Қазақстанда гендік төлқұжатқа қол жеткізу мүмкіндігі туды
Қазақстанда гендік төлқұжатқа қол жеткізу мүмкіндігі туды
6 жыл бұрын 3581 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Аталмыш жоба Ұлттық биотехнология орталығында жиналған жұртқа таныстырылды. Мамандардың сөзіне қарағанда, гендік төлқұжат деп аталатын жоба иесіне қандай сырқатқа шалдығуы мүмкін екенін алдын ала ескертеді. Ол үшін уақытыңызды алатын толып жатқан түрлі медициналық тексеруден өтіп жатпайсыз, соның ішінде қан тапсырып әуре болмайсыз, тек бірер тамшы сілекейіңізді тапсырсаңыз жетіп жатыр. "Біз буккал жасушаларын аламыз. Буккал жасушалары - эпителиалдық жасушалар. Оны арнайы құралмен алуға болады. Мүлдем ауыртпайды әрі жылдам әрі қауіпсіз",- деді аталған орталықтың ғылыми қызметкері Ақбота Айтқұлова. Одан кейін сынаманы зертханаға жібереді, ол жерде арнайы аппараттың көмегімен ДНК бөлінеді. Мәліметтерді сканерлеу бірер сағаттан соң аяқталады. Алынған нәтиже арқылы мамандар сусамыр, жүрек-қан тамыр аурулары және обыр секілді қауіпті сырқат түрлерінің бар-жоғын анықтайтын болады". Айта кетейік, бүгінгі таңда гендік төлқұжат әлемде кеңінен танымал болған жоба. Ендігі жерде бұл жобаның игілігін қазақстандықтар да көре алады. "Болашақ персоналды медицинада. Яғни, дәрігер медициналық картаны, дөрекі тілмен айтқанда, медкарта жапсырылған жеке куәлікті қарап-ақ оның гендік ақпаратына қаныға алады. Соған қарай дәрі-дәрмек тағайындайды",- деді Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов. Тағы бір айта кетерлігі, гендік төлқұжат адам өмірінде тек бір-ақ рет беріледі. Өйткені, адам гені өзгермейді. 

0 пікір
Мұрағат