АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси текетірес Қазақстанға қалай әсер етеді?
АҚШ пен Қытай арасындағы геосаяси текетірес Қазақстанға қалай әсер етеді?
4 жыл бұрын 3190 Айжан Қалиева

Саясаттанушы АҚШ мемхатшысы Майк Помпеоның Орталық Азия елдеріне жасаған сапары нені көздейтіне кеңінен тоқталды

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Пампеоның Орталық Азия елдеріне сапары әлі аяқталған жоқ. Күні кеше ғана Қазақстанға келіп «Қытайға саяси қысым көрсетуге» үндеп кеткен Ақ үй хатшысының бұл сапардағы мақсат-мүддесі қандай, алып держава Қытай мен АҚШ арасындағы геосаяси текетірестегі Қазақстанның рөлі туралы Azattyq Ruhy тілшісіне саясаттанушы, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековпен айтып берді.

- АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Помпеоның Орталық Азия елдеріне жасап жүрген сапарына қатысты ТМД саясаттанушылары түрлі пікір білдіруде. Ресей мен Қытай белсенді әрекет ететін Орталық Азия аймағында АҚШ-тың негізгі көздеген мүддесі қандай?

- АҚШ-тың Орталық Азия аймағындағы елдер тәуелсіздік алғаннан бергі стратегиялық мақсаттары мен міндеттері еш өзгерген жоқ. АҚШ әу бастан Орталық Азия елдерінің мемлекеттігін күшейту бағытында өз саясатын жүргізіп келеді. Ал, геосаясат тұрғысындағы мақсаттары – Орталық Азиядағы Ресей мен Қытай ықпалын әлсіретіп, барынша аймақтық мемлекеттердің экономикалық интеграциясын дамыту, Қытай мен Ресейге тәуелділіктерін төмендету.

Помпеоның бұл сапарында экономикадан гөрі, саясат басымырақ. Себебі Орталық Азия Америка үшін экономикалық қатынастар бойынша ең соңғы орындардың бірінде. Экономикалық тұрғыда біздің аймақ қандай да бір ерекше маңыздылық танытпайды. Мысалы, Қазақстан мен Американың саудасы 2 млрд долларға жетпейді. Яғни деңгей көрсеткіші өте төмен.

Тағы бір ескеретін нәрсе, Помпеоның сапары тек Орталық Азияға ғана арналмаған, ол сапарын посткеңестік елдер, оның ішінде Украинадан бастады. Кейіннен Белоруссияға тоқтады, одан кейін Қазақстан, Өзбекстанға ат басын бұрды. Украина, Киев, Минскідегі келіссөздердің қорытындысын қарасақ, онда АҚШ күн тәртібіне қойып отырған мәселе – посткеңестік елдердегі Ресей ықпалымен күресу және бұл ретте Украина АҚШ-тың басты базасы, себебі, Ақ үй Украина арқылы посткеңестік мемлекеттердегі саяси процестерге өзінше әсер етуге тырысады.

Минсктегі сапарына тоқталсақ, Помпео ол елге де Ресейден тәуелділігін төмендету бойынша идеялар ұсынды. Бүгінгі таңда Мәскеу мен Минск арасында энергетикалық мәселелер бойынша Ресей мұнайын Белоруссияға қандай да бір салықсыз экспорттау туралы дау-дамай шешілмей келеді. Осы тұста Помпеоның сапары аталған елдерге сәтті келді. Екі одақтас ел арасында кикілжің болып жатқан тұста, Помпео Белоруссияға: «Біз сіздерді жалғыз қалдырмаймыз, біз сіздерге көмектесеміз!» деген месседж жасады.

Қорыта айтқанда, АҚШ өзінің посткеңестік кеңістіктегі күн тәртібін бүгінгі таңдағы геосаяси мақсаттармен үйлестіріп, аймақтық стратегияны жаңартқысы келеді. Жаңарту ол түбегейлі жаңарту емес, белгілі бір деңгейде белсенділікті арттыру. Оған өздерінің ішкі себептері де жоқ емес. Биыл қараша айында АҚШ-та президент сайлауы болады. Трампқа сыртқы саясатта жеңістер керек, себебі, сайлаушылары алдында өзін «dealmaker» (ұтымды менеджер) ретінде көрсеткісі келеді.

