Ел жаңалықтары: 500 тоннаға жуық азық-түлікті дүкен сөрелерінен алып тастады
Ел жаңалықтары: 500 тоннаға жуық азық-түлікті дүкен сөрелерінен алып тастады
9 жыл бұрын 3474

Дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің жарамдылығын тұтынушылар құқығын қорғайтын мамандар тексеретін болады. Алматылықтардан тауардың, соның ішінде тағам өнімдерінің сапасына қатысты арыз-шағым көптеп түседі. Бұл жайында «Алматы» телеарнасы хабар таратты. Алматы қаласындағы тұтынушылардың 70%-дан аса шағымы тағам өнімдеріне қатысты болып шыққан. Тұрғындар негізінен тағам өнімдерінің мерзімінің өтіп кеткеніне шағымданған. Өткен жылғы тексеру барысында оңтүстік астанамыздың дүкен сөрелерінен 430 мың келіден асатын бүлінген тауарлар алынып тасталған. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Ал сатушыларға айыппұл салынған. Сондай-ақ, ойыншықтар сапасына көңілі толмайтындардың қарасы көп. Өткен жылы балалар ойыншықтарының 10 пайызы мемлекеттік талапқа сай болмай шыққан. Тұтынушылардың шамамен 25%-ы өздерінің міндеттері мен құқықтарын білмейтін болып шықты. Олардың бұл тараптағы сауаттылығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған, атап айтқанда, видеороликтер пен баспа өнімдері әзірленіп жатыр. 

 

Перзентхана қызметкері туберкулезбен ауыратын болып шықты

Орал қаласындағы №2 перзентхана қызметкерінің туберкулезбен ауыратыны белгілі болды. Бұл жайында "Мой город" ақпарат көзі хабар таратты. Яғни, аталмыш басылым редакциясына оқырмандардың бірі хабарласып, туберкулездің ашық формасымен сырқаттанатын медицина қызметкерінің жауапсыздығын жайып салған. Шаранаға ауруын жұқтыру мүмкін екеніне алаңдаушылық білдірген. Ал перзентхана қызметкерлері оның әкімшілік бөлімінде жұмыс істейтінін алға тартып отыр. Денсаулық басқармасының баспасөз қызметі өз кезегінде мынадай ақпарат таратты: «Ол мекеме әкімшілігінде жұмыс істеген. Оның туберкулезбен ауыратыны анықталды. Қазіргі уақытта ол тексеруден өтіп жатыр әрі емделуде. Шараналарға, дәрігерлерге және босанатын әйелдерге ол жақындаған емес. Қызметкерлер мен пациенттер тарапынан оның денсаулығына қатысты шағым түскен емес». Еліміздің заңына сәйкес ашық формада туберкулезбен ауыратын сырқат төңірегіне қауіпті болып есептеледі әрі оны оқшаулауды талап етеді. Елімізде бір сырқатты емдеп жазу үшін мемлекет тарапынан 936 мыңнан үш млн теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

0 пікір
Мұрағат