Астанада ел тарихындағы ең ауқымды әскери парад өтті (фото)
Астанада ел тарихындағы ең ауқымды әскери парад өтті (фото)
2 жыл бұрын 1869 nur.kz

Астанада «Қазақ Елі» монументі алаңында президент – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ауқымды парад. Парадқа 5000-нан астам әскери тартылған.

89fe13a41accd0b52dbbe45d8ce.JPG

e8d76988c081ae44d16026ffb05.JPG

 
 
 
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды және әскери шеруге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен, алдағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.

“Екі мерекенің қатар келуінің символдық мәні бар. Бұл Ұлы Отан соғысындағы жеңімпаздар мен Отан қорғаушыларымыздың бүгінгі буынының әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Майдандағы әскери ерлік пен тылдағы қажырлы еңбек Жеңістің басты негізіне айналды. Біздің халқымыз адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіске өшпес үлес қосты. Соғысқа аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің жартысы шайқас алаңында қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдары бүкіл халқымыз тылдағы еңбекке жұмылды. Жауға атылған 10 оқтың тоғызы біздің елімізде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі”, – деді Қазақстан президенті.

Елбасы Ұлы Жеңісті мәңгілік ұлықтап өтетінімізді баса айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әскерлердің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын жеткізді. Сонымен қатар, Елбасы, қазақстандықтардың жеңістерінің тарихы патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы соғыс және еңбек ардагерлерін Ұлы Жеңіс мерейтойымен құттықтап, олардың жауынгерлік және еңбектегі ерлігі халқымыздың барлық буыны үшін мәңгілік екенін, ал ерлік әрдайым қасиетті болып қала беретінін атап өтті.

Президент осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанның Қарулы Күштері құрылғанын, бүгінде ол кәсіби сарбаздар мен заманауи жарақтардан тұратын айбынды армияға айналғанын жеткізді.

«Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр даламыздың әрбір қадам жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Біз бабаларымыздың ерлік жолын қастерлеп, елдік жолын жақтаған ұрпақпыз. Қанымызға сіңген қастерлі борышты антына адал ерлеріміз қазір де абыроймен атқаруда. Ер азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой болмаса керек! Сіздердің қызметтеріңіз ел Тәуелсіздігінің және халқымыздың болашақ сенімінің кепілі», – деді ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы.

Шараның алғашқы бөлімінде жеке құрамның шеру топтары алаңды бойлай жүріп өтті.

Алғашқы лекте жүріп өткен «Жас ұлан» сарбаздарынан кейін соғыс уақытының әскери формасын киген және қаруын асынған жаяу шеру топтары өтті. Жиылған жұрт Ұлы Отан соғысындағы аңыз қару аталған «Максим» пулеметтерін өз көздерімен тамашалады. Одан кейін ҚР Қарулы Күштерінің қазіргі заманғы парадтық есеп тобы көрінді. Ізін ала Қорғаныс министрлігінің есеп тобы алаңды бойлай жүрді.

Айта кетейік, бұл парадқа Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілері мен әскери техникасы рекордтық көлемде тартылған.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сүйенсек,  парадқа 5 000-ға жуық әскери қызметші, 200 дана шамасында қару жарақ пен әскери техника, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатысуда. Сонымен қатар, ҚР Қарулы күштерінің техникасынан тыс, Ұлы Отан соғысы уақытындағы армия мен қару-жарақ түрлері де көрсетіледі.

“Осы орайда ту ұстаушы топтар  ҚР Мемлекеттік туы мен осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев  пен оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің қызыл туын алаңға алып шығу рәсімі болады”,-делінген Қорғаныс министрлігінің ақпаратында.

Құрлық әскерлері офицерлерінің парадтық есебі салтанатты шерумен өтті. Құрлық әскерлері – армиямыздың негізгі екпінді күші. Қарулы күштердің бұл түрі саны жағынан ең үлкен және жауынгерлік міндеттердің кең ауқымын атқаратын маңызды бөлігі.

Әуе қорғанысы күштерінің парадтық есебі келесі лекте шықты. Олардың негізгі мақсаты – Отанымыздың аспанынан төнген қауіптің бетін алу, әскери нысандарымызды әуе шабуылынан қорғау, басқа да қарулы күштерге әуеден қолдау көрсету.

