ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМ БУЫНДАҒЫ КЕМІСТІКТІ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРМЕК
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҒАЛЫМ БУЫНДАҒЫ КЕМІСТІКТІ ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛТІРМЕК
7 жыл бұрын 3211 aikyn.kz Берік Бейсенұлы

Биология ғылымдарының кандидаты Вячеслав Огай адамның тізе және жамбас буынындағы остеохондральды кемістіктерді қайта қалпына келтіруге арналған гидрогель ойлап тапты.

Айта кету керек, гидрогель ортопедия мен травмотологияда шеміршек және сүйек тіндерін эндопротездеумен қатар емдей алады.Гидрогель табиғи компоненттерден тұрады және де құрамында бағаналық жасушалар, хондро және остеоиндуктивті өсу факторлары бар. Бұл өнертабыс І және ІІ дәрежедегі остеохандральды кемістіктерді емдеуде қолданылады. Гидрогельді пайдаланғанда адамның зақымданған шеміршек және сүйек тіндері ота жасалған соң үш немесе одан көбірек уақыт аралығында бастапқы қалпына қайта оралып, жазылып кетеді.

–Остеохондральды кемістіктердің өте ауыр емделетіні белгілі. Науқастың субхондральды тілімі және шеміршек қабаты бүлінеді, әрине, ондай дерті барлар қозғалған кезде қатты ауыртпалықты сезінеді. Бұл жағдайда эндопротездеу қолданылады. Ондайға жол бермеу үшін маған биотехнологияларды қолдану және науқастың буындарындағы шеміршек және сүйек тіндерін толықтай қайта қалпына кетіретіндей түрлендірілген және биоүйлесімді болатын гидрогель жасап шығару ойы келді, – дейді Биотехнологиялар орталығының бағаналық жасушалар зертханасының меңгерушісі В.Огай.

Вячеслав Огай ғалымдар тобымен бірге өсу факторларына  қажет мөлшерді білу үшін және белгілі бір мерзімде кемістіктерді жою үшін қандай концентрация керек екенін түсіну үшін гидрогельдің сегіз түрлі құрам мен концентрациясын пайдаланған. Олар зерттеу барысында  бағаналы жасушалар және өсу факторларының оңтайлы топтамасы бар гидрогель нұсқасын анықтай алды. Бұл нұсқалы гидрогельді қолданған соң зертханалық жануарлардың тізе буындарындағы остеохондральді кемістік толықтай жазылып кеткен.

Егер ойлап табылған гидрогель мен қазіргі таңда қолданылтын эндопротездеудің артықшылықтары мен кемшіліктерін салыстырар болсақ, көп нәрсчені аңғаруға болады.

Эндопротездеу барысында отадан кейін науқас саллыстырмалы түрде аз уақытта аяғына тұра алады, алайда ең қиыны, эндопротездеу кезінде протездің жылжып кетуі, эндопротездің бактериялық инфекция жұқтырып алуы секілді белгілі-бір кері әсерлері пайда болуы мүмкін. Протездің қызмет ету уақыты 10 жылды құрайды, бұл мезгіл өткен соң оны жаңасына ауыстыру қажет.

(Артроскопия және спорттық жарақаттар республикалық орталығының жетекшісі, м.ғ.к. Ерік Раймағамбетов гидрогельдің клиникаға дейінгі зерттеулеріне қатысады, В. Огаймен бірге зертханалық қояндарға оталар жасайды. Е.Раймағамбетов «Травмотология» ҒЗИ аға ғылыми қызметкері және хирург).

Гидрогельді имплантациялау тәжірибесі

Ал гидрогельді имплантациялау хирургиялық тәсілдер арқылы жүзеге асырылады, хирургтің остеохондральді кемістікке қолы жетуі үшін тізе буынында тілік жасалады. Сонан соң ол екі компоненттерді барлық биологиялық құрамдармен араластырған соң, оны кемістік бар жерге құяды, сонан соң гидрогель 2-3 минут аралығында поляризацияланады. Болған соң хирург тілікті қайта тігеді. Отадан соң науқас тізесіне бірте-бірте салмақ түсіріп, оңалуы керек. Үш күн немесе одан сәл көбірек уақыттан соң кемістіктің көлеміне қарай науқастың буындары ауырғанға дейінгідей қалпына келеді.

Осы секілді жұмыстар қазіргі уақытта Израильде, Германияда, Оңтүстік Кореяда, АҚШ-та жүзеге асып жатыр. Айта кетерлігі, бүгінгі күнде отандық өнертабыстың табиғи құрамы бірегей болып отыр. Себебі басқа елдерде синтетикалық заттар қолданылады.

–Олар арзан, бірақ табиғи құрамалар анағұрлым жақсы. Мейлі ол қымбатырақ болсын, бірақ ол толықтай қалпына келтіру үшін қажетті нәтиже береді, – дейді В. Огай.

Қазіргі таңда гидрогель жүйесі  сыналып жатқан барлық елдерде енді құрылу үстінде  және зерттеу кезеңінен өтуде.

(тәжірибе жасалатын қояндар)

–Біз қазір клиникада алдын ала  зерттеулер өткіздік. Болашақта бұл жұмысты жүзеге асыру үшін гранттық қаржыландырудың келесі кезеңіне тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Бұл зерттемелерімізді остеохондральды кемістіктері бар науқастарға қолдану үшін  пайдаланамыз, – дейді ғылыми жобаның жетекшісі Вячеслав Огай.

Үш жылдан алты жылға дейін өтетін клиникалық зерттеулерді сәтті өткізген соң бұл жобаның қауіпсіздігі мен тиімділігі анықталады, сонан соң оны тіркеп, бүкіл еліміз бойынша медициналық тәжірибеге енгізуге болады.Осыған орай Вячеслав Огайдың жетекшілігімен жасалған «Остеохондральды кемістіктерді қайта қалпына келтіру үшін бағаналы жасушалар негізіндегі инъекциялық гидрогельді жасап шығару» жобасы 2015 жылы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінен  жылына 8 млн теңге және үш жыл төленетін гранттық қаржыландыру алды. Бұл алдағы уақытта жұмыстың жүйелі түрде жүзеге асуына септігін тигізеді деген сенім бар.

0 пікір
Мұрағат