Елімізде донорлар жылына қанша литр қан тапсырады
Елімізде донорлар жылына қанша литр қан тапсырады
4 ай бұрын 640

Елімізде жыл сайын донорлар 200 мың литрден аса қан тапсырады екен, оның 40 мыңы Нұр-Сұлтан қаласына тиесілі, деп хабарлады «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі. Бұл жайында baq.kz ақпарат көзі хабар таратты.

Тапсырылған қаннан науқастарға құю үшін қажетті эритроциттер, плазма, тромбоциттер секілді қан компоненттері жасалады. Донорлық қан компоненттері негізінен онкогематология, кардиохирургия науқастарына, жас босанған аналарға пайдаланылады.

Қан орталығы еліміздің 460-тан астам медицина ұйымдарын донорлық қан компоненттерімен қамтамасыз етеді, оның ішінде Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы Нұр-Сұлтан қаласының 23 клиникасын қан компоненттерімен қамтамасыз етеді.

Елімізде қан компоненттері мен препараттарын құюды қажет ететін 80 мыңнан аса пациент бар десек, олардың 14 мыңы Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Жалпы алғанда, елімізде жыл сайын 360 мың мөлшерінде қан компоненттері құйылады.

«Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберіндегі қызметтерді сатып алу бойынша жасалған келісімшартқа сай Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушісі болып табылады. Еліміз тұрғындарын қажет жағдайда қауіпсіз қан қорымен қамтамасыз ететін Қан қызметі – денсаулық сақтау жүйесінің негізгі компоненті. Донор ретінде тұрақты түрде қан тапсырып жүрген пациенттер, мемлекеттік бюджет шеңберінде АИВ (ВИЧ)-на, В және С гепатиттеріне, мерезге (сифилис) тегін талдау/анализ тапсырып, өзінің қан тобын, резус-факторын және гемоглобин деңгейін анықтап, біле алады», - дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін, яғни 14 маусым күні сағат 17.00-де елордамыздағы «Хан шатыр» ОСО-да «Баршамызға қауіпсіз қан!» ұранымен Дүниежүзілік донор күніне арналған шара өтеді.

Айта кетейік, бүгін – Дүниежүзілік қан доноры күні. 2005 жылдың мамырында Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясының барысында бірқатар мемлекеттің денсаулық сақтау министрлері ерікті қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті бірауыздан мақұлдады. 

0 пікір
Мұрағат