Жануарлар әлемі: Ерекше құрылғы есектің тілін аудара алады (видео)
Жануарлар әлемі: Ерекше құрылғы есектің тілін аудара алады (видео)
8 жыл бұрын 4300 24.kz, zooclub.ru Е.Қашқынов, Ж.Джазина.

Естімеген елде көп. Лондонда есектің тілін түсінетін аудармашы жұмыс істейді. Ол еңбегі адал, еті арам жануармен жақынырақ танысуға көмектеседі. Әшейінде мағынасыз ақырып, миды ашытатын мына ащы айқайды енді адамша түсінуге болады. Бұл мамандар ойлап тапқан арнайы аудармашы-құралдың арқасында мүмкін болып отыр. Құрылғы жануардың мойнына бекітіледі. Ол есектің мінез-құлқынан хабар беретін белгілерді танып, әп-сәтте ағылшын тіліне аудара қояды. Есектер паркін ашқан Марк Инесонның төрт аяқты жануарды зерттеп келе жатқанына 20 жылдан асқан. Марк Инесон, есектер паркінің иесі: - Менің 17 есегім бар. Әрқайсысымен күн сайын жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан, бұл жануардың әр қимыл-әрекетін, эмоцияларын, жалпы олардың не туралы ойлайтынын оңай аңғаратын деңгейге жеттік. Тек басын шұлғып, құлағын қақса болғаны. Мұндай құрылғылар басқа жануарлардың тілдерін аудару үшін әлі қолданыла қойған жоқ. Бірақ, бір анығы, есектерді енді түсінуге болады. Құрылғы "Мықтап ұста" деген сөзді аударып тұр. Хлоя Кочман, құрылғыны ойлап тапқан компания қызметкері - Біз шынында есектердің "и-а" деген тілін олардың сол мезеттегі мінез-құлқы арқылы түсінуге тырысамыз. Арнайы белгілер тілдік сөйлемдерге өзгереді. Марк Инесон, есектер паркінің иесі: - Бұл құралдың дауыс құрылғысы бар. Ол дыбыстарды түйсініп, адам тіліне аударады. Ер тұрманы мен әшекейлері әдемі безендірілген есектер, әсіресе, балалар үшін қызық. Ал ақырғаны мен бақырғаны балақандар түсінетін тілде аударылып берілсе, одан сайын тамсандыратыны айдан анық. Ересектер құрылғы есектің тілін қаншалықты дұрыс беріп тұр деп ойланып, бас қатырғанша, кішкентай бүлдіршіндер жануармен бүкпесіз әңгіме шертісуде.

 

0 пікір
Мұрағат