Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні
Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні
9 жыл бұрын 7051 baq.kz

Бүгін - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні, еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі. Тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. 

16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.

1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі "Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы" заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің мерейін нығайта түсті.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары, екінші болып айдаһардай айбарлы Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Бұдан әрі Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті таныды. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген жаңа мемлекет пайда болды. Небәрі бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін қуаттап, дипломатиялық қатынастар басталды.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан төрткүл дүниеге танымал болып, ғасырларға тең жолдан өтті. Қазақстанның бастамалары бүгінде бүкіл әлемге танымал. Еліміз алыс-жақын жұрттармен аралас-құралас байланыста, стратегиялық әріптестікте Орталық Азия өңіріндегі тұрақтылықтың негізі болып келеді.

«Бірлікті сақтау және нығайту - ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық», - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Тәуелсіздік күніне орай Астанада өткен салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде.

Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел идеясы мызғымас тұрақтылықтың символы бола отырып, ертеңгі күнге жол сілтейтін, болашаққа сенімді білдіретін идея екеніне назар аударды.

Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында еліміз дамуының 2050 жылға дейінгі жарқын даму болашағы айқын көрсетілген. 

0 пікір
Мұрағат