Теңіздің шортанды иті (видео)
Теңіздің шортанды иті (видео)
3 ай бұрын 453 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Мұхиттың бірнеше ондаған метр тереңдігінде ерекше жыртқыш балық тіршілік етеді. Теңіздің шортанды иті (Neoclinus blanchardi) ит тәрізділер тобына жататын хенопсилік әулетінен тарайды. Дене тұрқы, яғни, ұзындығы ары кетсе 30 сантиметрден аспайтын жыртқыш балық су түбінде тіршілік етеді. Яғни, 70 метр тереңдікке дейін бойлап тіршілік етеді. Сұр-қоңыр түсіне қарай бір қарағанда кәдімгі өзендегі балықтардан еш айырмашылығы жоқтай көрінеді, өзі де көзге көп түсе бермейді, елеусіз тіршілік етеді. Кез келген қуысқа немесе інге жасырынып жатып жемтігін аулайды: шаян тәрізді ұсақ теңіз тіршілік иелерімен қатар ұлуды да, балдыр да, т.б. қорек ете береді. Алайда, оның елеусіз өмір сүру салты мен жұпыны сыртқы түріне қарап, оны жуас екен деп ойлап қалуыңыз кәдік. Қандай да бір теңіз жануары жанына жақындаса, апандай аузын ашып, пышақтай өткір тістерімен өз аумағын жанын сала қорғайды. Негізінен Тынық мұхитында, дәлірегі, Мексика мен Калифорния жағалауларында кездеседі. Ұрғашысы ұлу қабығына немесе тастың түбіне жұмыртқалайды. Ал еркегі жұмыртқа жарып шыққанша күзетеді.

 

0 пікір
Мұрағат