Палестинаны жаулау саясатын тоқтату жөніндегі қарар БҰҰ ҚК қарауына берілді
Палестинаны жаулау саясатын тоқтату жөніндегі қарар БҰҰ ҚК қарауына берілді
9 жыл бұрын 3616

Иордания Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің қарауына Палестинаны жаулау саясатын тоқтату жөніндегі қарарды ресми түрде табыс етті. Бұл құжатта Иордан өзенінің батыс жағалауынан изриалдіктерді шығару және Палестина мемлекетін құру мерзімі жазылған. Бұл жайында ТАСС ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш құжат бойынша дауыс беру мерзімі әлі белгіленген жоқ. БҰҰ жанындағы Палестина елшісі Рияд Мансұровтың айтуынша, бұл құжаттың мәні «басқыншылықты доғарудың кестесін, қағидаттарын және өлшемдерін бекітуден», сондай-ақ, «жанжалды шешу жолдарын іздеу үшін халықаралық жиынды шақырудан» тұрады. 2015 жылы палестиналықтар БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болуға өтініш бермек. Палестина 2012 жылдан бері БҰҰ-ның бақылаушы мәртебесіне ие. Осыдан 70 жылдай бұрын Палестина территориясы БҰҰ пәрменімен екі бөлікке (арабтық және еврейлік болып) бөлінген. Құдыс қаласына ерекше халықаралық мәртебе берілгенін де айта кету керек. Сол кезден бастап Израиль өздеріне бөлініп берілген жерді иеленіп қана қоймай, тек арабтарға ғана тиесілі Иордан өзенінің батыс жағалауын, соның ішінде Шығыс Құдысты жаулап алған болатын. Нәтижесінде сол аумақты мекен еткен мұсылмандар мен христиандарға күн көрсетпей қуып шықты. Атамекенінен айырылған мұсылмандар мен христиандар әлемдегі босқындардың қарасын арттырып, әлі күнге дейін тентіреп жүр. Бүгінгі таңда жаулап алынған бұл жерде 200-ге жуық еврей келімсектерінің елді-мекені бар. Бұл елді-мекендерде шамамен жарты миллион израилдік тұрып жатыр. Осылайша халықаралық құқықты белден басқан Израиль билігі БҰҰ-ның палестиналықтардың жерін босатып беру турасындағы талабын орындамай келеді. Орындау былай тұрсын, керісінше, өзгенің жерінде заңсыз құрылыс жұмыстарын жалғастырып, палестиналықтарды түрлі сылтаумен ығыстыруда.

 

0 пікір
Мұрағат