2016 жылы Қазақстанда исламдық сукук құнды қағазы шығарылмақ
2016 жылы Қазақстанда исламдық сукук құнды қағазы шығарылмақ
2 жыл бұрын 765

Baq.kz ақпарат көзінің хабарлауынша, ел экономикасы исламдық капиталды кеңінен енгізуге дайындалуда. Осы нарықтың мүмкіндіктері мен түйткілді мәселелері Алматыда өткен исламдық қаржыландырудың 12-ші саммитінде талқыланды. Қазір Үкімет пен Ұлттық банк заңнаманы жетілдіру мәселесіне кіріскен. Өйткені еліміз келесі жылы исламдық сукук құнды қағазын шығаруды жоспарлап отыр.

 12-ші исламдық қаржы қызметтері саммиті ТМД елдері арасында алғаш рет Алматы қаласында өтіп отыр. Әлемдік деңгейдегі беделді тұлғалар осы саланы дамыту барысында кедергілерді жою мен болашақ жайын талқыға салды. Айтуларынша, Қазақстан нарығының болшағы зор. Әлем сарапшылары да еліміздің Орта Азиядағы қаржы орталығына айналатына күмән келтірмейді. Бүгінде оның алғашқы іргетасы қаланып та үлгерді. ТМД елдерінің ішінде алғаш Алматыда Әл-Хилал банкі ашылып, екі жыл бұрын сукук құнды қағазы шығарылды. Әлі де жоспар жетерлік.

«Қазақстан үшін исламдық қаржыландырудың маңызы зор. Өйткені біз қаржы дағдарысын айналып өттік. Ислам қаржысының этикалық стандарттары жоғары, әлеуметтік әділдікке баса назар аударады. Әлемде бұл салаға сенім қалыптасқан. Қазақстан аз ғана уақытта ислам капиталы нарығын дамыта алады»,- деді IFSB бас хатшысы Жасим Ахмад.

Дағдарыс алпауыт мемлекеттерге кері әсер еткенмен, ислам банкингі үшін қолайлы болып отыр. Ол керісінше, қадамын қарыштап басып, дамып келеді. Мәселен, соңғы жылдары сукук құнды қағаздары арқылы инвестиция жасау көлемі 19 пайызға, ал оған салынған капитал көлемі 17 пайызға өскен. Дүниежүзі бойынша 112 Ислам банкі болса, оның бірі Алматыда орналасқан. Жуырда оның қатарына тағы бір коммерциялық ұйым қосылмақшы. Екі банкте жеке нарықта жұмыс істейді.Демек, шариғатқа сүйене отырып, несие келісімінсіз, пайызсыз қызмет етеді.

«Исламдық қаржыландыру бойынша жеткен жетістіктеріміз ұжымдық деңгейде ғана. Жуырда исламдық қаржыландыру туралы заң қабылданды. Негізі ислам қаржыландыру лицензиясы бар банктерге «уакала» деп аталатын депозиттер қабылдауға мүмкіндік бердік»,- деді ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Нұрлан Құсайынов.

Ұлттық банк пен қаржы министрлігі келесі сукук құнды қағазын 2016 жылы шығаруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғыда елімізде тәжірибе бар. Үш жыл бұрын Даму банкі аль-Мубараха Сукугын 240 млн малайзиялық ринггитке жылдық үстемақысы 5 жарым пайызбен 5 жылға орналастырған болатын.

0 пікір