Астанада халал өнімдер сататын дүкендер ашылады
Астанада халал өнімдер сататын дүкендер ашылады
2 жыл бұрын 1144 tengrinews.kz

Астананың әр ауданында халал өнімдер сататын дүкендер ашылады, деп хабарлайды Tengrinews.kz  тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Мұндай ұсыныс "Астана - халал аумағы" дөңгелек үстелі отырысында айтылды. Кездесуге қатысушылар Астананың әр ауданында басқа тауарларға қойылатын талаптарды сақтай отырып, халал өнімдерін саудалайтын жеке орындарды ашу қажеттігін айтты. Сонымен қатар олар «Халал өнімінің маркировкасы туралы» ҚР заңын әзірлеу және Қазақстанда халал индустриясын дамыту агенттігін құруды ұсынды. 

Сонымен қатар, халал өнімдерді тұтынудың маңыздылығы мен мақсаттылығы туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ал қалалық кәсіпкерлермен халал өнімдерді өндіру мәселесін талқылау жоспарланған.

Шараға қатысушылардың пікірінше, бұл тақырып ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу қарсаңында аса өзекті. Көрмеге дайындық жүргізу кезінде оған көп көңіл бөлу керек. Өйткені шара аясында Астанаға барша әлемнен адамдар көптеп келетін болады.

Әкімдіктің хабарлауынша, шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ҚР «Халал индустриясы қауымдастығы» ЗТБ сарапшылары, этномәдени бірлестіктердің және ҮЕҰ басшылары, елордалық кәсіпкерлер мен дін өкілдері қатысқан.

0 пікір