«Жыртқыш» ара (фото+видео)
«Жыртқыш» ара (фото+видео)
4 жыл бұрын 3674 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Ғылыми атауы Vespa mandarinia арасы табиғаттағы аралардың ең ірісі. Бұл ештеңе емес-ау, бұған қоса ол агрессивті келеді әрі уы жылан уынан кем түспейді. Денесінің ұзындығы 8 сантиметрге, ал қанатын жазғанда 7 сантиметрге дейін жететін, жәндіктер әлемінің жолбарысы атанған бұл араның шағуынан жылына Жапонияда 40 адамға дейін қаза табады. Ал тірі қалғандары оның шаққанын отқа қыздырылған істікпен шаншығандай ауырсынуды сезінгенін тілге тиек етіп жатады. Шаққаннан кейін уы денеге жайылып, адамның дене қызуы күрт көтеріліп, ісінеді, тіндері жансызданады. Ең қорқыныштысы, ол бір шаққанымен тоқтамайды, үсті-үстіне қайта шағатындықтан адамның тірі қалуы неғайбыл. Осынау қанатты жәндік өзінен әлдеқайда мықты жауына кездескенде ғана инесін сұғады. Ал шамасы келетіндерге уын төгіп жатпайды, мықты шықшыты мен жағы арқылы сазайын береді. Кәдімгі бал арасын, сона, жәндіктер мен дене тұрқы шағын тышқандарды қорек етеді. Ол бала арасының омартасына қыридай тиіп, аралардың қолын - қол, бұтын - бұт етіп бұтарлап, парша-паршасын шығарады. Дәлірегі, басын жұлып тастайды да денесін қорек етеді. Бір таңқаларлығы, таяуда АҚШ-та қарақшы ара адамдарды шаққан. The New York Times ақпарат көзінің келтірген дерегіне қарағанда, тек күншығыс елінде, Қытайда және Үндістанда ғана тіршілік ететін осынау жәндіктің 2019 жылдың күзінде Америка құрлығына қалай тап болғаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Америкалық энтомологтар жергілікті тұрғындарға оны үркітуге немесе өлтіруге, я болмаса суретке түсіруге болмайтынын, яғни, олардың ашуына тиетін әрекетке бармауды ескертіп отыр. Мысалы, мына видеодағы көрініс АҚШ аумағында таспаға тартылып алынған. Азиялық қауіпті ара Еуропаға да еткен. Өткен жылы Ұлыбританияда кездесті.

0 пікір
Мұрағат