Биологтар соқырлықты емдеу үшін көз торының жасушасын жасауды үйренді
Биологтар соқырлықты емдеу үшін көз торының жасушасын жасауды үйренді
4 жыл бұрын 2869 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Швециялық биологтар соқырлықты емдеу үшін көз торының жасушасын жасауды үйренді. Бұл жасушаны адам организмі жатырқамайды. Ең маңыздысы – осы. Өйткені, табиғи ағзалардың өзін өзге пациенттің организмі қабылдай бермейді. Ал табиғи ағазалардың жанында бұл жасанды ағза екенін ескерсек, оның өзге организмге орнықпауынан науқастың денсаулығына қаншалықты қатер төндіретінін айтып жатудың өзі артық. Жатырқаудан болатын теріс әсерден пациент ауру үстіне ауру жамап алуы немесе мүгедек болып қалуы мүмкін. Швециядағы әулие Эрик емханасы мен Каролин институтының ғалымдары ұрықтық, яғни, эмбрионалдық діңгекті жасушадан көз торының жасушасын алудың тәсілін тапты. Осы тәсілмен зағип болып қалған қарт адамдардың жанарын емдеуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта ғалымдар генді редакциялаудыңCRISPR/Cas9 құралын пайдалана отырып, аталмыш жасушаны организмге қондырғанда жатырқамайтындай етіп модификациялай алды. Аталмыш зерттеу нәтижесі Nature Communications және Stem Cell Reports мерзімді басылымындарында жарияланды.

Макулодистрофия — қарт адамдардың зағип болып қалуына әсер ететін әрі кеңінен тараған себептердің бірі. Сөз орайы келгенде қазақ айтатын, "көзінің нұры тайып" тіркесі осындай дертпен байланысты екенін айта кету керек. Қарт адамдардың көзі көбінесе фоторецептордың істен шығуынан көрмей қалып жатады. Бұған фоторецепторға, жалпақ тілмен айтқанда, нәр беретін, яғни, қоректендіретін көз торының пигментті эпителиясының (RPE-жасушасы) дегенерацияға ұшырайтыны себеп болады. Ендігі жерде ғалымдар эмбрионалдық діңгекті жасушадан қалыптастырылған жаңа RPE-жасушасын зағиптердің көз торына кіріктіруге бел байлап отыр. Десе де діңгекті жасушадан алынған тіндерді трансплантациялау барысында туындайтын қатерлердің біріне, жоғарыда айтып өткеніміздей, организмнің жатырқауы жатады. Сол себепті, күллі әлемнің ғалымдары иммундық кері реакция тудырмайтын әмбебап жасуша жасауды алдына мақсаты мен міндеті етіп қойған әрі бұл бағытта жатпай-тұрмай ізденіп, еңбектеніп жатыр. Каролин жоғарғы оқу орнының ғалымдары иммундық жүйеден «жасырына алатын» эмбрионалдық діңгекті жасушаны жасап қойған. CRISPR/Cas9 генді редакциялау әдісін пайдалана отырып, олар жасушаның беткі жағын жайлайтын HLA молекула класын ажыратып, алып тастады. Иммундық жүйе, міне, осы аталған молекула арқылы организм жасушасында қандай өзгеріс болғанын немесе оның сырттан енгізілгенін біле алады. Мұндай молекуласынан «арылған» діңгекті жасуша өзге организмде жатырқамай қабылднады. Ғалымдар модфикацияланған RPE-жасушасының функциясын атқаратынына әрі ешқандай мутацияға ұшырамайтынына кепілдік беріп отыр.

0 пікір
Мұрағат