Қытайдың жасанды интеллектісі шарананың жүзіне қарап-ақ қандай тұқым қуалайтын ауруы бар екенін анықтай алады
Қытайдың жасанды интеллектісі шарананың жүзіне қарап-ақ қандай тұқым қуалайтын ауруы бар екенін анықтай алады
4 жыл бұрын 5826 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытай ғалымдары жасанды интеллекті технологиясы бойынша аз уақыттың ішінде алдыңғы орыннан көріп, АҚШ-тың өзімен тайталасатын деңгейге жетті. Тіпті, жасанды интеллекті негізінде адам жүзін тану жүйесінде АҚШ-тың өзін шаң қаптырып кететін жаңалықтарымен әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып жүр. Айтса – айтқандай, авторитарлы әрі тотолитарлы ел үшін қолайлы жағы, атап айтқанда, жасанды интллекті негізінде бақылау және қадағалау, соның ішінде, адамның жүзін тану, қан тамырларынан, даусынан, саусақ ізінен, қимыл-қозғалысынан, көзінің қарашығынан, тіпті, көлеңкесінен, бойындағы тыртығы мен өзге де ерекшелігінен, т.б. тануға дейін жетілдіріліп келеді. Бұл төңіректе біршама материалдар бердік, естеріңізде болса. Көл-көсір халықты бір шыбықпен жусатып отыруға қолайлы технологияда қарыштап дамыған Қытайдың барлық саласына енгізіліп жатқан жасанды интеллекті негізінде жаңа туған шарананың жүзіне қарап-ақ, оның бойында қандай тұқым қуалайтын, яғни, генетикалық ауытқу барын анықтайтын болады. Бұл жайында South China Morning Post ақпарат көзі хабар таратты. Сканерлеу алынған әрбір медициналық суретке, тексеру нәтижесі баяндалған протоколға, т.б. қарап, нақты диагноз қоятын болады. Қытай дәрігерлері. Біз сөз етіп отырған әдіс дәрігерлердің қолын ұзартатын болды, шарананы медициналық тексеруге кететін уақытта, ең бастысы, ауруды асқындырмай ерте емдеуге үнемдеуге мүмкіндік береді, оның үстіне, ауру тарихын шолып шығудың өзі кәдімгідей уақытыңды алатын шаруа екенін ескерсек, бұл технологияның берері өте көп. Бұдан бөлек, кейбір ауруларды, мәселен, онкологиялық ауруларды білінер-білінбес белгілеріне, симптомдарына қарап, науқасқа дер кезінде медициналық көмектесуге мүмкіндік бермек. Google дерегіне қарағанда, әрбір оныншы пациент медициналық ақпараттың дұрыс түсіндірілмеуінен зардап шегіп жатады. Жасанды интллекті бұл проблеманы шешуге көмектеседі. Шанхай қаласындағы балалар медициналық орталығы мен Шанхай педиатриялық орталығының ғалымдары  мәлімдегендей, жасанды интеллектіге негізделген диагностиканың осынау қосымша жаңа құралы адам жүзінен білінетін 100-ден аса дертті тап басып анықтауға көмектеседі. Соның ішінде, Корнелии де Ланге (CdLS) және Дауна синдромдарын тани алады. Медициналық мақсатта, дәлірегі, ауруды анықтауда қолданылатын бұл жаңа, замануи құралдың терең зерделеу алгоритмі, сонымен қатар, науқастың денсаулығына қатысты «тарихты», яғни, жазбаларды жаңа диагностикасымен бір мезгілде салыстырып, талдап бере алады. Бұл өз кезегінде аурудың қаншалықты асқынғанын немесе жазылғанын көрсетіп бермек. Аталмыш бағдарлама Шанхайда сынақтан сәтті өткен. Осы орайда айта кеткен жөн, Қытайда жасанды интеллекті негізінде ауруға ерте диагноз қою жоғары бағаланады. Өйткені, экономикасы қарқынды әрі қарыштап дамығанымен медициналық ресурс әлі күнге тапшы. Десе де бүгінгі таңда Қытайдың барлық аумағында жасанды интеллекті технологиясы созылмалы ауруларды, тұмау індетін және қатерлі ісікті анықтау мақсатында кеңінен қолданылуда. Бүгінде аталған ел аумағындағы аса ірі медициналық компаниялардың бірқатары жасанды интеллектіні ауруды анықтау әрі емдеу мақсатында қолданып жүр. Мәселен, осы жылдың шілде айында қытайдың конгломераты Ping An Insurance нақты диагноз қоятын әрі 1500-ден аса ауруды емдеуге қатысты кеңес беретін, жасанды интеллекті негізінде медициналық шешімдерді қабылдайтын AskBob құралын іске қосты. Алғашқыда біз сөз етіп отырған бұл құрал Сингапурде қолданысқа енгізілген болатын. Ал IBM*-дік Watson Health платформасы АҚШ, Үндістан және Таиландтың радиологиялық емханаларында пайдаланылуда. Медицина саласына батыл енгізіліп жатқан заманауи технологиялардың арасында мұндай құрылғылар мен құралдар көп. Солардың бірі – BIDMC микробиологтары ойлап тапқан әрі құрастырған «ақылды» микроскоп жасанды интеллекті технологиясының көмегімен қан құрамына еніп кеткен өлімге апаратын инфекцияларды анықтай алады. Оның нейрондық желісі зиянды бактериялары бар 100 мыңнан аса бейнені зерделеп үлгерген болатын. Қазіргі уақытта аталмыш құрал оларды көрінер белгісі бойынша 93% дәлдікпен сұраптап бере алады. Байқасаңыздар, соңғы уақытта жаңа туған шараналардың бойындағы тұқым қуалайтын кеселді туа сала анықтау тәжірибесі қолға алынып жатыр. Естеріңізде болса, бұл сөзімізді осыдан бірер күн бұрын сайтымыздың жаңалықтар таспасында жарияланған «Жаңа туған шараналарға міндетті генетикалық тест жүргізіледі» (сілтемесі: http://islam.kz/kk/news/alem/jana-tugan-sharanalarga-mindetti-genetikalyq-test-jurgiziledi-12650/#gsc.tab=0) хабарымыз растайды. 

0 пікір
Мұрағат