Қазақстанда қанша қар барысы қалды
Қазақстанда қанша қар барысы қалды
6 жыл бұрын 17118 bag.kz Назерке Абибулла

Елімізде шамамен 50 мың гектар жерді 130-дай қар барысы мекендейді. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев мәлімдеді.

«Қар барысы – Қазақстанның ерекше қорғалатын жануары. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде шамамен 120-130 қар барысы қалды. Қар барысы мекендейтін жерлердің жалпы көлемі 50 мың гектады құрап отыр. Оның барлығы ерекше қорғалатын аумаққа кіреді. Қазіргі таңда БҒМ ҒК Зоология институты Қазақстанның биоресурстарды қорғау қауымдастығымен қар барысының нақты санын, оның азайып немесе көбейіп жатқанын зерттеп жатыр», - деді Бақытбек Дүйсекеев.

Оның айтуынша, қар барысы мекендейтін 13 мемлекет бірлесіп жануарларды қорғау бағдарламасын әзірледі. Қазақстан да бұл бағдарламаға қосылған.

«Соңғы жылдары қар барысы бар 13 мемлекет бірлесіп бір бағдарлама жасады. Қазақстан да сол бағдарламаға қосылды. Соңғы деректерге сүйенсек, жер шарында 7,5 мыңнан аса қар барысы тіркеліп отыр. Халықаралық қызыл кітаптың мәліметінше, қар барысы жер шарында «жойылып кету қаупі бар» санатынан алынып, «қорғауды қажет ететін» жануарлар қатарына кіргізілген. Бірлескен жұмыстың арқасында қар барысының көбейіп келе жатқанын байқап отырмыз», - деді Дүйсекеев.

Ол сонымен бірге Қазақстанда қар барысын заңсыз аулау фактілері соңғы жылдары тіркелмегенін атап өтті.

Ақшасын төлесеңіз, Қызыл кітапқа енген дуадақты аулауға болады

Ұлттық аңшылық мақсатында Қызыл кітапқа енген дуадақты аулауға рұқсат етілген. Аңшылық кезінде бір дуадақтың құны – 590 мың теңге. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев мәлімдеді. 

«Дуадақ Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Қазақстан заңы бойынша Қызыл кітапқа енген жануарларды кейбір жағдайларда пайдалануға болады. Оның ішінде ұлттық аңшылық мақсатында рұқсат етілген. Қазақстан жыл сайын биологиялық негіздеме бойынша саны 200-ге дейін дуадақты аулауға Үкіметтің қаулысымен рұқсат береді. Дуадақтың әрқайсысы бюджетке ақша әкеледі. Нақты айтып кетсек, қаулы бойынша әрбір дуадақты аулау үшін 260 АЕК төлеу қажет. Бұл дегеніміз бір дуадақтың құнынан бюджетке 590 мың теңге түседі», - деді Бақытбек Дүйсекеев.

Оның айтуынша ерекше қорғалатын жануарларды табиғаттан алғанда оны табиғатқа қайтадан келтіру керектігі заңда айтылған. Осы мақсатта атқарылып отырған жұмыстарға тоқтала кетті.

«Оңтүстік Қазақстанның Бәйдібек ауданында үлкен орталық іске қосылды. Жылына бес мың дуадақты Қазақстан табиғатына жіберуге мүмкіндігі бар. 2017 жылы 1200 дуадақты жіберді. Жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр. Орталықттың алдыңғы мақсаты - Қазақстан табиғатына жіберілетін дуадақ санын 15 мыңға дейін өсіру. Келісімшарт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», - деді ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы Бақытбек Дүйсекеев.

0 пікір
Мұрағат