Қазақтың қара домбырасы Әл-Азһарда күмбірледі (ФОТО)
Қазақтың қара домбырасы Әл-Азһарда күмбірледі (ФОТО)
9 жыл бұрын 7509 muslim.kz

Сәуір айының 15-жұлдызында Мұсылман әлемінің әйгілі дін ғұламалары ілім алған, талай діндарлар түлеп ұшқан, дәстүрлі Исламды жоғары деңгейде оқытатын, Әлемдік деңгейде өзіндік орны бар, Ислам әлемінің «Гарварды» атанған Әл-Азһар университетінің орта білім беру департаментінің ұйымдастыруымен жыл сайынғы «Білім беру саласында жаңа әдістер» атты VIII көрмесі болып өтті. Көрмеде Каир қаласы бойынша Әл-Азһар жүйесіндегі Орта білім беру ордалары өз саласындағы жетістіктерін ұсынды. Аталмыш көрмеге сыйлы қонақ ретінде ҚР-ның Мысыр Араб Республикасындағы Елшісінің кеңесшісі Даданбай Мейірман мырза мен дінтанушы, Әл-Азһар университетінің түлегі, ғылыми зерттеуші Төлебай Мәлік мырза шақырылды.

Қонақтар көрме басталғанға дейін Әл-Азһар университетінің Орта білім беру департаментінің бастығы, профессор, доктор Жума Қадир мырзаның қабылдауында болды. Кездесу барысында Даданбай Мейірман мырза құрметті шейх Жума Қадирмен екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайлы сөз қозғады.

Кездесуден кейін қонақтар көрмеге қарай бет алды. Жоғарыда атап өткендей көрмеде Мысыр елінің білім саласындағы соңғы жетістіктері көрсетілді.

Өздерінің емтихан кезіндегі тығыз сабақ кестесіне қарамай Әл-Азһар университетінің Қазақстандық студенттері еліміз жайлы таныстыру көрмесін ұйымдастырды (Көрме ұйымдастырушыларымен бірге).

 

Көрменің қадірлі қонақтары Әл-Азһар университетінің ғалымдарына филология факультетінің 1-курс студенті Нәрібек Бағлан Елбасы және де алда болатын сайлау жайында әңгімлеуде. Ғалымдар еліміз жайлы деректерге қызыққаны сонша әрқайсысы бір-бір кітапшадан сұрап алды.

Әл-Азхар университетінің түлегі, магистратура бөлімінің 1-курс студенті Төлебай Рабиға еліміз жайлы оқытушыларға мәлімет беруде. Құрметті қонақтар Қазақтың кең даласының суреттегі көріністеріне қарап тамсануда.

Киіз үй мен домбыраның өзі Қазақтың кең даласын жырлап тұрғандай...

Көрме соңынан әр елдің өкілдеріне сөз берілді. Қазақстан атынан өзінің жүрек жарды тілектерін білдірген Мәлік мырзаға қонақтар қошеметпен құрмет көсетіп, тіпті сол жерге жиналған жұрттың көбісі сол сәтті камераға да түсіріп алды.

Қазақ студенттері Нәрібек Бағлан және Фархат Қызырбеков Мысыр халқына домбырамызды таныстырды. Олар «Ерке сылқым» күйін орындағанда, мысырлықтардың тәнті болғаны соншалық, орындарынан тұрып қошемет білдірді. 

Кеш соңында қатысушыларды марапаттау рәсімі болып өтті. Қадірменді ғалым кісілердің бірі шақырылған сыйлы қонақтарды марапаттады. Сонымен қатар Қазақстанның үнемі игі іс-шараларға белсенді қатысатынын айтып, өз алғысын білдірді.

Осылайша қазақтар кезінде Бейбарыс атамыздың билігінде болған араб мемлекетінде Ел байрағын тағы да желбіретті.

2 пікір
Мұрағат