Жасанды жарық тіршілікке қауіпті болып шықты
Жасанды жарық тіршілікке қауіпті болып шықты
6 жыл бұрын 4882 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Бүгінгі таңда адамзат игілігін көріп отырған жасанды жарықсыз енді өмір сүру мүмкін емес. Өндіріс, емхана, комьютер, т.б. электр энергиясынсыз, яғни, "жасанды жарықсыз" жұмыс істемейді. Ал ғалымдар не дейді? Жасанды жарық тек адамның өмірі мен денсаулығына ғана емес, сонымен қатар, күллі тіршілік иесіне қауіпті болып шықты. Бұл жайында Current Biology ақпарат көзі хабар таратты. "Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, күн мен түннің алма-кезек ауысуы, яғни, табғи қараңғы мен жарық кезеңі денсаулығымыз үшін аса маңызды. Егер табиғаттың бұл ырғағы болмаса, ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін аса қажетті бірқатар процестер өрескел бұзылады",- деді Нидерландыдағы Лейден университетінің ғалымы Джоанна Мейер. Ғалымдар осы бағытта тышқандарға тәжірибе жүргізіп көрген екен. Олардың бір тобын бірнеше ай бойы жасанды жарық астында қамап ұстаған. Нәтижесінде жасанды жарықты ажыратқан соң тышқандардың барлығының денсаулығы күрт нашарлап, 70 пайызға дейін белсенділігін жоғалтқан. Ең алдымен ми қызметі сыр берген. Одан кейін бұлшық еттерінде ақау пайда болған. Тіпті, сүйектері бүлініп, түрлі дерт қылаң берген. Сөз орайы келгенде айта кету керек, бүгінгі таңда адамзаттың үштен бір бөлігі жер шарының 80 пайызын қымтап жатқан жасанды жарықтан түнгі аспанның шұғыласын көруден қалған. Бұл жарықпен ластаудан болып отырған құбылыс. Жасанды жарық атмосфераның төменгі қабатына шашырап, түнгі аспанның шұғыласын көрсетпейді. Лос-Анджелес мегаполисіндегі Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымы Трэвис Лонгкор жарықпен ластанған аспанның жұлдыздарды көруге кедергі келтіріп қоймай, қоршаған ортаға да залалын тигізіп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, жемін түнде аулайтын жарқанаттардың ұшуына, жемін аулауына бөгет жасап, олардың құрып кетуіне алып келуі мүмкін. Немесе түнгі тозаңдануды жүргізетін жәндіктерге кедергі келтіріп, қоршаған ортаның жұтаңдануына апарып соқтырады.Бұдан бөлек, адам ұйқысының бұзылуы, обырдың етек алуы, тағы басқа сырқат түрлеріне осы жасанды жарық себеп болып отыр. 

0 пікір
Мұрағат