Жаһан жаңалықтары: Екпеге қатысты алып-қашпа әңгімеге тосқауыл қойды
Жаһан жаңалықтары: Екпеге қатысты алып-қашпа әңгімеге тосқауыл қойды
9 жыл бұрын 2921

Елде қолға алынған екпе науқанына байланысты алып-қашпа әңгімелерге Малайзияның денсаулық сақтау министрлігі тосқауыл қойды. «Шариғат талаптарына сай келмейтін екпе егілуде» деген қауесет желді күнгі өрттей қаулап, ата-аналар балаларына екпе жасатудан ада-күде бас тартқан болатын. Елдің денсаулық сақтау министрі Субраманиам (Subramaniam) мұндай әәңгімеге ешқандай негіз жоқтығын мәлімдеп, осы мәселеге байланысты екпе туралы пәтуа шығарған ислами даму бөліміменбірге жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. «Аталмыш пәтуада екпенің тиімділігі мен қауіпсіздігі, оның шариғат талаптарына толық сай келетіні және елдегі ауру түрлерінің алдын алудың маңыздылығы айтылған»,- деді ол осы мәселеге байланысты сөйлеген сөзінде. Десе де, бұл тақырып әлеуметтік желілерде және бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде мерзімді бапсөзде кеңінен қозғалып, қоғамда кәдімгідей дүрбелең тудырған еді.

Ирак пен Ауғанстандағы жанжал жайында көрме ашылды

Еуропаның қақ төріндегі Брюсселде Ауғанстан мен Ирактағы қарулы қақтығыстар мен әскери ұрыстардан, соғыстың лаңынан хабар беретін көрме ашылды. «Ирак. Ауғанстан. Заттай айғақ», деп аталатын көрме Бельгия астанасының қақ ортасынан ойып тұрып орын алған осы заманғы Sofitel қонақ үйінде өтіп жатыр. Әскери тақырыпта қалам тартатын тілші әрі фотожурналист Бенджамин Хиллер (Benjamin Hiller) ұйытқы болған аталмыш көрменің есігі наурыз айының 20-нан бастап,сәуірдің 2-не дейін ашық болады. Мұндағы мақсат әлем қауымдастығын осынау екі елдегі соғыстың салдары мен зардаптарынан хабардар етуге саяды. Сондай-ақ, бұл көрмеде фотожурналист талай жыл басынан бұлт арылған екі елден әкелген жәдігерлерді де жұртшылықтың назарына ұсынады. 

 

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливан-Израил шекарасындағы тығырыққа байланысты қару-жарақ тыйымын салатынын ескертті

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі үстіміздегі жылдың наурыз айының 19-ы күні Ливан мен Израил шекарасында қалыптасқан күрделі ахуалға байланысты қару-жарақ иелену құқығынан айыратын тыйым салу шарасын қолданатынын ескертті. БҰҰ ҚК төрағасының мәлімдемесінде айтылғандай, мұндай ахуал буферлік аймақтағы түрлі топтардың қолында қарудың болуынан қалыптасып отыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі тараптарды сабыр сақтауға шақырып, бұл талап орындалмаса аймақтағы жағдайдың одан ары шиеленісіп кетуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Сондай-ақ, Ливанның оңтүстігінде террористік әрі экстремистік топтардың болуы да аймақтағы тұрақсыздыққа қауіп төндіруде. 

 

Қаржы дағдарысы Палестина автономиясының түбіне жетпесін

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Палестина автокомиясының қаржы дағдарысына тап болуы мүмкін екенін ескертті. Бұған Палестинаның Халықаралық қылмыстық сотқа мүше болып енуіне байланысты Израилдің палестиналықтардан салық ретінде жинап алған өз қаржысын өткен жылдың соңынан бері аудармай отырғандығы себеп болмақ. "Маан" ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұған қоса, Израилдің өткен жылдың жазында Газа секторына жасаған шабуылынан экономикалық зиян шеккендігі де дағдарысты одан ары тереңдете түспек. Осыған байланысты ХВҚ Палестинаның өз алдына дербес ел болып кетеріне сенімсіздік білдіріп отыр.

 

Таулы Қарабақта қарулы қақтығыс болды

BBC News ақпарат көзінің хабарлауынша Таулы Қарабақтағы армян-әзірбайжан шекарасында тағы да қарулы қақтығыс болды. Адам шығыны бар.
Әзірбайжан қорғаныс министрінің мәліметінше, жанжал барысында Армения тарапының 20-ға жуық сарбазы қаза тапқан немесе ауыр жараланған. Ал, мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының қорғаныс министрлігінде үш адамның көз жұмғандығын және төртеуінің жараланғанын мәлімдеді. Айта кетейік, аталған даулы аймақтағы қақтығыс қос ел арасында ұзақ жылдардан бері жалғасып келеді. Бүгінгі таңда Таулы Қарабақ толықтай Армения тарапының бақылуында.

 

Араб елдері бойынша ең алып жәрмеңке басталды

Мысыр астанасы Каир қаласының Насер-Сити деп аталатын ауданында араб елдері бойынша ең алып жәрмеңке басталды. Бұл жайында muslim.kz ақпарат көзі хабар таратты. Аталмыш жәрмеңкеге араб елдері мен әлемнің өзге 11 мемлекетінің және 700 мысырлық компаниялар қатысады. Осымен 48-ші рет өткізіліп отырған алып жәрмеңке наурыз айының 27-жұлдызына дейін жалғасады. Ұйымдастыру комитетінің басшысы Наджва Ришад бұл жәрмеңкенің Таяу Шығыс пен Африка мемлекеттері арасындағы сауда-саттық байланысын нығайтуда орны бөлек екеніне сенімді. «Бұл шара – әр елден келген кәсіпкерлердің өзара кездесіп, келісімшартқа отырып, іскерлік шаруаларын жалғастыруға таптырмайтын мүмкіндік. Сондай-ақ, жәрмеңке мысырлықтар мен қонақтар үшін де тиімді болмақ», – дейді ол өз сөзінде. Биылғы жәрмеңкеге Кувейт, БАӘ, Алжир, Ирак, Судан, Индонезия, Шри-Ланка, Кения, Бангладеш, Эфиопия, Эквадор секілді мемлекеттердің компаниялары қатысатын белгілі болып отыр. Аталмыш тізім әлі де толыға түсуі мүмкін.

0 пікір
Мұрағат