Магнитті ойыншықтар сәбилердің өміріне қауіпті
Магнитті ойыншықтар сәбилердің өміріне қауіпті
8 жыл бұрын 6363 24.kz abkingpro.zakupka.com К.Аяпбергенқызы, Б.Рызаев

Ойыншыққа абай болыңыз! Соңғы кезде ойнап отырған баланы операция үстелінен бір-ақ шығаратын магнитті ойыншықтар пайда болды. Қауіптісі сол, ойын баласы ұсақ бөлшектерді жұтып қойса, оның өздігінен шыға қоюы екіталай. Магнит атылған оқтай ас қорыту органдарын зақымдап өтеді. Бүлдіршін бір емес, бірнеше магнит жұтса, олар табиғи жолмен жылжудың орнына тартылып, ішектер мен асқазанды бір-біріне қабыстырып тастайды. Бірер күнде ем жасалмаса, қауіпті темір жабысқан жерін тесіп өтеді. Жұматай Мәкенов, №2 балалар ауруханасы жалпы хирургия бөлімшесінің аға хирургі: - Ата-анасы білмегеннен кейін бала жүре береді. Бала ауырғанда ғана шағымданады. Сол кезде ауруханаға әкеледі. Бірақ ол кезде уақыт өтіп кетеді. Ішек тесіліп, асқазан-ішек жолдары іріңді перитонитке айналып кетуі мүмкін. Сондықтан мұндай нәрсені баланың ойыншығына қосуға болмайды, қолына да беруге болмайды. Бір жасар Аруна №2 балалар ауруханасына кеше түнде жеткізілді. Ойнап отырып 2 магнитті жұтып қойған. Абырой болғанда, анасы бірден көмекке жүгінген. Ата-ананың дегбірін қашырып, дәрігерлерді оңайлықпен таптырмай, сарсаңға салған қауіпті ойыншық неокуб деп аталады. Шетелде 10 жастан асқан есті балалардың зердесін оятып, ойлау қабілетін дамытуға арналған. Ал Қазақстанда неокубты 3 жастан асқан бөбектерге сатуға жол берілген. Ата-аналар мен дәрігерлер шағым көбейген соң, зиянды ойыншық сатылмайтын болған. Кеңсе тауарларын сататын дүкендердің ешқайсынан табылмады. Тек тапсырып беріп, интернет арқылы алуға болады. Өкініштісі, улы зат бөлетін магнит, батарея сынды темір-терсектен Қазақстанда ондаған бала пышаққа түсіп, жас ағзасына жазылмас жара қалдырды.

0 пікір
Мұрағат