Аймағамбетов интернет ресустарын пайдалану тегін болатынын айтты
Аймағамбетов интернет ресустарын пайдалану тегін болатынын айтты
4 жыл бұрын 1624 Даурен Ерболат, Рахила Тлеуова. bilim.akipress.org

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушылар мен студенттер интернет ресустарын тегін пайдалана алатынын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 

"Интернет провайдер бойынша келіссөздер жүргіздік. Осы келіссөздер шеңберінде білім беру ресурстарын арнайы тізім бойынша ақысыз пайдалануға болады. Бұл тізімді біз белгілеп бердік. Сондықтан білім беру және алу бойынша осы ресурстар тегін болады", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. 

Айта кетейік, осыған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов коронавирусқа байланысты мектептерде 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында сабақ болмайтынын мәлімдеді. Ал колледж бен универститет студенттері қашықтан оқыту жүйесіне ауысты. 

Сондай-ақ, оқушылар демалыстан шыққан соң, онлайн түрде білім алатын болды. Әлеуметтік желіде кейбір ата-аналар балаларын онлайн түрде оқыта алмайтынын айтты. Себебі, интернет қызметін төлеуге ақшасы жоқ екен.

Оқушылар 4 бағыт бойынша қашықтан білім алады - министр

Қазақстандық оқушылар 6 сәуірден бастап 4 түрлі бағыт бойынша сабақ оқиды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 6 сәуірден бастап оқушылар қашықтан қалай оқитыны туралы ОКҚ онлайн-брифингінде айтып берді.

"Маңызды мәселе - оқушыларға техникалық қолдау көрсету. 5 миллионға жуық оқушы мен педагогке техникалық-методологиялық қолдау керек. 1450 call-орталықтары арқылы оларға кеңес беретін боламыз, - деді Асхат Аймағамбетов. 

Сонымен, мектеп оқушылары мынадай 4 бағыт бойынша қашықтан оқи алады:

1-бағыт. Телевизиялық арналар арқылы оқу және телевизиялық сабақтар. "Балапан" және "Еларна" арналары арқылы оқиды; Мектепте төртінші тоқсанның сабақтары үшін 3360 телевизиялық сабақ керек. 300-ден астамы түсірілді.

2-бағыт. Радиоарналар арқылы оқу. "Қазақ ридиолары" арқылы келісімге келіп, радиосабақтар өтеді;

3-бағыт. Пошта арқылы білім беру. Бізде мыңнан астам елді мекенде 5-10 балалар тұрады және бұл жерлерде мектеп жоқ. Қазір бұл елді мекендерде пошта байланысы арқылы тапсырманы жіберіп, керісінше, орындалған жауаптарын да пошта арқылы алынады;

4-бағыт. Интернет платформа. Қысқа уақыт ішінде интернет платформалар дайындалды. Отандық бірнеше  интернет платформа әзірленді. Мысалы, Moodle, GoogleClassroom. 6 сәуірге дейін білім беретін барлық интернет платформа тегін болады.

Айта кетейік, Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралу қаупіне байланысты мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін каникулға жіберілген болатын.

0 пікір
Мұрағат