ЭКСПО көрмесі аясында қандай шаралар өтеді?
ЭКСПО көрмесі аясында қандай шаралар өтеді?
7 жыл бұрын 3940 inform.kz primeminister.kz Айжан Серікжанқызы, Жасұлан Жолдыбаев

Елордада AstanaArtFest фестивалі кезінде "Бәйтерек" монументі алдындағы LED-дисплейлер арқылы "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылу салтанаты тікелей эфирде көрсетілмек. Бұл туралы бүгін Астана әкімдігінде Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мәлім етті.

Басқарма басшысының сөзінше, Астанада "Нұржол" бульварында III халықаралық "AstanaArtFest-2017" арт-фестивалі өтеді.

"Нұржол" бульвары AstanaArtFest фестивалінің өнер көрмесіне айналады. Бұл шара елорда тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті фестивальдарының бірі. Екі жылда фестивальге әлемнің 10 мемлекетінен 78 мың сүретші қатысса, оны тамашалаған көрерменнің саны жарты миллионнан асып кетті", - деді Мажағұлов.

Оның айтуынша, фестивальге дүниежүзінен келген қылқалам шеберлерімен қатар, дизайнерлер, арxитекторлар, музыканттар мен режиссерлер қатысады. Дайын туындылар 1 маусымнан бастап орнатыла бастайды, ал фестивальдің ашылуы 10 маусымға белгіленіп отыр. Жалпы ЭКСПО-2017 көрмесі барысында 647 мәдени шара өткізілгелі отыр.

 "Мәдени-көпшілік шаралар қалада жаз бойы өтетін болады. Жоспарланған шаралар түрлі форматтарда өтпек. Онда концерттер, көрмелер, отбасылық шаралар, театрландырылған және цирк қойылымдары болады. Ал "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылу мен жабылу салтанаттары "Бәйтерек" монументі, қалалық алаңда және "Студенттік" саябақта орнатылатын үлкен LED-дисплей арқылы тікелей эфирде трансляцияланады", - деді ол.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы және Астана қаласының әкімдігі ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында елордада өтетін мәдени іс-шаралардың бағдарламасын жариялады.

2017 жылдың маусым-қыркүйек айларында қала әкімдігі 647 мәдени-бұқаралық шара ұйымдастырады. Жоспарланған шаралар халықтық серуен, мәдени-бұқаралық, отбасылық демалыс, фестивальдер, көрмелер, театрландырылған және цирк қойылымдары сынды түрлі форматта өткізіледі. Оған қоса,  ЭКСПО көрмесінің ресми ашылу және жабылу салтанатын қаланың үш ауданында тікелей эфирден тамашалауға болады. Үлкен LED экрандар «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және Студенттік саябақта орнатылады.

Үш ай бойы елорда саябақтарында балалар мен ересектерге арналған мыңнан астам ойын-сауық шарасы өтеді.  Астаналық, Студенттік, Жерұйық, Президенттік және Арай саябақтарында «Саябақтың жеті кереметі» атты шара ұйымдастырылады. Онда қазақ ертегілерінің, диснейлік кейіпкерлер мен роботтардың қатысуымен 7 шоу-бағдарлама көпшілік назарына ұсынылады. Шоу жұмыс және демалыс күндері - күніне 2 рет өтеді.

Әдеттегідей, Сулы-жасыл бульвар бойы ашық аспан астындағы көрме павильонына айналады. Мұнда  елорда тұрғындары мен қонақтарының сүйікті шараларының бірі ІІІ Astana Art Fest халықаралық фестивалі ұйымдастырылады. Биылғы арт-фестивальге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Жапония, Армения, Украина, Германия сынды әлемнің 9 елінен суретшілер, дизайнерлер, сәулетшілер, музыканттар мен режиссерлер келеді. Дайын жұмыстар желекжолға 1 маусымнан бастап қойылады, ал фестиваль 10 маусымда ашылады. Сондай-ақ, қазіргі заманғы өнер, сәулет және дизайн бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізуге арналған арнайы орындар әзірленеді.