- Қазақстан үшін Ресей және Қытаймен серіктес болу тиімдірек пе, әлде, АҚШ-пен бе?

- Қазақстан жағдайында көпвекторлық саясат өзін толықтай ақтайды. Себебі Орталық Азия мемлекеттері үшін қандай да бір геосаяси державамен шектеліп қалуға болмайды. Біз өз егемендігімізді күшейту үшін барлық мемлекеттермен әріптестік, жақсы қарым-қатынаста болуға тырысудамыз. Бұл ретте қандай да бір державаны таңдау керек емес және ондай жағдайды барынша болдырмауға тырысу қажет.

Біздің сыртқы саясаттағы басты мақсатымыз – қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Сондықтан сыртқы геосаясаттағы жасай алатын қадамдарымыздың санын күшейтпеген жөн. Бүгінгі таңда Қытаймен қандай да бір экономикалық мәселелер бойынша көбірек қарым-қатынас жасасақ, Ресеймен қауіпсіздік саласында диалогымыз өте жақсы. Одан бөлек, Еуразиялық Экономикалық одақ бар.

Өз кезегінде АҚШ немесе Еуропа мемлекеттері біз үшін тек геосаяси қолдау көрсету ғана емес, әртүрлі инвестициялар. Бүгінгі таңда Қазақстан үшін ең ірі инвесторлар – Еуропа мемлекеттері. Одан бөлек ең ірі сауда әріптестеріміз де осы «кәрі құрлықта». Сондықтан біз бір-бірімізге қажетпіз.

Сондай-ақ, біз мұсылман әлемінің мемлекеттерімен де қарым-қатынасты дамытуға тырысудамыз. Сыртқы саясатқа басымдық тұрғысынан қарасақ, бірінші орында Орталық Азиядағы көршілеріміз. Одан кейін посткеңестік мемлекеттер, оның ішінде Ресей, содан кейін Қытай, одан соң Еуропалық одақ және АҚШ. Себебі біздің ұлттық мүдделерімізді барынша қамтамасыз етуге оңтайлы мүмкіндік – көпвекторлы саясат. 

- Сарапшылардың пікірінше, соңғы уақытта Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанның АҚШ-пен қарым-қатынасы нығая түсуде. АҚШ пен Өзбекстан арасындағы байланысты қалай сипаттар едіңіз?

- Олай айтуға әлі ерте. Өзбекстан мен АҚШ арасындағы байланыс белсенділігі артып келе жатыр. Бірақ ол Өзбекстандағы биліктің ауысуына қатысты. Жаңадан келген мемлекет басшысы Ш.Мирзиеевтің ішкі саясаттағы ұстанымдары, сыртқы саясаттағы қадамдары ол елдің жаңа реформаларға бет алғанынан хабар береді.

Екіншіден, Өзбекстан бұрынғыдай адам құқықтары мәселесі ушыққан күйден өтті. Сондықтан АҚШ-пен қарым-қатынасты жаңа бір парақтан бастауға мүмкіндік туып отырғанда, көршілес ел мүмкіндікті босқа жібергісі келмейді. Бірақ экономикалық, инвестициялық байланыстар тұрғысынан, әскери саладағы диалог бойынша алып қарасақ АҚШ-тың аймақтағы басты әріптесі – Қазақстан.

Ал, Өзбекстанның бізден артықшылығы Ауғанстанмен байланысы. Себебі Орталық Азия мемлекеттерінде Өзбекстанның ғана Ауғанстанмен тікелей теміржол байланысы бар. Оның үстіне,  2014 жылдан бастап НАТО әскерлерінің белгілі бір бөлігі шығарыла бастады, сол тұста АҚШ пен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас ушығып, АҚШ әскерін Орталық Азия мемлекеттерінің аумағы арқылы шығарған болатын. Осы тұрғыда Өзбекстанның маңызы зор болды.

