Алматылық бойжеткен 3 жыл бойы тек шикі тамақ жеп келген
Алматылық бойжеткен 3 жыл бойы тек шикі тамақ жеп келген
2 жыл бұрын 1267

Алматылық ару Әсел піскен тағамдардан мүлдем бас тартқан. Бойжеткен үш жыл қатарынан тек шикі тағамдарды ғана тұтынып келгендігі жайында хабар таратты нұр.кз сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Осы уақытқа дейін тіпті бірде бір мәрте қазанға ет қайнатып та көрмеген ол мұндай қадамға артық салмақтан арылу үшін бардым дейді. Бір қызығы, қап-қатты картоптың өзін де шикілей асайтын арудың асқазаны мүлдем ауырмаған.

Әсел - біздің елде піскен тамақ жемейтін жалғыз адам болуы мүмкін. Ет, балық, нан деген оның нағыз қас жаулары. Қыз тіпті семіріп кетемін деп сүт те ішпейді. Аскөк, қырыққабат сияқты шөп-шаламмен ғана тамақтанады.

"Өзімді тамаша сезініп жүрмін. Бақандай 10 келіге арықтадым. Қазір салмағым қалыпты. Тіпті, бетімдегі дақтар да тазарды", - дейді Әсел.

Бойжеткен картопты да шикілей асайды. Таңғы, түскі, кешкі асқа ақжелкен қосылған шикі асқабақ жеген. Үш жыл кілең піспеген тағамдарды тұтынып, ол бір рет те ауырмапты. Керісінше, артық салмақтан арылып, енді өзгелерді осыған үгіттеп жүр.

Арық болсам ғана әдемімін деп санаған жандар қазір Әселден үлгі алып жүр. Тек тамақтың әрбір түйіріне үңіліп қарайтын Қазақ тағамтану академиясындағылар мұны нағыз бассыздыққа балап отыр.

Өйткені мұндай диетаның соңы қыз-келіншектерді "ару" емес, нағыз ауру етіп шығарады екен.

"Етті жемеймін, сүтті ішпеймін, тек қана өсімдікпен ғана тамақтанамын деген ол дұрыс емес! Сүт ішпесе, сүт тағамдарын қолданбаса, ет жемесе, балық жемесе ондай адамдарда міндетті түрде қан аздылық кездеседі", - дейді Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Шәміл Тәжібаев.

"Ет- етке, сорпа- бетке", немесе "Ет дегенде, бет бар ма?" деп, әсіресе, асылған етті сүйсініп жейтін қазақ үшін қазір бірінен соң бірі пайда болып жатқан көптеген диеталардың пайдасынан гөрі, зияны көп дейді мамандар.

Қан құрамы бұзылып қана қоймайды. Бұл, әсіресе, құрсақ көтеретін қыз-келіншектер үшін аса қауіпті екен. Ғалымдардың берер тек бір кеңесі - сымбаттылықтың сыры - кілең жеміс-жидек жеп арықтағанда емес, өзі де, көзі де тойғанында.

0 пікір