Қытай 51 зауытын Қазақстанға неге көшіреді?
Қытай 51 зауытын Қазақстанға неге көшіреді?
8 жыл бұрын 4182 7kun.kz Нұрбек БЕКБАУ

«Қытай 51 зауытын Қазақстанға көшіреді», деген әңгіме шыққалы, біліп сөйлейтін де, дүрмекке еріп сөйлейтін де, бұ тақырыпты талқылап жатыр. Бір нәрсе анық. Көпшіліктің көңілі күпті. Бекер емес. «Зауыттарды көшіру» десе, біздің қазекеме  41-42 жылдар елестейді. Неміс қолына түспесін деп, Совет Үкіметі жүздеген кәсіпорынды, сонымен бірге мыңдаған жұмысшыларын да көшіріп әкелді емес пе? Бұ жолы да сондай болмайды ма,-дейді ғой жұртшылық.

Сосын – әлгі зауыттар онсыз да дімкәс экологиямызды талқандап жібермейді ме,-деп қауіптенеді. Алысқа кетпей-ақ, қытай өз астанасы Бейжіңді көк түтінге деміктіріп отыр емес пе?!

Қысқасы, қытай келеді екен десе, қанға сіңіп кеткен секем селк ететіні бар. Бұ жолы да сөйтті. Дұрыс, сергек болуымыз керек. Бірақ, тоқымды бауырға алып тулай беру де бекер іс. Бір сәтке ақыл жүгіртейікші. «Зауыт көшіру» деген қайдан шықты? Мемлекет әлгі қауіптерді ескеріп, есептеп отырған болар?! Бәлкім, бір ойлағаны бар шығар? Қытай не себепті, бізге сонша көп кәсіпорнын ауыстыруға бейілді?

                     ҚЫТАЙДЫҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Қытай зауыт-фабрикасын шетелге алғаш рет көшірейін деп отырған жоқ. Олай болса, біз бірінші де, соңғы да емеспіз. Бейжің міне, 5-6 жыл болды-ау деймін, кәсіпорындарын сыртқа тасумен әуре.

Не үшін бұлай жасап жатыр,-дейсіз ғой. Сыртқа шығару арқылы, басы артық өндірістен құтылғысы келеді. Қазір Қытайдың даму қарқыны сәл бәсеңдеді. Тиісінше, халық, бизнес — бұрынғыдай мыңдаған зауыт не шығарса, соны жаппай сатып алып жатқан жоқ. Кейбір фабрикалардың өнімі қоймаларда жиналып қап жатыр. Қытай, дәл қазір, «саудасы» жүрмей тұрған кәсіпорындарды шетелге шығарып жатыр.  Бұл топқа, цемент, болат және әйнек шығаратын өндіріс ошақтары кіреді.

Бұл тенденция қайдан шығып еді дейсіз бе?! Осыдан бірнеше жыл бұрын, Коммунистік Үкімет, елдегі өндірісі дамыған 6 провинция басшылығына; 5 жыл ішінде болат өндірісін 80 миллион тоннаға дейін кемітіңдер,-деп талап қойғаны бар. Әлгі ауданның әкімдері, фарбикаларды жауып тастағаннан гөрі, шетелдерге шығарды. Бұл іс нәтижелі болды. Уақыт өте, Үкіметке де бұл тәсіл ұнап қалды. Қазір, өндірістерді сыртқа шығару Қытайдың экономикалық саясатының бір бағыты болып кетті.

Жә, басы артық зауыттан құтылу үшін ғана шетелге кәсіпорындарын көшіріп жатыр,-десек қате айтқан болар ек.