Салтанатты шеруді Әскери теңіз күштерінің парадтық есеп тобы жалғастырды. Олар еліміздің теңіз шебіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Алаң орталығына Аэромобильді әскердің шеру тобы шықты. Аэромобильді әскерлер Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып табылады. Десантшы-әскерлер ең қиын тапсырмаларды орындай алады.

Парадтағы жаяу тізбектер шеруін армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Жас ұлан” республикалық мектебінің барабаншылары ротасы ашты. Олардың соңына ілесе Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери киім үлгісіндегі үш парадтық топ жүріп өтты Бұл ретте, бірінші топ Ұлы Отан соғысы кезінде құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72 гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін ұстап өтті.

Алаңға Теңіз жаяу әскерлері гвардиялық бригадасының ротасы шықты. Бұл бригадаға еліміз үшін маңызды Каспий маңы өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндет жүктелген.

Салтанатты шараны «Қазбриг» бітімгерлік бригадасы жалғастырды. Ол БҰҰ стандарттары бойынша құрылған. Бітімгерлік бөлім келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден жасақталған. Олар – өз ісінің қас шеберлері.

Алаңнан ерекше жауынгерлік киім киген арнайы мақсаттағы бөлімшелер сарбаздары өтуде. Тәжірибе көрсеткендей, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда құрамы жағынан шағын, алайда ұтқыр бөлімшелер басты рөл атқарады.

Шерудің ең көрікті қатысушылары – әйел әскерилерден құралған шеру тобы өтуде. Олар Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қыздарының ізін жалғастырып келеді. Бүгінгі таңда әскери қызметтерін абыроймен атқарып жүр.

Алаңнан ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің парадтық сапы жүріп өтті. Бүгінге дейін аталған университетте 1000-ға жуық офицер даярланып шықты.

Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанттарының ротасы таяп келеді. Осынау әскери оқу орнының парадтық есеп тобы жақында Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Жеңіс құрметіне арналған парадқа қатысатынын ерекше атап өту керек.

Парадты Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары жалғастырды. Бұл Орталық Азия өңіріндегі автоматтандырылған басқару жүйесі мен байланыс саласында мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны.

Шерудің соңында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ротасы жүріп өтті. Олар Президентке тікелей бағынады және Президент алдында есеп береді, сондай-ақ Республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке жатады.

Парадқа қатысатын әскери техникаларға тоқталсақ, тарихи әскери техникалардың тізбегін өздігінен жүріп өтетін Т-34 танкі, ЗиЛ-157 сүйреткен ЗИС-2 зеңбіректері және М-30 гаубицалары, аты аңызға айналған БИ13 РС-30 “Катюша” техникалары бастады. Сонымен қатар, “Максим” пулеметі, РПД (Дегтяреа қол пулеметі), ППШ (Шпагин тапанша-пулеметі) де парадқа қатысушылар назарына ұсынылды.

Жаяу әскерлер шеруі аяқталған соң, Қазақстанның соғыс жылдарындағы және ең соңғы жаңа үлгідегі әскери техникалары алаңға шықты. Парадты Т-34 танкі бастап шықты. Бұл  соғыс жылдарында аты аңызға айналған ең күшті танктердің бірі болған.

Ол басқа танктерді, құрышты автокөліктерді және ДОТ (ұзақ уақыт ату нүктесі), ДЗОТ (ағаш-топырақпен бекітілген ату орны) типтес басқа да құрышпен қапталған нысандарды және жаудың тірі күшін жоюға арналған. Тактикалық-техникалық сипаттамалары: танк экипажы 5 адам, танк салмағы 26,3 т., қарулануы: 76,2-мм Л-11 зеңбірегі, 2 не 3 7,62-мм ДТ пулеметтері. Атыс жиынтығы: зеңбірекке 76 атыс және пулеметтерге арналған 4725 оқ, ең жоғары жылдамдығы 53 км/сағ. дейін, жанармай бойынша жүріс қашықтығы 400 км. ҚР ҚК қатарында тұғырлар мен мұражайларда 5 бірлігі бар. «Семей инжиниринг» АҚ ҚР ҚК Әскерлерінің шеруіне қатысу үшін Т-34 танкін күделі жөндеуден тегін өткізген.

