Қазақстандық қари Халықаралық бәйгеде алғашқы ондықта (ФОТО)
Қазақстандық қари Халықаралық бәйгеде алғашқы ондықта (ФОТО)
1 жыл бұрын 1437 muftyat.kz

Дәл қазіргі күндері әлемнің 60-тан астам мемлекетінен жиналған қарилар Малайзия елінде Халықаралық сыннан өтті. Осымен 57-ші рет ұйымдастырылған Малайзия Халықаралық Құран жарысы өз жеңімпаздарын анықтады.

Қасиетті Құран жаттау мен көркемдеп оқу бойынша екі бағыттағы сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген 100-ден аса хафиз-қарилар жиылып білімдерін сарапқа салды. Маусымның 6 мен 16-сы аралығын қамтыған халықаралық бәйгеде Құран Кәрімді бүкіл ереже-қағидаларын сақтай отырып, жатқа оқудың іріктеу сынына қатысқан үміткерлерден тек 30 хафиз ғана финалға өткен. Еліміздің намысын қорғау үшін аттанған Шохан Уәлиев те іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, 4 күнге созылған ақтық сайыста бақ сынады. Шохан Уәлиев жақында ғана еліміздегі VI Республикалық қарилар жарысында Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап, жүлделі орынға ие болған еді. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы мамандарының сенімі мен ел үмітін арқалап Малайзияға аттанған қазақстандық қаридың финалға шығуы үлкен жетістік болды. Өйткені сайыскерлерді әлемдегі мүйізі қарағайдай 20-ға жуық Қасиетті Құран хафиздері, ғалымдар жіті сараптаса әрі  бәйге барысын бүкіл әлем  тікелей эфир арқылы бақылап отырды. Тікелей эфирде әрбір қариға 5 сұрақ қойылып, сұрақтағы аяттың жазбаша нұсқасы экран бетінде көрсетіліп тұрды. Бұл кез-келген көрерменге сайыстың әділдігін саралауға мүмкіндік берді. Осындай сында қазақ баласы Шохан Уәлиев алғашқы 10-дықтың қатарынан табылды.

Еліміздегі ислами жоғары білім шаңырағы Нұр-Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің студенті Шохан Уәлиев соңғы бір жыл бойы  мысырлық ғалым, доктор Сәйд Абдулмәжид Сәйд Мұхамедтен Қасиетті Құран жаттаудан жіті дәріс алған. Шәкіртінің Халықаралық аламандағы аяқ алысын тікелей эфир арқылы қадағалаған ғылым докторы Сәйд Абдулмәжид: "Бұл Шоханның Халықаралық дәрежедегі алғашқы додасы. Алла қаласа, болашақта бұдан да жоғары нәтиже беретіндігіне үмітіміз мол", - деп өз  сенімін білдірді. Шохан Нұралыұлы да Құран Кәрімді жаттауда Нұр-Мүбарактағы ғалымдармен қатар Оңтүстік Қазақстан облысындағы ұстаздарының да еңбегін ерекше бағалауда.    

Малайзия астанасы Куала-Лумпурдағы мәртебелі сайыс жеңімпаздарын марапаттауда Корольдің өзі келіп сыйлықтарды табыс еткен. Бірінші орын Катар, екінші Кувейт, үшінші Тунис мемлекетінің хафиздері иеленген, яғни алдыңғы орынды араб мемлекеттері еншілеген сайыста ТМД елдері арасынан Қазақстан ғана алғашқы ондыққа енді. Бұның өзі еліміздегі ислам дініне деген қолдау мен бетбұрыстың артып, Қасиетті Құран жаттаушы қариларымыздың қатары өсе бастағанының бір дәлелі іспеттес.


1 пікір