну қажет. Оған шабылып жүрмес үшін, осы мемлекеттік қызметті онлайн алуға болады. Ол үшін мына сілтеме бойынша қажетті құжаттарды тіркеу және ЭЦҚ сұранысына қол қою қажет.

Осы шаруаны атқарып қойсаңыз, онда 30 күн күтесіз. Бір айдан кейін сіз не кезекке тұрдыңыз не кезекке тұруға рұқсат жоқ деген хабарлама келеді. Егер құжаттар онлайн берілсе – онда хабарлама сіздің жеке кабинетіңізге келеді, ал егер әкімдікте болса, жеке өзіңіз ала аласыз немесе сізге почтамен жібереді. Жолыңыз болып, кезекке тұрсаңыз, үйден шықпай өз кезегіңізді онлайн бақылап отыра аласыз.

0 пікір
Мұрағат