Одан бөлек, Мирзиеев президент болғалы Өзбекстан Ауғанстан мәселесін реттеу бойынша, өзіндік диалог алаңын дамытуға тырысуда.

Жалпы, Ауғанстанның ішкі саясатында өзбек ұлты тұрғындарының ойнайтын рөлі үлкен. Ауғанстан әртүрлі этностардан құралған мемлекет. Саны жағынан алдымен пуштундар, одан кейін өзбектер, содан соң тәжіктер. Өзбекстан Ауғанстандағы өзбек диаспорасы арқылы ішкі саяси мәселелерді реттеуде Қазақстанмен салыстырғанда мүмкіндігі көбірек. Сондықтан Өзбекстан осыны пайдаланғысы келеді, бұл ретте АҚШ-тың Өзбекстанмен тереңірек жұмыс істеуде алғышарттары бар. Оны мойындауымыз керек. Бірақ қазіргі таңда ресми деңгейде болсын, бейресми деңгейде болсын Қазақстан АҚШ-тың басты әріптесі. 

- Помпео Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға байланысты барлық елдерді Қытай билігіне қысым көрсетуге шақырды. Дегенмен, оның бұл үндеуіне еліміздің СІМ ешқандай реакция білдірген жоқ. Тіпті ресми БАҚ беттерінде де аталған жаңалықтар «декоротивті» түрде ғана берілді десе болады. Қазақстанның бұл тұрғыда еш реакция білдірмеуіне нендей себептер бар?

- Қытай мен АҚШ арасындағы бәсекелестіктің деңгейі жәй ғана қалып отырған жоқ, бүгінгі таңда олардың арасында «конфронтация» (текетірес) деңгейі тереңдеп барады. Себебі Қытайды Америка экономикалық бәсекелес емес, әлемдегі нөмірі бірінші державаның рөліне ұмтылып отырған мемлекет ретінде қарастырып отыр.

Одан бөлек, АҚШ-ты уайымдатып отырған мәселелердің бірі Қытайдың технологиялық державаға айналып бара жатуы. Қытай әлемдік көшбасшылыққа қарастыру үшін технологиялық пәрменін өсіріп алды. Сондықтан, Қытай АҚШ үшін экономикалық бәсекелес емес, стратегиялық қарсыласқа айналып отыр. Бұған қатысты әртүрлі пікірлер айтылуда. Соның ішінде «әлем биополярлы жүйеге қайтып оралуда» деген де пікір бар. Жалпы, әлемді АҚШ пен Кеңес үкіметі бөліп алған болса, қазіргі биополярлы жүйенің аясында жер жүзі АҚШ және Қытай деген екі лагерьге бөлінеді. Себебі Қытай бүгінгі таңда экономикалық қуаты бойынша АҚШ-пен теңесіп қалды. Әрине, Қытайдың шешілмеген ішкі мәселелері көп, жалпы, инвестициялық мүмкіндіктер бойынша немесе технологиялық мүмкіндіктер бойынша Қытай Американы қуып жетуде. Егер осы жағдай жалғаса беретін болса, алдағы жиырма жылдықта Қытай бірінші орынға шығуы мүмкін. Сондықтан АҚШ саясатында Қытайдың өсуін барынша шектеу саясаты жүріп жатыр. Осы мақсатта АҚШ басқа мемлекеттермен қарым-қатынасты бағындырғысы келеді. Дипломатия арқылы қытайлық капиталдың басқа мемлекеттерге енуіне немесе Қытайдың технологиялық стандарттарының таралуын барынша шектеуді көздейді. Себебі мұның астарында геосаяси бәсекелестік жатыр және ол өз кезегінде Қытайдың әлсіз тұсын пайдаланғысы келеді.

