Әлемнің әр түкпірінен: Түркия президенті Twitter-дегі алғашқы жазбасында не айтқан?
Әлемнің әр түкпірінен: Түркия президенті Twitter-дегі алғашқы жазбасында не айтқан?
2 жыл бұрын 991

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған таяуда Twitter әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында алғашқы жазбасын қалдырды. Ол онда Бүкіл әлемдік шылым шегуден бас тарту күніне орай өз пікірін білдіріпті. @RT_Erdogan адресіндегі жазбасында түрік көшбасшысы темекі тартудың жат әдет екенін, оны тастау үшін ерік жігер қажет болатынын және шылым шеккен адамның өзінің денсаулығына ғана зиян келтіріп қоймай, қоршаған ортаға да залалын тигізетінін баса айтыпты. Кезінде Түркия президенті шылым шегумен күресуді терроризмге қарсы тұруға теңеген болатын. Айта кетейік, 2014 жылы Түркияда қоғамдық орындарда шылым шегуге тыйым салатын заң күшіне енген болатын. Аталмыш заңды бұзғандарға 3,7 мың долларға дейін айыппұл салынады.

 

Ресей президенті Халықаралық коалицияға сын айтты

 

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ИСИМ-ге қарсы АҚШ бастаған халықаралық каолиция күштерінің іс-қимылын қатаң сынға алып, мәлімдеме жасады. Яғни, Халықаралық каолицияның іс-әрекетін халықаралық құқық тұрғысынан тиімсіз әрі заңсыз екенін мәлімдеді. «Өкінішке қарай, бүгіндері терроризмге қарсы коалицияға қатысушылардың әрекеті, олардың стратегиясы және тактикасы төніп тұрған қауіптің ауқымы мен сипатына сәйкес келмейді»,- деді Владимир Путин Мысырға жасаған ресми сапары кезінде Al Ahram басылыман берген сұхбатында. Оның айтуынша, коалицияның әрекеті заңсыз, өйткені, «Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің тікелей санкциясынсыз, кейбір жағдайларда аумағы бомбаланып жатқан мемлекеттердің келісімінсіз жүзеге асырылып жатыр».

 

Британдық тұтқын Францияда теракті жасауға шақырды 

ИСИМ-ның тұтқыны, британдық тілші Джон Кэнтли өзінің видео арқылы жасаған мәлімдемесінде мұсылмандарды Францияда теракті жасауға шақырды. Егер титрге сенсек, бұл ролик Сирияның Алеппо қаласында түсірілген. Алдымен 43 жастағы тілші ИСИМ содырларының бірін Париждегі жуырда орын алған теркактіге байланысты сөйлетіп, артынан француз тілінде «Бұл үш шабуыл бізді қатты қуантты»,- деді. Бұл жайында RT ақпарат көзі хабар таратты. Ол осылай дей келе Франциядағы мұсылмандарды жалғыз жүріп шабуыл жасауға үндеді. Естеріңізге сала кетейік, Джон Кэнтлиді 2012 жылы Сирияда ұрлап әкеткен болатын. Ол The Sunday Times ақпарат көзін қоса алғанда бірқатар басылымдарда жұмыс істеген. Ем қонбайтын сырқатқа шалдыққан әкесі ұлының бостандыққа шығуын күте-күте 82 жасында қайтыс болды. ИСИМ қанышерлері өздерінің арам мақсаттарын насихаттау үшін оны пайдалануда.

 

БҰҰ соты бір-бірін айыптаған екі елдің шағымын қанағаттандырмады

Біріккен Ұлттар Ұйымының Гаагадағы халықаралық соты 1991-1995 жылдар аралығында Югославия ыдыраған кезде орын алған әскери қақтығыста геноцидке жол берілгендігі үшін бір-бірін айыптаған Сербия мен Хорватияның шағымдарын қанағаттандырған жоқ. БҰҰ соты алдымен Хорватияның шағымын қанағаттырмаған еді. Артынан Сербияның да осы даулы мәселеге қатысты шағымын қанағаттындырмай тастады. Өздеріңіз білетіндей, Хорватия 1999 жылы БҰҰ-ның Халықаралық сотына шағымданған болатын. Хорватия билігінің мәлімдеуінше, Славония мен Далмация облыстарында, Книн қаласында, Вуковар шаһарында орын алған қырғын кезінде 12,5 мың хорваттық азаматтың опат болғанына сербтер себеп болған.  2010 жылы Сербия қарсы шағым түсірді. Сербтердің айтуынша, хорваттық әскер 1995 жылдың тамыз айында болған «Буря» операциясы кезінде геноцидке жол берген. 

 

Мұсылмандарға қолдау көрсеткен шіркеуге қоқан-лоққы жасалды

Швеция шіркеуіне скандинавия елдеріндегі исламофобтардың тепкісі мен тегеурініне ұшыраған мұсылман жамағатына қолдау көрсеткені үшін қоқан-лоққы жасалды. Мальма Андерс Экхем қаласындағы әулие Петр шіркеуінің священнигі өткен аптада мұсылмандармен бірге екенін мәлімдеп, мәдениеттің сан алуандығын жақтап сөз сөйлегені үшін Еуропада исламның таралуына қарсы PEGIDA қозғалысы тарапынан әлгіндей келеңсіз жағдайға ұшырады. Айта кетейік, Германияда пайда болған аталмыш қозғалыстың дүйсенбіде Швецияның Мальма қаласында өткен исламофобиялық акциясы толық сәтсіздікке ұшыраған болатын. Бар-жоғы саусақпен санарлық бірнеше адам жиналған бұл акцияға қатысушыларға шамамен 5000 адам жұмыртқа мен қызанақ лақтырып, наразылық білдірген еді. Исламға қарсы қозғалыстың әрекетіне наразылық ретінде аталмыш шіркеудің қоңыраулары қағылды.

 

Кофи Аннан: ИСИМ АҚШ-тың кінәсінен пайда болды

Біріккен ұлттар Ұйымының бұрынғы бас хатшысы, яғни, осынау іргелі ұйымды 1997-2006 жыылдар аралығында басқарған Кофи Аннан АҚШ әскерінің 2003 жылы Иракқа басып кіруі ИСИМ террористік тобының пайда болуына себеп болғанын алға тартып, мәлімдеме жасады. «Менің қаупім расқа айналды. Ирак әскері тас талқан болып жеңілгеннен кейін қаны қарайған мыңдаған әскери әрі полиция қызметкерлері далада қалды. Олардың көбісі радикалды топтарға қосылды»,- деп мәлімдеді Мюнхенде өткен қауіпсіздік жөніндегі жиында сөйлеген сөзінде. Ол, сондай-ақ, қоғамдық институттарынсыз демократияны орнатудың арты жемқор билікті пайда болуына апарып соқтырғанын да айтты. Осылай дей келе ол ИСИМ-нің тек адам шығынына ғана жол беріп қоймай Таяу Шығыстағы мәдени, діни әрі этникалық құндылығына өлшеусіз залал келтіріп отырғанын да тілге тиек етті. 

0 пікір