Екінші себеп бар. Бұрындары «қытайлықтар – ең арзан жұмыс күші» дейтін ұғым бар еді. Ол қазір келмеске кеткен. Мәселен, 2003 жылы, қытай фабрикалары 1 сағаттық жұмысы үшін адамға $ 0,62 төлесе, 2008 жылы ол сомма $1,32 көтерілген. 2013 жылы — $2,2-ға бір-ақ барыпты. Яғни қытай жұмысшысының қызметі қымбаттап барады. Экономистердің есебінше, орта деңгейлі қытайлық, орта деңгейлі зауыт-фабрикада істеп, айына $340 – 360 жалақы алады. Ал, білім-білікті қажет ететін өндіріс орындарының жалақысы бұдан да жоғары дегендей. Ал, біздің Қазақстанға көшірілетін зауыттардың дені – жоғарғы технологиялы кәсіпорындар. Енді ойлаңыз, қымбат айлық төлеп әрі бәсекелес көп Қытайда кәсіп жүргізген ыңғайлы ма? Әлде Қазақстанға барып, арзанға жұмыскер жалдап, шығарған өніміңді тез-тез сатып, шытырлатып ақша санап отырған жақсы ма?!

Қысқасы, қытай кәсіпкерлері шаруасын болар-болмас ақыға істету үшін, өндірістерін шетелге көшіріп жатыр. Мәселен, Африканы алайықшы. Ол жақтың жұрты жұмыс жағдайы ауырлау, айлығы аздау болса да, қытайлықтар ашқан зауытта жұмыс істеуге разы. Сондықтан шығар, қытайлықтар мұнда көптеп фабрика ашып жатыр.

Дәл осы қарқын жалғасса, бірер жылда, Африканың аузы-мұрнын зауытқа толатын сыңайлы. Тек бір кедергі бар. Ол инфрақұрылымның жоқтығы. Яғни, жол-су жоқ. Алайда, бұл мәселені Қытай өз күшімен шешіп жатыр. Мысалға, 2013 жылы жол, көпір, бөген соғу үшін қара құрлыққа 214 мың қытайлық жұмысшы көшіп келді. Бұл шетелдерде жұмыс істеу үшін шекара асатын жұмысшыларының 4/1 екен. Сонымен, зауыттың жолын, жағдайын қытайлықтар істейді. Ал, іштегі шаруаға яғни қара жұмысқа жергілікті африкалықтар жегіледі.

Зауыттарды сыртқа көшірудің тағы үшінші себебі бар. Үкімет — қоршаған ортаға зияны көп кәсіпорындардан құтылғысы келеді. Қытайдың экологиясы жыл санап қиындап бара жатқаны баршамызға белгілі ғой. Мәселен, Бейжіңнің тура түбіндегі, көк түтінімен әйгілі Хэбэй қаласы алдағы бірнеше жылда ірі-ірі зауыттарын шетелдерге көшірмек. Себебі, табиғатты қорғау департаменті қатты қыспақтап жатқан көрінеді. Дәл осы Хэбэйдің кәсіпорындары ауаның былғануына 70 пайыз кінәлі деп, бірнеше рет ауыр айыппұлдар салған. Бүйте берсе, бар табысы штраф төлеумен-ақ таусыларын ұққан зауыт басшылары кәсіпорындарын Африка, Латын Америкасы, Шығыс Еуропа және Орталық және Шығыс Азия елдеріне көшірмек. Негізінен, цемент, әйнек шығаратын және құрылыс заттарын өндіретін кәсіпорындар көшеді.

Зауыттарды көшірудің тағы бір себебі бар. Шекарадан ары өткенде, қытайлық тауарға сауда салығы көптеп салады. Сөйтіп, кейбір елдер өз базарында «Made in Chine» деген өнімдердің үлесін азайтқысы бар. Бірақ, қытайдан қулық артылған ба? Мәселен, бұл ел Еуропаның нарығын арзан бағалы күн батареяларымен толтырып тастап, жергілікті кәсіпкерлерді нәпақадан айырған болатын. Батыс елдері арнайы комиссия құрылып, Қытайдың тауарына қымбат салық қойды. Сол кезде ханзулықтар Португалиядағы, Стамбұлдағы зауыттарынан батареяларды әкеп, сата бастады. Шекараның ішінде болғандықтан бұл өнімдерге ешқандай салық салынбайтын еді.