Ал, Қытайдың ең әлсіз тұсы – адам құқықтары. Осы тұрғыда Пампеоның Шыңжаң-Ұйғыр автономия аймағындағы мұсылмандардың құқықтық жағдайына ерекше назар бөлуі таңғаларлық жағдай емес. АҚШ жалпы әлемдік деңгейде «Қытай адам құқықтарын басып, жаншуда» деген риториканы күшейтеді. Бұл жерде Қазақстанның СІМ мен ресми БАҚ-тың реакциясы да түсінікті. Себебі, біз АҚШ-тың не қалап отырғанын түсінеміз, дегенмен, Қытаймен қарым-қатынасымызды құртқымыз келмейді. Қытай біздің ірі инвестор, тауарларымызды сатып алатын үлкен нарық. Біздің металл өнімдерін ең ірі пайдаланушылардың бірі – Қытай. Көпшілік біз Қытайға тек мұнай сатамыз деп ойлайды. Шын мәнінде мұнайдан гөрі металл өнімдерін көбірек сатамыз. Қытай бізбен экономикалық саладан бөлек, қауіпсіздік саласында да серіктес. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы арқылы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірге жұмыс істейміз. Сондықтан біз барлығымен дос болуға тырысып келеміз. Бұл жерде ресми ұйымдар мен мемлекеттік БАҚ өкілдерінің сіз айтқандай реакция көрсетуінің себебі осыда.

- АҚШ және Қытай сынды қос державаның арасындағы геосаяси соғыстың Қазақстан экономикасына тигізер әсері қандай болады?

- Бұл жерде оның зияны да, мүмкіндіктері де бар. Зиянын айтсақ, ол тараптардың бір біріне енгізіп отырған санкциялары жанама түрде Қазақстанға әсер етуі мүмкін. Мысалы, Ресейге енгізілген санкциялардың тікелей әсері – Ресей валютасы құнының өзгеруі. Рубль девальвацияға ұшырағаннан кейін бізге теңгені де әлсіретуге тура келді. Себебі, біз экономикалық одақ жағдайында өмір сүріп жатқан соң, теңгені сол деңгейде ұстап тұра беретін болсақ, экономикалық тұрғыда зардап шегетін едік. Валюта ағымы Ресейге кетіп қалады.

Алысқа барудың қажеті жоқ, кезінде теңгенің бағасы өзгермей, рубль арзандап кеткен кезде біздің біраз азамат Ресейге барып, көлік сатып алып келді. «Валюта ағыны» деген ұғым бар, яғни, Қазақстанның жиған-тергенінің барлығы Ресейге кетіп қалды. Экономикалық бәсекелестікке төтеп беру үшін біз 1 рублді 5-6 теңгеге тең болатын жағдайда сақтап тұруымыз керек. Ресейдің валютасы санкциялардың әсерінен құлдырауға ұшырағаннан кейін, біз де валюта бағамын жіберуге мәжбүр болдық.

Осындай санкциялар Қытай мен АҚШ арасында жалғасуда. Соңғы рет қаңтар айында «Вашингтон мен Бейжің сауда кикілжіңдерін реттеу бойынша» келісімнің бірінші фазасына қол қойды. Бұл позитивті жаңалық, осы сауда-саттық тоқтамай, ары қарай жалғаса беретін болса ол бізге зиян.  Санкция салдарынан Қытай экономикасы бәсеңдеуде. Мысалы, Қытай экономикасының 4,5-5,5% болуы төмен көрсеткіш. Соңғы он жылдықта Қытай экономикасы орташа есеппен 6% өсіп отырды. Қытайдың қалыпты жағдайда даму үшін жыл сайын экономика көрсеткіші 6% өсуі керек. Санкциялардың кесірінен Қытай экономикасы бәсеңдейтін болса, оның зияны Қазақстанға ғана емес, әлем экономикасына тиеді. Білетініміздей, Қытай ең ірі нарықтардың бірі, егер өсім төмендейтін болса мұнайдың, металл өнімдерінің, шикізаттың бағасы төмендейді.

