Осы заманғы мұсылман әйелдердің бейнесі қандай?
Осы заманғы мұсылман әйелдердің бейнесі қандай?
10 жыл бұрын 4476

Жуырда Кувейт баспасөзінде жарияланған баяндамаға арқау болған Еуропада үлкен жетістікке жеткен мұсылман әйелдері жайындағы талас-тартыс әлі күнге толастар емес. Кувейт қоғамы бұл мәселеде әр түрлі пікір білдіріп жатыр. Біреулер әйелдерге құрметпен қарауға үндесе, енді біреулері ақ жаулықтылардың батыс қоғамының құндылықтары мен өмір сүру салтын қабылдап, ер-азаматтарға тән міндеттерге араласа бастағанына алаңдаушылық білдірді.

 

Шариғат шәлісі – спортқа да, мансапқа да кедергі емес

 Ибтихадж Мухаммад

Өткен аптада бейбітшілік саласы бойынша халықаралық беделі зор Нобель сыйлығын қанжығасына байлаған  Малала Юсуфзай есімді 17 жастағы  тегі пәкістандық қаршадай  қыздың миллионнан біреуге ғана бұйыратын жүлдеге ие болғандығы туралы ақпарат күллі әлемді шарлап кеткен еді. Осыған орай өзге де адамзат игілігі үшін аянбай тер төгіп жүрген осы заманғы мұсылман ақ жаулықтылардың біразын назарларыңызға ұсынамыз.

Осы заманғы мұсылман әйелдері өмірдегі ең басты міндеті – отбасы, ошақ қасының ұйытқысы болып қана қоймай, сонымен бірге, қоғам өміріне белсене араласып, өздерін әр қырынан танытуда. Соның бір жарқын мысалы ретінде Ибтихадж Мухаммад есімді модельер мұсылман әйелінің жетістіктері көпке үлгі болуда. Ол шариғат талаптарына жауап беретін осы заманғы сән үлгісімен тігілген киімдер брендімен әлемге танылды. «Біз шариғат талаптарын сақтай отырып, сәннен қалып қоймауымыз керек»,- деді Louella брендін ойлап тапқан ол ABC News ақпарат көзіне берген сұхбатында. Үш айдың ішінде аталмыш бренд бойынша 4000 киім сатылған. АҚШ-тың семсерлесу құрамасының мүшесі әрі кәсіби спортшы түрлі мәдени шараларға қатысып, белсенділік танытып келеді.   

 

Мұсылман әйелінің саяси аренадағы жетістігі

27 жастағы Босния мен Герцеговинияның тумасы Аида Хаджиалич Лунд университетінің заң факультетін тәмамдап, 23 жасында Швецияның Хальмстад қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл жайында IBNlive ақпарат көзі хабар таратты.  Оның есімі осы елдің тұңғыш мұсылман әрі жас министрі ретінде тарихта қалатын болды. Аида бес жасқа толғанда оның отбасы 1992 жылы орын алған азаматтық соғыстан бас сауғалайды. Өздеріңіз білетіндей, осынау азаматтық соғыс кезінде сербтер әскері этникалық босния мұсылмандарын қан қақсатқан болатын. Осы соғыста 200000 адам қаза тауып, миллиондаған адам босқын атанды. Үш жылға созылған осы соғыстың соңғы айында генерал Ратко Младич басқарған серб әскері Сребреницеде қанды қырғын жасап, 8000 мұсылман ер-азамат пен балалардың өмірін қиды. Бір айта кетерлігі, Швеция тек Босниядан ғана емес, сонымен қатар, Ауғанстан мен Сомалиден келген мұсылман босқындарды қабылдап жатқанына, міне, он жылдың жүзі болды.

0 пікір
Мұрағат