«ЭКСПО» халықаралық көрмесі сынды ірі шара барысында Астанада ұлттық ерекшелігімізді дәріптейтін шаралар да ұйымдастырылады. Соның бірі - дәстүрлі қазақ музыкасының «Астанаға тарту» концертінде көрермендер «Жетісу», «Арқа», «Сыр» және «Батыс» сынды төрт түрлі дәстүрлі ән айту мектебі өкілдерінің орындауында қазақ халқының бай фольклорымен таныс болады.  Одан бөлек, халық аспаптары оркестрлерінің «Серпер» фестивалі, үрмелі аспаптар оркестрлерінің «Астана самалы» фестивалі  өтеді. Театр апталығы да елордада 5 жылдан бері үзбей өткізіліп келеді.  Жыл сайын «Сахнадан сәлем» фестивалінде Қазақстан мен шет мемлекеттердің үздік театр ұжымдары бас қосады.

Мәдени-бұқаралық шаралар Астана маңындағы тұрғын алаптарында да өтеді. Пригородный, Интернациональный, Мичурино, Күйгенжар, Өндіріс, Железнодорожный, Үркер, Көктал және Промышленный тұрғын алаптарының халқы демалыс күндері қазақстандық артистер мен елорданың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен «Думанды Сарыарқа» концертін тамашалай алады.

Әдеттегідей, Елорда күні аясында Астанада эстрада жұлдыздарының концерттері өтеді. Биыл қаланың концерт залдарында «Музарт», «Дервиши» топтарының концерттері, Секен Тұрысбек пен Алтынбек Қоразбаевтың шығармашылық кештері ұйымдастырылады.  Сонымен қатар, жазда «Астана жұлдызы» ұлттық кәсіби музыкалық сыйлығын табыстау салтанаты өтеді. Шараға отандық эстраданың танымал өкілдері қатысады және «Жылдың үздік орындаушысы» анықталады.

 «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өтетін мәдени шаралар жоспарына түрлі жанрдағы концерттер де енгізілген. 23-24 маусым күндері «Бәйтерек» монументі алдында «The Spirit of Astana» заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді. Сахна төрінде Африка, АҚШ, Македония, Грузия, Венгрия, Ресей, Қазақстан, Башқұртстан, Бурятия және Тува мемлекеттерінің музыкалық ұжымдары өз өнерлерін ортаға салады. 15 шілде күні «Сан-Ремо жұлдыздары Астанада» фестивалін тамашалауға болады. «Азия жаңғырығы» X халықаралық цирк өнері фестивалі де отбасылық демалысқа арналған шаралардың бірі болмақ. Сонымен бірге, жастарға арналған «Energy Party» электронды музыка фестивалі және «International Street dance Session in Astana» көше биі фестивалі өтеді. 30 маусымнан 2 қыркүйекке дейін әр демалыста «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда, қалалық алаңда және Студенттік саябақта ашық аспан астында «Есіл кештері» концерттері ұйымдастырылады.

Бұдан бөлек, халықаралық көрме барысында Astana Game Fest алғашқы геймерлер фестивалі өтеді. Шара аясында компьютерлік ойындар бойынша халықаралық жарыстар, робототехникадан шеберлік сыныптары, жаңа ойындардың презентациялары, дрондар шоуы және т.б. шаралар ұйымдастырылады.

«ЭКСПО» халықаралық көрмесі аясында өтетін шаралар бағдарламасына  спорттық жарыстар да енгізілді. Мамыр айының ортасынан бастап жексенбі күндері Астаналық, Жерұйық және Студентік саябақтарда Astana Fitness Park шарасы өтеді. Шара барысында кәсіпқой бапкерлердің жетекшілігімен кроссфит, йога, зумба және т.б. бойынша жаттығу жасауға болады. 25 маусым күні Астанада дуатлоннан үшінші қалалық турнир өткізіледі. Оған 18 жастан асқан азаматтар қатыса алады.