Енді мүмкіндіктерге келсек, санкцияларды АҚШ қана енгізіп отырған жоқ, Қытайда АҚШ компанияларына қарсы санкциялар енгізіп отыр және бұл тұрғыда ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау бойынша қазақстандық тауар өндірушілерге қандай да бір мүмкіндіктер ашылуда. Әрине, Қытай нарығына ену қиын, себебі, Қытай өз ішкі нарығын сақтау бойынша түрлі құралдарды қолданудан тәжірбиесі бар. Әсіресе, тамақ өнімдерін экспорттау оңай емес, себебі, түрлі фито санитарлық талаптарға сәйкес болуы керек, сертификатциядан өтуі тиіс. Сондықтан әртүрлі мүмкіндіктер ашылады, әсіресе, америкалық ойыншыларға жабылған нарық сұранысы қалып тұр. Сол нарықты қамтамасыз ету үшін басқа ойыншылар өз тауарларын ұсынса болады. Бұл ретте үлкен процедуралар бар, соларды өту арқылы Қазақстанда соя экспорты бойынша мүмкіндіктер бар. Бірақ бұл жерде тек біз ғана емес, Ресей немесе Қытайдың басқа да көршілері америкалық ойыншылар босатқан нарықтағы орынды өздері толтырғысы келеді. Бұл ретте де отандық өндірушілерге үлкен бәсекелестік бар. Біз оны да ескеруіміз керек.

- АҚШ мемлекеттік хатшысының бұл сапары несімен есте қалады, қандай маңызды құжаттарға қол қойылды?

- Бұл сапардың тағы бір ерекшеліктерінің бірі – АҚШ-тың Орталық Азиядағы жаңа стратегиясын жариялауы болуы тиіс еді. Бірақ әзірге ол стратегия туралы қандай да бір толық ақпарат шыққан жоқ, тек жарияланады деп күтілуде. С5+1 отырысында осы туралы тереңірек сөз өрбіген болуы мүмкін.

- Ол қандай стратегия болуы мүмкін?

- Ол стратегияда АҚШ пен Орталық Азия арасындағы экономикалық байланыстарды күшейтуде жаңа бір құралдар ұсынылуы мүмкін. Одан бөлек, аймақ ішіндегі диалогты күшейту үшін жаңа бастамалар айтылуы мүмкін. Әрине, Ауғанстан мәселесіне үлкен назар аударылады. Себебі АҚШ стратегтерінің пікірінше, Ауғанстан өз кезегінде Орталық Азия мемлекеттерінің ажырамас бөлігі. Бірақ Орталық Азия елдері бұл мәліметпен келіспейді, себебі, Ауғанстан Орталық Азия емес, Оңтүстік Азия деген ұстаным бар. Ауғанстан өзіңіз білетіндей, азамат соғысы, терроризм мәселесі, елдегі үлкен проблемалары бар ел. Сондықтан, Ауғанстанды Орталық Азияның бір бөлігі ретінде қарастырғанды қаламаймыз. Бұл жерде ұстанымдардың қақтығыс бар. Осы жаңа стратегияда Ауғанстанның рөлі қалай болатыны да өте қызық сұрақ.

Егер бұл стратегия өте маңызды құжат. Себебі 15 жылдай бұрын АҚШ Орталық Азия бойынша «Жаңа Жібек жолы» деген стратегия қабылдаған болатын. Бірақ стратегия сол қағаз жүзінде қалды. Өйткені, ол стратегияны жүзеге асыруға Американың ресурстары жетпеді. Орталық Азия АҚШ үшін өзекті тақырыптардың бірі емес, сондықтан Обама президенттіктен кеткеннен кейін, мемлекеттік департаментте Орталық Азиямен айналысатын кадрлардың біразы жұмыстан кетіп, кадрлық өзгерістер болды. Оның барлығы АҚШ-тың Орта Азия бойынша саясатына тікелей әсерін тигізеді. Сталин айтпақшы, «Барлығын кадр шешеді». Сондықтан кадрлық мәселелерге байланысты, одан кейін Орталық Азия аймағының Американың әлемдік саясатындағы маңыздылығының төмендігіне байланысты бұл стратегия жүзеге асқан жоқ. Енді жаңа стратегия жарияланады деп күтілуде.

- Сұхбатыңызға рахмет!

0 пікір
Мұрағат