Статистика: Әлемде жыл сайын 5 миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады
Статистика: Әлемде жыл сайын 5 миллион бала смартфонның кесірінен көз жұмады
2 ай бұрын 867

Жыл сайын бес миллион! Әлемде осыншама бала телефонға телміріп, көп қозғалмаудың салдарынан көз жұмады екен. Мұндай жаға ұстатарлық статистиканы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады. Оның дерегінше, жеткіншектердің 80 пайызы өмірін смартфонсыз елестете алмайды. Одан бөлек, аустралиялық ғалымдар гаджеттердің кесірінен адамның басында қосымша тағы бір сүйек шығатынын анықтаған.  

Смартфонның зияны туралы еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін бәрі біледі. Көз жанарын құртады, жүрек пен мидың қызметін бұзады, тіпті обыр ауруына дейін шалдықтырады. Енді аустралиялық ғалымдар да жоғарыдағы тізімді толықтыра түсті. Телефонды көп ұстаған жанның басында 3 сантимерге дейін қосымша тағы бір сүйек пайда болады, дейді, деп хабарлайды stan.kz ақпарат көзі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме асай отырып. 

«Иә, аустралиялық ғалымдардың мәлімдемесімен келісуге болады. Телефонды көп пайдаланғандарда сүйек-бұлшық ет жүйесінің қызметі бұзылады. Соның салдарынан қосымша сүйектердің өсіп кетуіне алып келуі әбден мүмкін. Өкінішке орай, біздің елде мұндай зерттеулер әлі жүргізілмеді», - дейді хирург-офтальмолог Снежана Панченко. 

Дәрігерлердің айтуынша, мидың бөлігін қаптап тұрған тұстан шыққан қосымша сүйектер ертең бүкіл ағзаның қызметінің бұзылуына алып келуі мүмкін. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, жыл сайын телефонға телміріп отырғанның кесірінен 5 миллионға жуық бала көз жұмады екен. Көпбалалы ана Гүлвира Балтабайдың сөзінше, мұның барлығы жеткіншектердің бос уақыттарын дұрыс пайдалана алмауының кесірі. 

«Балаларымызға өз қатарынан қалмасын деп ұялы телефон, смартфон алып беріп жатамыз. Дегенмен, көп ата-ана балаға ауру сатып алып жатқанымызды сезінбейді. Баланы пайдасы көп үйірмелерге жазу керек. Өзім балаларымды солай тәрбиелеймін», - дейді көпбалалы ана.

Десе де психологтар балалардың телефонға тәуелді болып кетуіне ата-аналардың өздері кінәлі екенін айтады. Өйткені, оларға сәбиі жыламай, тынышталып қалуы үшін қолына смартфон ұстата салу оңай.

«Ата-аналар өз баласының денсаулығына жауапты болуды үйренуі қажет. Яғни, мұнда ата-ана баланың бір минуттық тынышталуын емес, өмір бойы оның денсаулығына, ойлау қабілетіне әсерін тигізетінін ойлауы қажет. Ата ананың бұл жердегі басты борышы – баланың дұрыс қалыптасуы», - дейді психолог Анаргүл Ибраимбекова.

Зерттеуге сенсек, ересектердің 23, ал балалардың 80 пайызы өмірін смартфонсыз елестете алмайды екен.

Сорақысы, гаджетке тәуелділік - есірткі мен түрлі психотропты заттардың зиянынан да қауіпті. Смартфонның кесірінен бала агрессивті болып, тіпті депрессияға түсіп қалуы да әбден мүмкін. Сондықтан мамандар ата-аналарға баланың тағдырына бей-жай қарамай, оларға көбірек көңіл бөлу керектігін еске салады.

0 пікір
Мұрағат