Әлем елдері Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық тәжірибесін зерттеп жатыр
Әлем елдері Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық тәжірибесін зерттеп жатыр
2 жыл бұрын 691

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, әлем елдері Қазақстанның бейбітшілік пен тұрақтылық тәжірибесін зерттеп жатыр. Бұл туралы алдыңғы күні Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұлысаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі А.Сәдуақасова мәлім етті.

Айта кетейік, брифингке қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының жылын және Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде ұлысаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған Уппсала университетіндегі (Швеция) халықаралық конференция туралы әңгімеледі.

«Халықаралық конференцияда көп елдерден жиналған ғалымдар қазақстандық модельге айрықша қызығушылық танытты. Онда көтерілген бірінші мәселе - дау-жанжалға, қақтығыстарға жол бермеу тұрғысында болды. Ал бұл тұрғыда Қазақстан ерекше, себебі елімізде көптеген ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығынан алатын өнеге баршылық. Осы орайда шетелдіктер біздің тәжірибеміз бойынша көп сауалдар қойып, біздің тарапымыздан жауап алды. Шетелдік ғалымдар «Қазақстандағы этностар ішінде қандай мәселелер бар және олар қалай шешіледі?» деген сұрақты қойды. Бұл тұрғыда ең басты институт  - Қазақстан халқы Ассамблеясы екенін түсіндіріп бердік», - деді ол.

Өз кезегінде ҚХА атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов та Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық халықаралық институттарға тартымды болып тұрғанын айтты. «Әлемдегі бірлестіктер біздің тәжірибемізді тыңғылықты зерттеп жатқандығы анық. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өзіміздің тәжірибемізбен кеңінен бөлісетін боламыз»,-деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2015 жылдың 7-9 қаңтарында Уппсала университетінде (Швеция, Уппсала қаласы) этносаралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған халықаралық конференция болып өтті. Аталған іс-шараны Уппсала университеті, Азшылық мәселелері жөніндегі Еуропа орталығы және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ұйымдастырған болатын.

0 пікір