Астана қаласының әкімдігі Александр Масляковтың қатысуымен КВН-ның халықаралық жазғы кубогын, «Барыс Арена» стадионында Олимпиада чемпионы Евгений Плющенко мен мәнерлеп сырғанаудың өзге де жұлдыздарының кешін, қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздарының қатысуымен музыка өнеріне қосқан үлесі үшін наградалар табысталатын «Астана дауысы» халықаралық музыка фестивалін ұйымдастырады.

ЭКСПО-2017 көрмесі аясында кино нарығы ұйымдастырылады

ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызды шараларының біріне айналатын «Еуразия» халықаралық кинофестивалі аясында, алғаш рет «Еуразия фильм маркет» кино нарығы ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Үкіметі отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.

Кино нарығы - бұл ұсынылатын, сатып алу және сату заты кино өнімі болып табылатын іскерлік көрме-жәрмеңке.

Егер фестиваль кино көрсетіліміне баруды қарастыратын болса, кино нарығында нағыз кино саудасы - яғни, фестивальде көрсетілген фильмдерді сатып алу, сату шарасы өтеді. Кинокомпаниялар мен туындылардың иелері жаңа фильмдер мен әлі аяқталмаған кино өнімдерінің үзінділерін ұсынады. Бұдан өзге, кинонарық кәсіби өздігінен білім алу алаңына айналады: продюсерлер мен режиссерлерге конференциялар, «дөңгелек үстелдер», тақырыптық пікірталастар, шеберлік сағаттары өткізіледі.

ЭКСПО кезінде 20-дан астам xалықаралық спорт жарыстары өтеді

Астанада ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде 20-дан астам xалықаралық спорт жарыстары өтеді. Бұл туралы Астана қаласы спорт басқармасы басшысының орынбасары Самат Қабдулин мәлім етті.

Сонымен қатар бәйге, көкпар, асық ату сияқты ауқымды спорттық сайыстар өтпек. 

Оның айтуынша, спорттық шаралар кезінде елордада бірқатар көшелер жабылатын болады.

"Оған түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз, біздің қала саламатты өмір салтын дәріптеуге тиіс, марафондардың өткізілуі кезінде қаланың кейбір көшелерін жабуға тура келеді. Әрине, біз өзіміздің тарапымыздан барлық маршруттарды мұқият пысықтаймыз. Бірақ дуатлон, триатлон, марафон кезінде қала көшелерін жабуымыз керек болады", - деді С. Қабдулин.

Шенеуніктің сөзінше, шара өтер кезде xалыққа жабылатын көшелер туралы мәліметтер алдын ала xабарландырылады.

"Сол күндері тұрғындар өз маршруттарын алдын ала жоспарлаулары керек", - деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

ЭКСПО-2017 қатысушыларына Байқоңыр нысандарына кіру рәсімі жеңілдетіледі

«Байқоңыр» ғарыш кешені «ЭКСПО-2017» қатысушылары баратын нысандар тізіміне енгізілді. Ұйымдастыру мәселесі бүгін ғарыш кешені басшыларымен өткен мәжілісте талқыланды.

«Біз қонақ күтуге 2014 жылдан бастап әзірлендік. Өткен екі жарым жылда қаланы абаттандыру, Байқоңырдың туристік әлеуетін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Өкінішке орай, ойлағанның бәрі іске аса қойған жоқ», - деді қала әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко.

РФ мен ҚР азаматтарының «Байқоңыр» кешені нысандарына кіруін қамтамасыз ету үшін келу күніне дейін 10 күн бұрын, ал шетелдік азаматтар 55 күн бұрын өтініш беруі тиіс.

Роскосмос филиалы директорының орынбасары Андрей Егоров мемлекеттік корпорация басшылығы ЭКСПО жұмысы кезінде (2017 жылғы 10 маусым - 10 қыркүйек) шетел азаматтары үшін өтініш берудің 10 күндік мерзімін белгілеу туралы шешім қабылданғанын айтты.

ЭКСПО-2017 аясында Байқоңыр ғарыш айлағына екі мыңға жуық адам келуді жоспарлауда.

0 пікір
Мұрағат