Жер қанша адамды асырай алады
Жер қанша адамды асырай алады
5 жыл бұрын 2942 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

2015 жылы адамзат 7 млрд адамнан асты. Демографтардың есебі бойынша XXI ғасырдың орта шенінде жер тұрғындарының қарасы 9 млрд адамға жетеді. 2015 жылы адамзаттың қақ жартысы қалалық жерге шоғырланды. 2010 жылы әлемнің 65 елі азық-түлік импортына тәуелді болған екен. Жылдан жылға ауызсу тапшылығы артып келеді. Әсіресе, Таяу Шығыс, Африка құрлығының солтүстігі, Азияның оңтүстік өңірі, Қытай солтүстік өлкесі су тапшылығының зардабын тарта бастады. Қазіргі уақытта әлем бойынша 400 млн-нан аса адам ауызсуға зәру. Егер жердің құнарлығын арттыратын болса, соның ішінде, Қазақстан, Бразилия, Аргентина, Ресей Федерациясы, АҚШ, Канада секілді аграрлық әлеуеті зор елдерде жер құнарлығы артса, егістік алқабын ұлғайтпай-ақ 10 млрд-тан аса адамды азық-түлікпен артығымен қамтамасыз етуге болады. Егер қосымша, дәлірегі, құрлықтың қақ жарымына тең тың жер игерілетін болса, 50 млрд-тан аса адам азық-түлік тапшылығына ұшырамайтын болады. Бұға қоса, азық-түлік қоры теңіз және өсімдік өнімдерімен толығатын болса, 100 млрд-тан аса адам аштан қалмайды. Сарапшылар айтып жүргендей, ресурс үшін болатын соғыстың алдын алуға болады. Ғалымдар тұжырғандай, жер бетіндегі өсімдіктердің барлығы күн энергиясының тек 0,3 пайызын ғана сіңіреді. Ауыл шаруашылық өсімдіктері жабайы өсімдіктерге қарағанда күн энергиясын 1,5-5 пайызға артық сіңіреді. Егер адамдар бұрын да айтқанымыздай, фотосинтез тетігін қолданып үйренсе, азық-түлік тапшылығын талай ғасырға шегеруге болады. Мәселен, өсімдік күн энергиясын 10 пайызға дейін сіңіре алса, 1 гектар жерден алынған өніммен 100 адамды асырауға болады, ал 1 шаршы шақырым жерден алынған өнім 10 мың адамға молынан жетеді. Жердің әлеуетті егістік алқабы 100 млн шаршы шақырымға тең. Бұл өз кезегінде 1 трлн адамды асырауға жетпек. Бұл әшейін сан емес, нақты өмірде қол жеткізуге болатын нәтиже. Бар проблема ысырапшылдық пен рационализмнен алыс жатқан адамның өзінде. Адамзат бүгінгі таңда өсімдіктен алынған өнімнің тек тоғыз пайызын ғана тұтынады. Бір ғана бір жасушалы балдырды алайықшы – жылына гектарына 200 тонна құрғақ биомасса алуға болады. Адамзат термоядролық синтезді игерген кезде азық-түлік тапшылығы деген ұғым ұмытылады. Бәрі технологияға келіп тіреледі.

0 пікір
Мұрағат