Оралда жалғызбасты әке бес қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр (фото, видео)
Оралда жалғызбасты әке бес қызын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр (фото, видео)
9 ай бұрын 1852

Оралда 47 жастағы Сержан Мұқанов 5 баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Олардың ең кішісі енді ғана 3 жасқа толады екен, деп хабарлайды Уральская Неделя басылымына сілтеп Stan.kz.

Жалғызбасты әкелері тәрбиелеп отырған қыздардың ересегі Ару – 15, екіншісі Аяулым – 13, Сұлтан – 10, Әселім – 7 және кенжесі Айгерім 2 жаста.

«2015 жылға дейін біз Сырым ауданының Бұлдұрты ауылында тұрдық. Әйелім оралға көшіп келуге көндірді. Ол қалада жұмыс орны көп және балалардың болашағы жақсы болатынын айтты. Үйден басқасының бәрін саттым. Үйімді әлі ешкім сатып алмады. Өзім жаңа үй салдым. Соңғы атымды да сатып, жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Бізбен бірге әкем көшіп келген. Ол – соғыс ардагері. Бірақ бір жылдан кейін әйелім өзі ажырасуға арыз беріп, бізді тастап кетті. Ол кезде кенже қызым бір жарым жаста еді», – деп еске алды Сержан Мұқанов.

Ол кезде басынан өткен ауыр күндері мен қиындықтары туралы отағасы сыр білдірмеуге тырысты. Десе де өте қиын болғанын, өзін кінәлап, отбасын жалғыз өзі қалай жеткізетінін ойлап уайымдағанын айтып қалды.

Сержан Мұқанов отбасы көмекке мұқтаж екенін айтқысы келмейді. Ол ешкімнің қолдауын да күтпейді. Өзі үйдің жөндеу жұмыстарын аяқтап, үйін жөндеп, балалару ауыр шелектерді көтермес үшін, жаңа жыл қарсаңында үйге келетін суды реттеп қойған.  Десе де бұл отбасы көпшіліктің көмегіне мұқтаж. Себебі Сержанның жалақысы 35 мың теңгеден аспайды. Ал балаларға берілетін жәрдемақы 20 мың теңгені құрайды. Бұл ақшаның 5 баланы асырап, тек қажетті дүниелерді алуға жетпейтіні айтпаса да түсінікті.

«Менің әпкем мен ағам бар. Олар көмектесіп тұрады. Мен туралы бұған дейін де журналистер жазған болатын. Мұнан кейін адамдар көмектесе бастады. Біреулері тамақ, кейбірі киім әкеліп жатты. Бір адам теледидар сыйлады. Ал Құрбан айтта екі қой әкеліп берді. Жыл соңында прокуратура қызметкерлері ванна мен унитаз алып келді», – дейді көпбалалы әке.

Сержан Мұқановтың сөзінше, қазір оның отбасына су жылытқыш құрылғы керек екен. «Қала әкімі су жылытқыш құрылғы сыйлауға уәде берген», – дейді ер адам.

0 пікір
Мұрағат