Мұны неге айтып отырмын? Еуразия Экономикалық одағы деген пайда болғалы, шекарадан бері өтетін қытайдың барлық тауарына баж салығы көтеріліп кетті де, арғы жаққа барып, зат сатып алу қазақстандықтарға тиімсіз болып қалды. Бұл мәселені шешу үшін Қытай кәсіпорындарын біздің елге көшіруді ойластырып отыр. Сонда екі тарап та ұтпақ. Әуелі – ханзулықтар шекараның баж салығын төлемейді. Ал қазақ кәсіпкерлері Шыңжаңға барып жүрмейді. Керек затын бұрынғы бағадан да арзанға, өз елінде сатып алатын болады.

Негізі бар ғой, Қазақстан һәм орталық азия елдеріне зауыт-фабрикасын көшіріп апаруға Қытай қатты құлшынып отырған жоқ. Ханзулық кәсіпкерлердің еркіне салса, олар кәсіпорындарын Шанхай, Бейжіңге жақын әрі жұмыс күші арзан Вьетнам, Камбоджа, Индонезия, Филиппин секілді мемлекеттерге апарғысы бар. Қазақстанды таңдаудағы себеп – сол Еуразиялық Одақтың баж салығынан құтылу шығар?!

                      ҚАЗАҚТЫҢ НЕ ОЙЛАҒАНЫ БАР?

Ал енді, бұ «көштің» қазақ үшін қандай пайдасы бар, соған тоқталсақ. Мойындау керек, қазақтың экономикасы Қытайдың импортына тәуелді. Ал енді, әлгі көшіп келетін зауыттар не шығарады дегенге келсек? Біз осы уақытқа дейін Үрімжіге барып не сатып алсақ, соны шығаратын болады. Мысалға, әйнек бізде шығарылмайтын, оны Шыңжаңнан таситынбыз. Енді сол зат өзімізде өндіріле бастаса, тұтынушыға одан артық не керегі бар?! Дәл сол секілді түрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар салынбақ екен.

Былай қарасаң, барлық тарап ұтып тұр. Кәсіпкерге бәсекелес аз, тауары заматта өтеді. Тұтынушыға шекара асып керегі жоқ. Әрі алар заты бұрынғыдан да арзан. Ал мемлекетке әлгі зауыт-фабрикадан миллиондап салық түседі, жұмыс орындары ашылады, жол салынады. Бірақ, әлі күнге жауабы жоқ сұрақтар бар.

Нақты қандай зауыттар келеді? Олар қандай зат, тауар өндірмек? Сосын, жұмысшы кімдер болмақ? Өндіріс ошақтары экологияға зиян келтірмей, зауалсыз жұмыс істейтін болады ма? Шығарған тауардың сапасы қандай болады?! Үкімет, осы сұрақтарға тәптіштеп тұрып жауап жазып, 51 зауыттың тізімін келтірсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ал жұмыс орындарына қатысты басшылық қызмет қытайлықтарға бұйыратын сияқты. Бұл көршінің қашанғы әдеті әрі бұған іштей дайын болуымыз керек. Қарапайым жұмысшы ретінде біз бен сізді яғни қазақтарды жалдауы керек. Өйтпеген жағдайда бұл зауыттардың пайдасынан зияны көп. Сосын бұл зауыттар «жұмыс күші» ретінде кімді қызметке тартары қоғамның жіті назарында болғаны жөн. Себебі, көрші Қырғыз елінде студенттік немесе туристік виза ашып алып, зауыт, фабрикаларда жұмыс істеп жүргендер бар. Бұған қоса, қолында жоғары білікті қызметкер деген құжаттары бар, бірақ қарапайым жүкші немесе аспаз болып жұмыс істейтін қытайлықтар көп ұсталып жатыр. Қысқасы, жұмысшы мәселесін де қатаң заң керек.

Ал, экология мәселесі бұдан да ауыр. Қытайдың өзінде  өзінің, ұрпағының денсаулығын ойлаған жұрт көшеге шығып, ауаны ластаушы өндіріс орындарына қарсылық акцияларын өткізу жиі болып тұрады. Олай болса, бізге ескі технологиямен жұмыс істейтін зауыттардың келмеуін қадағалау керек. Қысқасы, Үкіметке ерте ме, кеш пе жер мәселесіндегідей арнайы комиссия құруына тура келеді. Сол мекеме жұмыс орны, өндірістің зиян-зауалсыз жұмыс істеуін қадағалауы керек.

0 пікір
Мұрағат