Мерекелік әскери парадта соғыс жылдарында пайдаланылған ең көне зеңбіректер көрсетілді.

Олардың бірі – жетекке алуға арналған ЗИЛ-157. Бұл техника қаруларды жетекке алуға, түрлі жүктер мен жеке құрамды тасымалдауға арналған.

Тактикалық-техникалық сипаттамалары: жүк көтергіштігі – 3750 кг, жарақты салмағы – 6135 кг, толық салмағы – 10185 кг, 60 км/сағ жылдамдығындағы жанармай шығыны – 35,0 л, тіркеменің мүмкін болатын толық салмағы – 3750 кг.

Сонымен қатар әскери парадта жұрт назарына ұсынылған 57 мм ЗИС-2 танк бұзар зеңбірегі де Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі кеңестік қарулардың бірі. Бұл 1940 жылы әзірленген, сол уақыттағы әлемдегі ең күшті танк бұзар зеңбірек болған.

Тактикалық-техникалық сипаттамалары: қарудың салмағы 1050 кг., тура ату қашықтығы 1120 м., ату шапшаңдығы 25 атыс/мин. Барлығы 13710 бірлік жасалып шығарылған. Кейбір мемлекеттер әскерлерінде ЗИС-2 әлі күнге дейін қолданылады. ҚР ҚК-де тұғыр немесе мұражай экспонаттары ретіндегі бұл қару түрінің 31 бірлігі бар.

Тағы бір көне әскери техниканың бірі 122 мм М-30 зеңбірегі. Ол 1938 жылғы үлгідегі 122-мм М-30 гаубицасы – Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі кеңестік гаубица. Бұл қару 1939 жылдан 1955 жылға дейін шығарылған, әлемнің көптеген елдері әскерлерінің қарулануында болған немесе әлі де бар, ХХ ғасырдың ортасы мен соңында болған барлық дерлік  соғыстарда және қарулы қақтығыстарда қолданылды.

Артиллерияны М-30 гаубицасымен қаруландыру Ұлы Отан соғысында нацистік Германияны күйретуде үлкен роль атқарған. Барлығы 19266 бірлік жасалып шығарылды.

Тактикалық-техникалық сипаттамалары: топта 8 адам, ату шапшаңдығы 5-6 атыс/мин., оқ бағытының биіктігі 1200 мм.

Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі реактивті артиллерияның кеңестік БМ-13 жауынгерлік машинасы атанған РСЗО БМ-13 «Катюша» да ең кең таралған және атақты кеңестік жауынгерлік машина. Бұл техника «Катюша» атауымен анағұрлым танымал. Тактикалық-техникалық сипаттамалары: бағыттаушы саны – 16, снарядсыз жорықтық күйдегі салмағы 7200 кг, жорықтық күйден ату күйіне ауысу уақыты 2-3 мин, оқтау уақыты 5-8 мин. Ату қашықтығы 8 470 метр.

Естеріңізге сала кетейік, шараға қатысатын жалпы әскери техника саны  227 бірлік. ҚР Қарулы күштерінен – 188  техника шығады, оның ішінде Т-34 танктері, ЗИЛ-157 автокөліктері, ЗИС-2, М-30, РС30 «Катюша» қарулары бар.

Парадтың соңғы бөлімінде әскери ұшқыштар асқан шеберлік үлгісін көрсетті.

Парадтың ең қызған шағында әскери-көліктік және армия авиациясының Су-25, Су-27, Су-30, МиГ-29, МиГ-31, МиГ-27, Ан-26, Ан-72, Ту-134, Ту-154, С-295 ұшақтары, сондай-ақ Ми-8, Ми-17, Ми-171, Ми-26, К-32 және ЕС-145 (Еурокоптер) тікұшақтары қатысты.

Ерекше атап өтерлігі, парадқа ҚР Қарулы күштерінің тарихында алғаш рет қазақстандық Әскери-әуе күштерінің сапын толықтырған 4++ буынына жататын жаңа жоғары маневрлі Су-30МС жойғыш ұшағы қатысты.

Әскери ұшқыштар ерекше қиын әуе қимылдарын жекелей және топпен бірге көрсету арқылы асқан шеберліктерін паш етті.

0 пікір