Қазақстанда әйелдер семіздіктен зардап шегуде
Қазақстанда әйелдер семіздіктен зардап шегуде
2 жыл бұрын 1175

Қазақстанда семіздіктен әйелдер қауымы зардап шегуде. Олардың басым бөлігін егде жастағы нәзік жандылар құрайды.

Ұлттық салауатты тағамтану орталығының маманы Майгүл Қайнарбаеваның осындай мәлімде жасағанын хабарлады nur.kz ақпарат көзі "Алматы" телеарнасына сілтеме жасап.

"Сауатсыз тамақтануға байланысты семіздік ауруы өкінішке қарай, қазір Қазақстанда кең етек алып отыр. Атап айтатын болсақ, тағамтану академиясының зерттеуі бойынша, ересек адамдар арасында қазір 50 пайыздан астамы артық салмақ пен семіздікке шалдыққан. Ол өте жоғары көрсеткіш", - деді Қазақ Ұлттық медицина университеті нутрициология кафедрасының меңгерушісі Майгүл Қайнарбаева. 

Негізінен семіздік ауруына көбінесе әйелдер бейім келеді. Өйткені, әйелдердің ағзасында әр түрлі гормондық өзгерістер болады. Одан басқа әйелдердің жаны нәзік болуына байланысты әртүрлі жүйке жүйесінде де өзгерістер орын алады. Соған байланысты ерлерге қарағанда әйелдердің арасында семіздік көбірек тараған.

Қайнарбаеваның айтуынша, әйелдер бала өрбіту жас аралығында, яғни, 18 жастан бастап шамамен 39 жасқа дейінгі аралықта семіздік ауруына бейім келеді.

Ересек адамдарды былай қойғанда, бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді де семіздік дерті жайлап барады. Мысалы, 2010 жылы елімізде 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 11,4 пайызы артық салмаққа душар болған.

"Ағза толық қалыптаспаған, әлі де дамып келе жатқан организм үшін мұндай аурулар ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Негізінде жасөспірімдер аталмыш дертке шалдығуда. Ағзада зиянды заттардың көбеюіне байланысты олар ыдырамай, керісінше тері астындағы май қабатына жинала береді", - деді Қайнарбаева.

Қазіргі таңда инфаркт, инсульт, қан қысымының жоғарылауы сынды аурулар семіздіктің салдарынан белең алуда.

1 пікір
  • Оразаны көптеп ұстасақ Алла разылығы үшін.
    Артық салмақ та болмайды, әрі Алланың разылығын аламыз.

    2 жыл бұрын