Шартарап: Украин әйелі хафыз атанды
Шартарап: Украин әйелі хафыз атанды
9 жыл бұрын 3040

Украиндық Вера Фрындак Құранды бастан аяқ жаттап алды. Вера Фрындак Киев қаласындағы Ислам мәдениеті орталығы жанынан ашылған «Мариям» атты әйелдерді дамыту орталығында жұмыс істейтін «әл-Фирдаус» үйірмесінің мүшесі. Ол алғашқы сүресін осыдан 17 жыл бұрын исламды қабылдап, Құранды жаттауды бастаған екен. Тіпті, бір телеарнаға берген сұқбатында Құранды жаттау ең үлкен армандарының бірі екенін жеткізген. Оның алғашқы ұстазы – өзінің күйеуі. Сирияда білім алған.

Вера католиктер жанұясында өскен. Студент кезінде Исламды қабылдауға шешім қабылдайды. Университетті бітіріп, есепші мамандығын игереді. Сол кезде ол араб тілін үйреніп жүрген болатын. Әрбір аятты түсіндірме мағынасымен көішіріп жазып, оларды есте сақтап қалуға тырысады. 

Кейіннен Вера тұрмыс құрып, балалы болады. Сөйте тұра, ол Құранды жаттауды жалғастыра береді. Құранды жаттауға бірден-бір көмектескен жан өзінің күйеуі екенін тілге тиек етеді 35 жастағы мұсылман келіншек. 

 

Исландияда салынатын алғашқы мешітке саудиялықтар көмектеседі 

Сауд Арабиясының билігі Исландияда алғаш рет ел астанасы – Рейкьявик қаласында салынатын мешіт құрлысына қаржылай көмек көрсететінін жария етті. 3,5 млн долларға бағаланған аталмыш жобаға бір млн доллардан аса қаржы бөлетіні белгілі болды. Бұл жайында «Интерфакс» ақпарат көзі хабар таратты. Тек мешіт қана емес, сонымен бірге, мұсылмандар құлшылық үйінің жанынан ислам мәдениеті орталығы даа салынады. Онда кітапхана, дәріс өтетін аудитория болады. Өткен аптада мешіт жобасына қатысты сәулетшілерге байқау жарияланды. Ең үздік деп танылған жоба авторына 33 мың еуро табыс етіледі. Ресми емес дерекке қарағанда 320 мың халқы бар Исландия тұрғындарының 1,2 мыңын мұсылман жамағаты құрайды. 

 

Жапониядағы ең көне мешітте танымдық экскурсия өтеді

Жапониядағы ең ежелгі мешіттердің бірінде діни-танымдық экскурсия өтетін болды. Аталмыш мешітке бас сұққандар асыл дініміз жайында мағлұмат алып қайтады. Ел астанасы – Токио қаласындағы ең үлкен мешіттің салынуына 1938 жылы Қазан төңкерісінен кейін осы елге Ресейден келген татар эмигранты Әбдірашид Ибрагим мен Әбділхай Құрбан Әлі ұйытқы болды. Әбдірашид Ибрагим осы мешіттің алғашқы имамы да. 1986 жылы мешіт тозып кетуіне байланысты сүрілген болатын. 1998 жылы мешіт құрылысы қолға алынып, 2000 жылы салынып бітті. Оған шамамен 1,5 млрд иен қаржы жұмсалды.

0 пікір
Мұрағат