Арнаулы әскери жиындарға кімдер шақырылады?
Арнаулы әскери жиындарға кімдер шақырылады?
4 жыл бұрын 2595 Айбар Рысдәулет

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2 сәуір күні әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулыға қол қойды. Бүгін ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев осыған байланысты түсіндірме жасады. Бұл жайында massaget.kz ақпарат көзі хабар таратты. 

Кімдер шақыртылады?

Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың жауынгерлік есебінде тұрғандар мен запастағылар.

Запастағы азаматтарға жататындар:

– әскери қызметтен босатылып, запасқа өткендер;

– әскери қызметтен босатылып, өтпегендер;

– 27 жасқа толып,  әскери қызметтен өтпегендер;

– өзге де себептермен әскери қызметке шақыртылмағандар; 

– әскери-есеп мамандығы барлар;

– жоғары оқу жанындағы әскери кафедрада запастағы әсерки қызметкер мамандығы бойынша дайындықтан өткендер;

Кімді шақырмайды?

– қорғаныс, тәртіпті қамтамасыз етумен байланысты мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер;

– авиациялық персонал;

– егін науқаны кезінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтіндер;

– мұғалімдер;

– күндізгі оқуда білім алатындар;

– әйелдер; 

– 18 жасқа дейін үштен көп баласы бар азаматтар;

– тергеу және процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатқан тұлғалар;

– Парламент және жергілікті атқару органдарының депутаттары;

Арнаулы жиын қанша уақытқа созылады?

Арнаулы жиын үш айға дейін жалғасуы мүмкін. Оның мерзімін жергілікті қорғаныс ісі бойынша басқарма бекітеді. Қазіргі таңда еліміздің көп бөлігінде 2 апта арнаулы жиын өткізуге дайын. 

Жұмыс пен жалақы

Жиынға шақыртылған әскери міндеттілердің арнаулы жиын уақытында жұмыс орны мен қызметі сақталып, жалақысы толығымен төленеді. Егер әскери міндетті жұмыссыз болса, мемлекет ең төменгі жалақы мөлшерін төлейді. 

Жиын кезінде әскерилері қандай жұмыс атқарады?

Әскери міндеттілер басқа облыстарға кетпейді. Олар бақылау-өткізу пунктерінде, маңызды нысандарда күзету және дезинфекция шараларын жүргізіп, тәртіп сақтау іс-шараларына қатысады. 

Қайда шақыртылады?

Әскери міндеттілер тұрғылықты мекенжай бойынша арнаулы жиынға шақыртылады. Жиынға шақыртылғандар күнделікті жұмыстан соң үйіне қайтып, әскери қызметке әдеттегі жұмысқа барғандай барады. Қорғаныс ісі басқармасы тұлғаларды SMS-хабарлама арқылы не телефонмен хабарласып, шақыртады.

0 пікір
Мұрағат