Түркістандық түлектер мұқтаж сыныптасының отбасына үй салып берді
Түркістандық түлектер мұқтаж сыныптасының отбасына үй салып берді
5 жыл бұрын 2298

Түркістан қаласында 20 жыл бұрын бітірген түлектер қайырымды іс жасады. 

Түркістанда Қасиетті Рамазан айында 1982 жылғы түлектер игілікті істі қолға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі. Түркістандық түлектер мұқтаж отбасыға үй салып берді. Түркістан қаласындағы Бекзат шағынауданында орналасқан үш мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер бірігіп мұқтаж сыныптасының отбасына үй салып берді.

Осыдан жиырма жыл бұрын №11 Ж.Жабаев, №18 Ж.Еділбаев, №31 Абай атындағы мектептерден түлеп ұшқан түлектер бас қосып қасиетті рамазан айында осындай игілікті істі қолға алуды бірауыздан мақұлдаған.

Жаңа баспанаға ие болған Бақтыбай Таубаев осы мөлтек ауданның тұрғыны. Денсаулығы жоқ жігіт анасымен бірге тұрады. Тай құлындай тебісіп бірге өскен сыныптастың бұл жайы достарын бұрыннан ойландырып жүрген көрінеді.

1982 жылы туған түлектер Рамазан айының алғашқы күндері іске кірісіп, жоспарлаған үйдің құрылысын бір айдың көлемінде аяқтады. 70 шаршы метрді құрайтын 3 бөлмелі тұрғын үйдің кілтін Оразаның соңғы күндерінде табыстап отыр. Бірігіп ауызашар беріп, жаңа үйде құран бағышталды.

"Ер Бекзаттың інілері ізгілікті іс, ынтымақты көрсетіп елге үлгі болды " десті жерлестері.

Қадір түнінде баспаналы болған көпбалалы әке қуанышын жасыра алмады

Түркістан облысы Түлкібас ауданында қайырымды жандар мүмкіндігі шектеулі көпбалалы әкеге баспана кілтін табыстады. Бұған дейін Демешовтер отбасы Түлкібас кентінде пәтер жалдап күнелткен деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Фото: KAZ.NUR.KZ

Фото: KAZ.NUR.KZ

Үш қыз, екі ұлдың әкесі Ғалымжан Демешов 1-ші топтың мүгедегі. Басындағы қатерлі ісікке жасалған отадан соң бір аяқ, бір қолы жансызданып жүруден қалған.

Ал көпбалалы жанұяға күн көру тіптен қиындап, жұбайы көмек сұрап аудандық әкімдікке жүгінген.

Өз кезегінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен және республикалық "Харекет" қорының қолдауымен Демешовтер отбасына Шымкент қаласындағы орталық мешітте Қадір түні жаңа үйдің кілті табыс етілді.

Сонымен қатар бұл отбасыға аудан әкімшілігі тарапынан 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы, "Өрлеу" бағдарламасы, шартты атаулы әлеуметтік көмек және 2015-2019 жылдар аралығында шартсыз атаулы әлеуметтік көмектер көрсетіліп келген. 

Түркістан: Көпбалалы анаға пәтер кілті табысталды

Ораза айтының алғашқы күні Фатима Әліпбай есімді көп балалы анаға ҚМДБ «Зекет» қорының «Ел үлесі - пәтерге» акциясының аясында баспана берілді. Пәтер кілтін тапсыру рәсіміне наиб мүфти Алау Әділбаев арнайы қатысты. Айт намазына жиылған жұртшылықты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының атынан құттықтады.

Сондай-ақ  облыстық мешітте Айт намазынан соң мерекелік шара ұйымдастырылды. Киіз үй тігіліп, меймандарға айттық дастархан жайылды. Балалар тоғызқұмалақ, қазақша күрес, арқан тартыс секілді ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Кешкісін бүлдіршіндерге арналған мерекелік шара тағы өтеді.

Айта кетелік, «Ел үлесі - пәтерге» жобасының арқасында бір аптада Түркістан облысынан 4 отбасы баспаналы болды. Көпшіліктің көмегімен бұл үйлер комиссия тексеруінен кейін, көп балалы, асыраушысынан айырылған, мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік әлеуеті төмен отбасыларға беріліп келеді.

Павлодарда жалғызбасты анаға пәтер берілді

Павлодар өңірініде барлық мешіттерде Ораза айт намазы таңғы сағат 07.00 де басталды. Облыстық орталық «Мәшһүр Жүсіп» зәулім мешітінде өкіл имам Жолдас Қоспақұлы уағыз жүргізді. Өкіл имам барша жұртты Айт мерекесімен құттықтап: «Ардақты ағайын. Мінекей, мейірімі шексіз Алланың қалауымен қасиетті Рамазан айын өткердік, ұлық мереке – Ораза айтына да жеттік. Сіздерді шын жүректен осы бір ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл иісі мұсылман жұрты үшін құрметті болған, қадірлі һәм қасиетті мейрам. Бүгінгі шара – сіздердің, халықтың осы мерекені шынайы сезініп, ықыласпен тойлатып, дүбірлетіп, мәз-мейрам, шат-шадыман күйде өткізсін деген ниетпен жасалып отыр. Мерекелеріңіз мүбәрак болғай,- деді.

Келесі кезекте өкіл имам «Ел үлесі-пәтерге!» науқаны бойынша Павлодар облысы жамағаты атынан көп балалы, жалғызбасты анаға Ақсу қаласынан толық жөндеуден өткен, үй жиһаздарымен жабдықталған 3 бөлмелі пәтер кілтін табыс етіп, осы сауапты шараның жүзеге асуына барынша үлес қосқан жамағат қауымына ерекше алғысын айтты.

Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тиып, көңілі тазарған мұсылман Алла Тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні екі рәкат намаз оқып, тәкбір айтып, дұға жасады.

Ұлық мерекеде мерейіміз тасып, келесі жылға аман - есен жетейік! Ораза Айты құтты болсын!

0 пікір
Мұрағат