Ұлтына жанашыр - ой тарланы
Ұлтына жанашыр - ой тарланы
7 жыл бұрын 2978 Құдайберді Бағашаров, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы; Әскенұлы Елнұр, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану мамандығының 2 курс магистранты

Жуырда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есімнің 70 жылдығына арналған «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»  тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Ғ.Есім - философия, дін, саясат, әдебиет мәселелеріне қатысты ғылыми және публицистикалық еңбектерді жарыққа шығарып жүрген тұлға. Ғалымның «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім» еңбектерінің, «Сана болмысы» шығармалары жинағының шоқтығы биік. Осыдан бірнеше жыл бұрын қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының біріне берген сұхбатында Ғ.Есім былай деген еді: «Қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етіп жүрген ғалымдар, біздер, ілімді тануды, әлемді тануды Құран Кәрімді негізге ала жүргізбесек, адамды да, қоғамды да адастырып алу қаупіміз бар екенін мойындайтын да мезгіл келді».

Қазақтың дініне, діліне, тіліне жанашырлық білдіріп, ойлы ұсыныстар айтатын академиктің еңбектерінің жастарға берер тәлімі мол. Ол рухани қайнаркөздерді өзгелер тәрізді алыстан емес, қазақ халқының ата діні исламнан іздейді. Мемлекеттегі түйткілді мәселелерді шешу үшін мұсылман интеллигенциясын қалыптастыру, тәрбиелеп шығару жөнінде де пікір білдірген еді.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» конференциясына зиялы қауым өкілдері, Алматы қаласында орналасқан бірнеше ЖОО-ның делегациялары, студенттер қатысты. Конференция барысында академик Ғ.Есімнің еңбектері, қоғамға сіңірген еңбегін талданып, Қазақ елінің бүгіні мен келешегіне қатысты мәселелер жөнінде ғылыми ортаның және қоғам қайраткерлерінің өзара пікір алмасуы болып өтті. Академик Ғ.Есім ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» мақаласына талдау жасап, оның мән-маңызын жеткізді. Сонымен қатар академик студенттер қауымының қойған әртүрлі сауалдарына жауап беріп, жастарға бағыт-бағдар берді.

 

0 пікір
Мұрағат