Жеті ғасыр бұрынғы Ақида жайлы қолжазба оқырманға жол тартты
Жеті ғасыр бұрынғы Ақида жайлы қолжазба оқырманға жол тартты
7 жыл бұрын 2805

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада еліміздің  ғылым саласының көрнекті өкілдері, зиялы қауым, ғылымға бет бұрған жас ізденушілер бас қосты. Себебі орта ғасырлық  ғұлама  Хұсам ад-дин  ас-Сығнақидің (1314 ж.қ.б.) әлем кітапханаларынан әкелінген қолжазбасының тұсаукесері өтті. Сөз басында бұл «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» кітабының еліміздің тарихы мен дін саласында аса маңызды да құнды еңбек екенін айта кетейік.    

„Нұр-Мүбарак„ Египет ислам мәдениеті университеті тарапынан дайындалған тарихи туындының тұсаукесер тізгінін проректор, профессор Шамшәдин Керім мырзаның өзі жүргізді. Себебі, ғылым әлемінің қыр-сырымен қатар еліміздегі дін мен тарих саласының тыныс-тіршілігіне қанық ғалымның айтары да мол. Ал әуелі болып сөз алған сонау кеңес дәуірінде еліміздегі орта ғасырлық шығыс  жұлдыздарының бағын ашқан академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің айтары көп еді. Заманымыздың заңғар ғалымы Отырар, Сығанақ даласынан түлеп ұшып, күллі ислам өркениетінің дамуына үлес қосқан ата-бабаларымызға қатысты құнды деректерді ортаға салды:

- Қазақ халқы тек исламды ғана қабылдап қойған жоқ! Біздің ата-бабаларымыз ислам өркениетіне, мәдениетіне, тарихына үлес қосқан. Соның бір дәлелі әлем кітапханалары мен мұрағаттарындағы бабаларымыздың тарыдай шашылған қолжазбалары. Сондықтан Хұсам ад-дин Ас-Сығанақи бабамыз бір ғана ру, аймақтың емес ұлтымыздың, бүкіл халқымыздың мақтанышы. Сығанақ даласынан „Хидоя„ , „Нихояны„ араб тілінде жазған ғұламалар шыққан. Міне бүгін профессор Шамшәдин Керім бастаған ғалымдар тобы сондай қолжазбалардың алғашқы көшін халықпен табыстырып жатыр. Қарап тұрсақ, осы кезге дейін тарих пәндерінен  санаулы тұлғалар мен ғалымдарды ғана айтып келді. Ал бір ғана Отырар даласынан 30 әл-Фараби шыққан. Сығанақ, Сауран, Тараз т.б. жерлерден шыққан ғұламаларымыз қаншама? Сондықтан жастарға артылар үміт зор,-деген академик жас ғылым ізденушілерге ой тастады.

Ал „Нұр-Мүбарак„  университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни бұл алғашқы қолжазбаны жарыққа шығарған авторлар мен қолдаушыларға алғыс білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл еңбектің құндылығын арттырар зерттеулер жасауға мұрындық болып, ғалымдар тобын құруға мүдделілік танытты.

Аға буын ғалымдардың ізін өкшелеген тәуелсіздіктің төл жемісі іспеттес жас ғалымдар Алау Әділбаев, Қайрат Құрманбаевтар да өз пікірлерін ортаға салды. Еліміздегі ғылым дамуының аяқ алысы мен бағыт-бағдары жайлы  сонау атеистік қоғамда халқымыздың жоғын жоқтап, тарихын түгендеп, ата-бабаларымыздың аманатын ақтаған аға буын ғалымдарға алғыс білдірді. Сондай-ақ, Мысырдан келіп елімізге ислам білімі жолында еңбек сіңіріп жүрген әл-Азһарлық ғалымдар да ойларын ортаға салып, сәттілік тіледі.

Ал осы Сығанақ даласынан шыққан ғұламалардың халықпен қауышуына барынша ат салысып жүрген ғалымдардың бүгінгі ұрпақтары да бата мен ақ тілектің астында қалды. Себебі, олар осындай тарихи туындылардың жарыққа шығуына барынша демеу жасап, ғалымдарға қолдау көрсетуде. Қызылорда облысы, Жаңақорған өңіріндегі Сығанақ даласының бүгінгі перзенттерінің бұл еңбектері әлбетте, бір қауымның ғана емес, бүкіл ұлттымыздың тарихы, еліміздің елдігі үшін орасан үлес екенін баса айта кетейік.

Осылайша жеті ғасыр бұрынғы қолжазба қайта жаңғырып, көктемнің алғашқы күнінде тұсауы кесілген Хұсам ад-дин  ас-Сығнақидің «ат-Тасдид фи шарх ат-Тамһид» атты еңбегі  ғылыми айналымға түсті. Тек ғылымға ғана емес халқымыздың тарихы мен танымын бағалайтын оқырманға  тарту жасаған  авторлар филол.ғ.д., профессор Шамшәдин Керім мен шәкірті докторант Серік Тәжібаев. Мұсылманның сенімі төңірегінде таласып жүрген кей қаракөздер үшін түйінді жауап беретін еңбек мәтуридилік кәлам мектебінің көрнекті өкілі Абу-л-Му‘ин ан-Насафидің (1047-1115 ж.ж.) «ат-Тамһид» атты кітабын түсіндіре отырып, ислам философиясы, сенім  ілімдерінің мәселелері  жан-жақты баяндалған.

Сондықтан қазақ халқының тарихы мен діни сеніміне қатысты нақты жауап іздеген жандарға таптырмас құнды тарихи жаңарған жәдігер „Нұр-Мүбарак„ университетінің кітапханасы мен Ұлттық кітапхана қорына тапсырылды. Әлбетте бұл аталған қос шаңырақтың ғана емес, бүкіл қазақ руханияты қорының құндылығын байыта түскен тарихи теңдессіз туынды екені даусыз. 

 

Айша КЕҢЕСБАЙ

„Нұр-Мүбарак„ университетінің баспасөз қызметі  

 

0 пікір
Мұрағат