Киттердің жемтігін аулаудағы айласы (видео)
Киттердің жемтігін аулаудағы айласы (видео)
2 жыл бұрын 1683 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Соңғы уақытта ғалымдар ақылды жануарлардың тыныс-тіршілігін қадағалап, кеңінен зерттей бастады. Әлемдегі ең ірі жануарлардың бірінен саналатын бүкір кит тәулігіне 2,5 тоннаға дейін балықты қорек етеді. Мұншалықты жемтікті аулау үшін қаншама қажыр-қайратты қажет етеді десеңші. Ол үшін күні-түні тынбай жортуына тура келер еді. Алайда, олар жемтігін аулаудың небір қитұрқы тәсілдерін меңгеріп алған болап шықты. Мәселен, олар жотасынан ауа шығарып, субұрқақ жасаған кезде үйірімен жүзіп жүретін ұсақ балықтар үріккен, ұйлығысқан сәтте бағдарынан жаңылысып, мидай араласып кетеді. Осы сәтті ұтымды пайдаланатын киттер ұсақ балықтарды үйірімен қылғытады. Таяуда канадалық биологтар Ванкувер маңындағы жағалаудан аталған алып теңіз жануарының жемтігін аулаудағы тағы бір айласын таспаға тартып алыпты: әдетте киттер балықпен қоректенетін жергілікті құстарға бағдар алады алдымен, сонсоң аузын арандай ашады. Құстардан қашқан балықтар киттің арандай ашылған аузын тығылатын, бой тасалайтын жер деп ойлап қалады да өздері барып, жемтікке айналады. 

0 пікір
Мұрағат